Қазаққа Кузьма жақын ба, әлде Шайхы ма?

(0 Votes)

Жақында асыға оқитын газетімізге Кудряшов ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Рамазанұлының «Ауылыңның абыройын ойласаң» атты мақаласы («Серпер» газеті, 28 қазан 2021 жыл) жарық көрді. Ондағы ойлы ұсыныс, тұшымды пікір – еріксіз қолға қалам алғызды.

Иә, ауданымызда үлкен бір елді-мекен және орта мектеп Кузьма Иванович Кудряшов есімімен аталады. Осынша төбемізге көтеріп, әспеттейтіндей К.И.Кудряшов деген кім? Аға ұрпақ, менің замандастарым мүмкін ол кісі жайлы аз-мұз мағлұмат білуі мүмкін. Ал кейінгі ұрпақ ше? Ешнәрсе. Өйткені, К.И.Кудряшов - қазақ елі, қазақ халқы үшін есте сақталарлық әрекет қылған жоқ.Тек 70 жыл ғана ғұмыр кешкен, кешегі қызыл империяның Қызыл армиясының қызыл жауынгері, отряд командирі. Біздің өңірде Кеңес үкіметін орнатуға өмірін сарп еткен жан. Ал кеңес үкіметі, қазақ даласында қалай жүзеге асты-оны өткен тарихтан хабары бар көзі ашық, санасы ояу кез-келген оқырман біледі. Сол жолда жазықсыз қаншама жан опат болды, халқымыз сан қилы зұлмат шекті. Қанша қайғы-қасіретті бастан кешірдік. Санап, тауысып шығу мүмкін емес. Оны өткеруімізге басты кінәлі- Кеңес үкіметі десек, сол үкіметті орнату жолындағы күрескерлер де бұл күнәден шет қалмасы анық. Олай болса, К.И.Кудряшов та бұл қатарда.Ал біз, Тәуелсіз елімізге 30 жыл толғанымен де сол Кудряшовты ардақтап, құрметтеуден құтыла алмай келеміз.

Сағындық өз мақаласында сол елді-мекендегі округ пен мектеп атауын өзгертіп, Шайхы Әбішов есімімен атау туралы ұсыныс жолдапты. Құптарлық мәселе. Ауыл тұрғындары, аудан басшылары осы пікірді қолдайды деген үміттемін.

Ш.Әбішов- сол ауылдың төл тумасы, есімі республикаға танымал, мемлекет және қоғам қайраткері. Ол туралы жергілікті журналист-жазушылар Т.Құрманғалиев, Р.Иманғалиев, Ө.Әлімгереев, Т.Дәрелұлы сан мәрте жазып, кітаптарына да енгізді.

Шайхы Әбішұлы-1895-1968 жылдар аралығында өмір сүрген. Еңбек жолын қарапайым балықшыдан бастаған ол, кейінгі жылдары 1939-1991 жылдары республикалы қбалық шаруашылығы министрі лауазымын абыроймен атқарған. Одан әрі Бақсай МАС-інде , Арал балық тресінде басқа да балық өндірісінің сан-саласында адал қызмет етті.

Кезінде Қазақ КССР жоғары кеңесінде депутат болып сайланып, республиканың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Ұзақ жылғы еңбегі жоғары бағаланып, Ленин ордені, түрлі медальдармен, Қазақ КССР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Түрлі бағалы сыйлықтарға да ие болды. Ш.Әбішұлы 1968 жылы дүние салды, өзінің туған жерінде жерленді.

Көзінің тірісінде –ақ оның есімі ел құрметіне бөленді. Жерлестері оның ерлік,еңбек жолын өздеріне үлгі етіп жүр. Шайхының көзін көрген жандар бүгінде даңқты жерлестерінің атын аңызға айналдырды.

Жалпы жинақтап түгендер болсақ, Шайхыдай еден алғыс арқалап, есімі аңызға айналған жерлесіміздің есімімен өзі мекен еткен ауыл, орта мектеп аталып жатса қандай ғанибет?!

Бүгінгі күні аты да,заты да жоқ бір кездегі қызыл армияның қызыл жауынгерін төбемізге көтергенше, өз асылымызды ардақтайық,ағайын.

Ардагер-ұстаз Сағындықтың ұсынысын жерлестері де, аудан жұртшылығы да қолдайды деп сенемін.

 

Нариманбек Шолтырұлы, «Өренді өлкетанушы» аудандық клубының мүшесі.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT