С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде жиырма жыл бойы сахнаны әнмен тербеп келген облыстық, батыс аймақтық, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Раушан Оразбекқызы мен Заря Қуанышқызының мерейлі датаға арналған «Қызымыз елдің бақытын тапқан өнерден» атты шығармашылық концерті өтті.
Өнердің қос қарылғашы әсем де әуезді әндерін бірінен соң бірін орындап тыңдармандарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен бірге ән әлеміне жаңадан қанат қағып жүрген жасбуын ізбасарлары мен сахнадағы әріптестері өнерлерін көрсетті. Шара барысында ән кешіне алыстан арнайы келген Мақат аудандың мәдениет үйінің директоры Кенжебике Төлебаева мен көркемдік жетекшісі Раушан Әлиева құдіретті өнер табыстырған құрбыларына шығармашылық табыс тілеп, гүл шоқтары мен ескерткіш сыйлықтарын ұсынды.
Ауданымыздың ақылгөй абыздары Өмірзақ Қажымғалиұлы, Орынғали Құмарғалиұлы, Зинетолла Сұлтанғалиұлы, Қадірбай Жандыбайұлы екі әншінің де өнерлерін аса бағалайтынын жеткізіп, ақ баталары берді. Аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова құттықтау хатын табыстады. Кеш соңында сахнаның сәні болған қос ару концертке келген әнсүйер қауымға үлкен ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Заря Қуанышқызы кішкентайынан өнерге баулыған ұстазы Гүлмайдан Наушабаеваның, Раушан Оразбекқызы құдіретті сахнамен табысуына септігін тигізген Есенғұл Қаражановтың есімдерін ерекше құрметпен атап өтті.
Айбек МЕЙІРМАН