Түркістан облысында таеквондодан (WT) жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Республикалық додаға еліміздің 17 облысы мен 3 қаласынан 700-ге жуық спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша Атырау облысының намысын қорғаған құрманғазылық жерлестеріміз биік тұғырдан көрінді.
73 келі салмақ дәрежесінде Жанайбек Шамұратов жарыстың төртінші күні қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, ел чемпионы атанды. Қыздар арасында 55 келі салмақ дәрежесінде Нұрайлым Бақытжанқызы қарсыластарынан басым түсіп, алтын жүлдегер атанды. Екі спортшымыз да 17-21 сәуір күндері Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады. Айта кетейік, жеңімпаздарымызды спортқа баулып, жаттықтырып жүрген бапкері Руслан Аманғалиевтің еңбегі зор.
А.Шакупова


