Атырау қаласында 30–31 қаңтар күндері «MAGAUIYA JUDO CLUB» ұйымдастыруымен дзюдодан кіші жасөспірімдер арасында республикалық деңгейдегі байрақты жарыс өтті. Аталған жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 550-ден астам жас спортшы қатысып, өзара бақ сынады.
Осы дүбірлі додада Теңіз ауылдық округінің жас спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін үстем етті. Атап айтқанда,
Халидолла Нұрасыл (38 кг) — І орын,
Нариман Альмир (32 кг) — ІІІ орын иеленді.

Жас спортшылардың бұл жетістігі — табанды еңбектің, үздіксіз жаттығу мен спортқа деген шынайы құлшыныстың айқын нәтижесі. Сондай-ақ, осындай талантты шәкірттерді тәрбиелеп, үлкен спортқа баулып жүрген Бөкейхан балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Айталиев Саламат Сәрсенбайұлының еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Жеңімпаз спортшыларымызды шын жүректен құттықтай отырып, алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, ел намысын абыроймен қорғай береді деп сенім білдіреміз.
Өз тілшіміз


