Сапалы медициналық қызмет – әлеуметтік мемлекеттің негізі

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі дамыту мәселелерін жан-жақты ашып көрсетті.

Әсіресе, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Ауданымыздың ақ халаттылары да тұрғындарға сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсету, басты байлық – дендерінің саулығын сақтап, нығайтуға қол ұшын созуды негізгі міндеттері деп біліп, абыройлы еңбек етуде. Осы тұрғыда біз аудандық орталық аурухананың директоры Гүлсара Мүтиевамен салада атқарылып жатқан жұмыстар мен орын алып жатқан проблемаларды талқыға алып, өңірдегі денсаулық сақтаудың жоғары технологиялық жүйесін жаңғырту, ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық көмектің сапасын арттыру бағытында сұхбаттасқан болатынбыз.

- Гүлсара Нұрмұханбетқызы, алдымен оқырмандарымызды аудандағы медициналық құрылымдар барысымен таныстырып өтсеңіз...

- Жалпы, Құрманғазы ауданында жеті медициналық ұйым бар: аудандық орталық ауруханасы, Атырау облыстық ересектерге арналған өкпе ауруларына қарсы шипажай, аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, аудандық обаға қарсы күрес бөлімшесі, аудандық дезинфекциялық станциясы, “Ақпанов” жеке стоматологиялық клиникасы, Қ.Р Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің “Ұлттық сараптама орталығы” шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорынның Атырау облысы бойынша филиалының аудандық бөлімшесі. Ал Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының құрамына 100 төсектік аудандық аурухана, күніне 250 адам қабылдай алатын аудандық емхана, аурухананың әрқайсысы 10 төсектік Балқұдық, Сүйіндік ауылдық бөлімшесі, 14 дәрігерлік амбулатория, олардың құрамыны кіретін 11 медициналық пункт, 3 фельдшерлік акушерлік пункт кіреді.Сонымен қатар, шалғайдағы Азғыр өңіріне 3 дәрігерлік амбулатория, 2 тәуліктік стационар, 5 медициналық пункт халыққа қызмет көрсетеді.

- Өмірге келген соң, ұрпақ әкелу басты парыз. Алайда, қазір жарық дүниеге дені сау бала әкелу де оңай емес. Мамандар оның себебін жан-жақты түсіндіруге тырысып баққанмен, бір өкініштісі, кейде нәрестесімен қауышуға санаулы сәт қалғанда өмірмен қош айтысып кететін жағдай, яғни ана мен бала өлімі орын алып жатады. Осы тұрғыда өңірдегі хал-ахуалға, статистикалық көрсеткішке тоқталсаңыз...

- Салыстырмалы кезеңде 2018-2019 жылдары ауданымыз бойынша ана өлімі тіркелген жоқ. Ал сәбидің шетінеуі 2018 жылмен салыстырғанда (2018 ж – 7 бала, 2019 жылы – 7) көрсеткіш бір деңгейде тұр. Облыстық көрсеткіш- 9,95; Республикалық көрсеткіш 8,43-ті құрап отыр. 6 нәресте перинатальдық кезеңде(оның 5-і күніне жетпей туылған) қайтыс болды. Барлық орын алған өлім себептері талданып, жіберілген кемшіліктер бойынша іс шаралар қабылданды.

- Еліміз бойынша негізгі проблема – кадр жетіспеушілігі. Бұл мәселе ауданымызда қалай шешімін табуда? Жас мамандарды осы салаға тартуда қандай жеңілдіктер көзделген?

- Орынды сұрақ. Бүгінде аудан тұрғындарына 70 дәрігер қызмет көрсетіп отыр. 2018 жылы өңірімізге 5 жас маман келсе, 2019 жылы 11 түлек еңбек жолдарын бізден бастауды жөн көрді. Нәтижесінде денсаулық сақтау саласы 4 жалпы тәжірибелі дәрігер, 1 пульмонолог, 1 акушер гинеколог, 2 педиатр, 2 қоғамдық денсаулық сақтау маманы және 1 гастроэнтерологпен қамтылды. Жылма-жыл келген жас мамандарға аудан әкімдігі жанынан қолдау көрсетіліп, әлеуметтік мәселелері шешілуде. Атап айтар болсақ, 2019 жылы 8 дәрігер, 7 орта буын медицина қызметкеріне 252 500 теңге көлемінде 1 реттік көтерме жәрдемақы берілсе, 2 дәрігер, 2 орта буын қызметкер 3 млн787 мың 500 теңге тұрғын үй алу үшін мемлекеттік несие алды. Ал 8 дәрігер облыстан 1 млн. теңге көлемінде 1 реттік көтермеақы алса, 1 дәрігерге қызметтік пәтер ұсынылды.

- Халықтың нысаналы топтарын профилактикалық медициналық қарап-тексерулердің басты мақсаты – ауруларды ерте сатыларында анықтау, яғни алдын алу және олардың өршуіне жол бермеу, халықтың денсаулығын қалыптастыру мен нығайту. Бұл бағытта қандай жетістіктеріңіздің барлығын айтып өтсеңіз...

• 2019 жылы қан айналым жүйесі ауруларына 6186 тұрғын тексеріліп, олардың 700-інен(11,3%) ауру анықталып, 490-ы(70%) «Д» есепке алынып, сауықтырылды. Қант диабеті ауруларына 6186 тұрғын қаралып, олардан 31 (0,5%) ауру анықталып, «Д» есепке алынып, емделуде. Глаукома ауруларына 6186 тұрғын тексеріліп, олардың 6- нан алғаш рет глаукома ауруы анықталып, 1-еуі «Д» есепке алынып, бақылануда. Жатыр мойны обыры бойынша диспансерлік есепте тұрмайтын 30-70 жастағы 2561 әйел бақылауға алынып, олардың арасынан 177 әйелден түрлі ауытқулар табылып, 1 жатыр мойны обыры белгілі болды. Сүт безі қатерлі ісігі бойынша 1 әйелден оң нәтиже табылды. Полипоз, жуан ішектің обыры 1 адамнан анықталды. Сондай-ақ, 16607 бала профилактикалық тексеруге алынып, 1129 баладан түрлі аурулар табылып, 95 пайызға сауықтырылды.

- Мемлекеттік квота бойынша емделген адамдар жөнінде хабардар етсеңіз және санитарлық авиацияның көмегіне қаншалықты жиі жүгінесіздер?

- 2019 жылы эндокринология-6, кардиология – 9, офтальмология бойынша-1 науқас квотамен емделуге жолданды. Қатқыл жағдайда аурухана бөлімшелеріне түскен жандарға облыс орталығынан мамандандырылған көмек ұйымдастырылып, санитарлық авиация арқылы тікұшақ шақырылады. 2019 жылы 60 рет (2018 жылы-41 рет) санитарлық көмекке жүгіндік, оның ішінде 57 санавиация арқылы көрсетілсе, автотранспортпен – 3 санитарлық көмек алынды.

- «Ұлт денсаулығы – табысты болашақтың негізі, бақытты өмірдің кепілі»деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, алдына барған сырқат жандардың дертіне дауа, еміне шипа таба білген ақ халаттыларымыздың қатары көбейсін демекпіз! Бүгінгі сұхбатыңыз үшін рахмет! Еңбектеріңізге жеміс тілейміз!

Сұхбаттасқан: А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521