Тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекетіміздің тұтастығы мен қауіпсіздігінің ең басты кепілі – Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл. Осы отыз жылдық белесте қай қатерге де сақадай сай сарбаздарымыз құрлықта және теңіз бетінде он бес жарым мың шақырымға жуық шекарамызды кірпік қақпай күзетіп, қорғап келеді.
Негізінде айбынды армиямызды құрудың алғашқы қадамы 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР-інің мемлекеттік қорғаныс комитетін құрумен жасалды. 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғанын заңды түрде бекіді. Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі болып Кеңестер Одағының Батыры генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалды. 1998 жылы 1 маусымда еліміздің әуе шебі қорғанысын қамтамасыз етіп, мемлекеттік, әскери және әкімшілік нысандарды әуе шабуылынан қорғау және Қарулы Күштердің басқа құрылымдарына авиациялық көмек көрсету міндетін орындайтын Әуе қорғанысы күштері өмірге келді. Кейіннен Құрлықтық күштердің «Астана», «Шығыс», «Батыс», «Оңтүстік» аталған төрт өңірлік қолбасшылықтары, Каспий теңізі шекара аймақтарын қорғайтын Әскери-теңіз күштері құрылды.
Қазақстанда кеңестік дәуірде үлкен әскери күш шоғырланғандықтан КСРО тараған шақта елімізде 200 мыңнан астам жеке құрамы бар қуатты арсеналға ие, сол тұстағы жоғары техникамен қаруланған армия болды. Бұлардан басқа Ембі, Сарышаған, Семей, Байқоңыр әскери полигондары, ғарыш айлағы, бірнеше әскери қару-жарақ қоймасы орын тепті. Қазақстанда мұншама әскери күштің шоғырлануына өткен ғасырдың екінші жартысында КСРО мен Қытай арасында болған қақтығыс себеп болып, шекараны нығайтуға қатты мән берілген еді. Сондықтан Қазақстанда 68, 80, 155, 203-ші мотоатқыштар дивизиясы, 78 танк дивизиясы, 22 арнаулы бригада, 57 арнаулы десанттық бригада тұрды.
Сонымен бірге, әрбірінде 48 оқ тұмсығы қойылған үш дивизиядан тұратын КСРО-ның стратегиялық зымыран арнаулы кешендері, 240 қанатты зымырандармен жарақтанған, 40 «Ту-95» ұшағынан тұратын бомбалаушы 79-авиация армиясы, Семейдегі 1350 танкке ие 5202-ші танк дивизиясы еліміздің территориясында орналасты. Мұның сыртында 5203, 5204-ші әскери қоймаларда мыңдаған түрлі қару-жарақтар, артиллериялық қарулар бар еді. Қазақстанның оңтүстік облыстарында төрт мотоатқыштар дивизиясы, Талдықорған мен Аягөздегі әскери ұшақ базалары сақадай сай тұрды. Міне осының бәрі Кеңес Одағы тарағанда елімізде қалған болатын. Сондай-ақ, 1989 жылы Ауғанстанда он жылдай интернационалдық борышын өтеген 40-армия Қазақстанға әкелініп, 32-армия болып қайта құрылып, оның командованиесі Алматыда қызмет атқарды. Сөйтіп Ауғанстаннан шыққан армия Қазақстанның Қарулы Күштерінің құрамына алынып, кейін таратылды. Оның үстіне Кеңес Одағының ядролық оқ тұмсықты арсеналдары қазақ жерінде қалды. Әрине, ел басшылығы бұл қауіпті қарудан бас тартты, дегенмен сол кезде қолданыста болған әскери қарулар өз армиямызды жабдықтауға пайдаланылды. Қазірде уақыты өткен қарулардың орнын жаңа қарулармен алмастырылып, үлкен әскери әлеуетке ие армия ретінде қалыптасып келеді.
Егемен елімізде 6 жарым миллиондай адам әскерге жарамды деп танылған, ал жыл сайын 250 мыңнан аса жас әскерге шақыру жасына толады. Қазіргі Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштеріне бөлінген Қазақстан армиясы қатарында 110 мыңға жуық адам әскери қызметін өтеп жатыр.
Қазақстан Республикасы қорғаныс саласына 2006 жылы 80,5 миллиард теңге бөлсе, 2016 жылы ол 434,1 миллиард теңгеге жеткен. Ашық мәліметтерге көз салсақ, Қазақстан армиясында жеті жүздей танк, мың жарымнан аса жаяу әскерге арналған ұрыс көліктері, жеті жүздей барлау көліктері, мыңға жуық сүйрелмелі және өзі жүретін артиллерия, төрт жүздей дүркіндетіп ататын реактивтік жүйе, жағалауды қорғайтын жиырмадай кеме, үш жүзге жақын ұшақ (оның үштен бірі тосқауылшы жойғыш ұшақ), екі жүздей шабуылдаушы жойғыш, бомбалағыш ұшақ, жетпістей жүк ұшақ, тікұшақ, жиырмадан аса оқу-жаттығу ұшағы, шабуылдаушы тікұшақтар бар. Бұлардан басқа Испаниядан алынған әскери жүк ұшақтары, Ресейден әкелінген «Су-30СМ», «Ми-17», «Ми-171» ұшақтарын да айтып өтсек болады. Сондай-ақ, ресейлік бірнеше «С-300» зенитті-зымыран кешені әуе кеңістігін қорғайды.
«Global Firepower» халықаралық компаниясының зерттеуіне сәйкес, 138 елдің ішінде Қазақстан әскери әлеуеті жөнінен 62-орында тұр. Басылым қорғаныс шығындарының деңгейі, технологиялар мен жабдықтардың арсеналы, армия саны, танктер, кемелер, ұшақтар және басқа әскери техниканың саны, мұнай өнімдеріне қолжетімділік және ұрысқа әсер ететін басқа мәліметтерге қатысты 50 фактор негізінде бағалаған көрінеді. Бүгінде елімізде қорғаныс өнеркәсібі де дамып келеді. «Қазақстан Аселсан Инжиниринг», «Семей Инжиниринг» АҚ, С.Киров атындағы зауыт, «Гранит-Талес Электроникс ЛТД» БК, «Орал» кеме зауыты, «Kazakhstan Paramount Engineering» бірлескен кәсіпорындары осының айғағы. Оларда жасалып шыққан отандық «Арлан» бронемашинасы, танктер мен әскери кемелер еліміздің Қарулы Күштерін жабдықтаумен шектелмей, өзге елдерге де сатылып жатыр. Бұл Қазақстанның болашақта қару жасау саласында күшейіп, әскери жағынан мықты елге айналуына мүмкіндік береді.
Айбынды армияны жасақтау әскер қатарын сарбаздармен толтырып, оларды толық қаруландырумен ғана шешілмейді. Әскерді құрылымдау, жаттықтыру, дайындау, әскери арнаулы маман иесі етудің бәрі арнайы мамандар атқаратын күрделі іс. Бұл саладағы әскери мамандарды даярлайтын орта және жоғары арнаулы әскери білім беретін оқу орындарының міндетіне еліміздің Қарулы Күштеріне қажетті командирлер, тәрбиешілер мен әлеуметтік-құқық саласының кызметшілері, инженер-техниктер, т.б. арнаулы мамандар даярлау, олардың біліктілігін арттыру, әскери білімін көтеру, дайындықтарын жетілдіру жатады. Әскери оқу орындарында әскери басшылық саласына маманданып, жалпы тактика мен арнаулы әскер түрлерінің тактикасын оқып үйренеді, қару мен әскери техниканы меңгеріп шығады. Бұдан басқа қоғамдық ғылымдарды оқып игеріп, әскери педагогика мен әскери психологияны, армиядағы саяси-ұйымдастырушылық жұмыстарын меңгереді.
Қазақстан армиясына БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысуына сенім білдірілді. Шын мәнінде, мұндай халықаралық мәні бар шараларға кез келген елдің әскері жіберіле бермейді. Бұл жөнінен қазақ армиясы әзірге Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. Кезінде ауған-тәжік шекарасында өз миссиясын ерлікпен атқарған қазақ сарбаздарының батырлығын күллі әлем таныды. 2003 жылдан бастап бес жылдай уақыт Иракта соғыс болған жерлерді минадан тазарту, жергілікті халықты саперлікке үйрету т.б. жұмыстарды шеберлікпен атқарып, 4 миллионнан аса жарылғыш заттың көзін жойған, өзге де елдерде болып, біліктіліктің жоғары дәрежесін көрсеткен қазақ әскерилерінің табысы мақтаныш етуге тұрарлық.
Отыз жылдың белесі бедерінде әскерлерилеріміз тәуелсіз Қазақстанның құрлықта және теңіз арқылы межеленген он бес жарым мың шақырымға шамалас шекарасын мызғымай күзету үстінде. Әуе арқылы да арам ойлылар мемлекетімізге басып кіру әрекетінен аяқ тартып тұрады. Осылай тәуелсіз еліміздің айбынды армиясы Отанның тыныштығын қорғап, халқымызды барлық қауіп-қатерден сақтап, әлемдік үдеріспен бірге дамып келеді. Сол табысқа жету жолында еліміздің сарбаздарымыздың кәсібилігі, төккен тері мен жұмсаған қажыр-қайраты өлшеусіз.
Айбек НӘЖІМОВ