Қараша қаздар қайтқанда

(0 Votes)

Мені жылда күрең күзде еліктіретін, серпілтетін бір жай бар. Ол - аспандағы қараша қаздың қайту қаңқылы.

Аспанға шалқалап тұрып, көз талдырып қараймын. Қараша тізбектеліп дүркін-дүркін ұшады. Ұшу сәтінде орын ауыстырғаны қандай әдемі. Қаңқыл-сұңқыл үні қандай сүйкімді. Саңқылының соңына салқын тастап барады-ау.

Бір үйірілген тізбегі жер бауырлап ұшып барады. Жалпы биыл қараша төмендеп ұша бастады. "Қараша төмен ұшса, қыс аспанға қыстайды" деген қарттар сөзі ойыма оралды.

Қараша қаз ұшқанда дүркін-дүркін,

Сағыныш боп кетеді менің ырқым...

Балалық күндерін Қошалақта өткізген Жұмекен, Рақымжан ағаларым да аспанға қарап, қараша қаздар тізбегін тамашалап тұрды-ау, сірә.

Жұмекен ағам қарашаның шығысында өмірге келіп-кетті. Ал, Рақымжан ағам қарашаға салым, "үлкен қазанда" туған. Қошалақтан қозы көш жердегі "Айданада" әкесі Қасымғалидың сиыр бағып отырғанын айтқан қариялар болған. Аспанға қараймын. Рақымжанның қарашасын іздеймін. Рухани ағам әңгімелер жинағының бірінің атын "Қараша қаздар қайтқанда" деп атап еді.Көңілі қаздай қалқып, теңіздей толқымаса қарашаны ауызға алмас еді-ау, жарықтық.

О,әнебір шеттеу ұшқаны ақын көкем Марат Ысқақтың қарашасы емес пе екен? Болса болар-ау. Емші әкесі Абдоштың бейітінің үстімен ұшып барады. Ал,ауылдағы академик атанған Жолжанның Мақсотының қарашасы қайда екен?

Жұмекен туған Ашақтың бағытына ұшқандары маған өлең тастап кетті.

 

Қашпасын деп тілеймін жырдың құты,

Шыңыраудан су тартқан қырдың жұрты.

Шөлдегенде аңызақ ақ шағылдар,

Жұмекен боп жауады жырдың бұлты.

 

Шығып алып биіктің қыратына,

Келтіріп қоңыр әуен күзді, міне!

Рақымжанның ілініп үні кетті,

Қарашаның қиқулы тізбегіне....

 

 

Есмұхан Жанизин

Қошалақ ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT