Ауданымыздың жас спортшылары жыл сайын биіктерден көрініп, спорттың сан алуан түрінен жеңімпаз атанып, туған жеріміздің абырой-беделін асқақтауда. Әлбетте, бұл бәріміз үшін мерей. Жақсы жаңалықтар жалғасын тауып жатыр. Жақында Қарағанды қаласында дойбыдан ашық турнир өткен болатын. Оған еліміздің әрбір облысынан жас спортшылар қатысып, бақтарын сынады. Олардың қатарында құрманғазылықтар да болды.
Құрманғазы ауданының атын елімізге, шетелге танытып жүрген, Шортанбай балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің дойбышылары бұл жолы да құр қайтпады. Жарыс барысында жақсы өнер көрсетіп 2 алтын, 2 қола медальды олжалады. Үкілеген үміт ақталып, ат сабылтып барған еңбек босқа кетпей, қыздардан Амира Есенғұл, ұлдардан Марат Орынбайұлы алтын алса, Жанерке Сағынжан мен Ернұр Сәрсенбайұлы қола медаль еншіледі. Жас спортшыларды жарысқа дайындаған жаттықтырушысы - Ернар Қаражанов. Жеңісті жолдарыңыз жалғасын таба берсін!
Айнагүл Шакупова