Балалар ақыны Серікбол Хасанмен кездесу өтті

(0 Votes)

Мемлекет басшысының биылғы жылды Балалар жылы деп жариялауы қоғамның ең басты құндылығы өскелең ұрпақ екенін тағы да дәлелдей түскендей. Осы тұрғыда, балаға бағыт-бағдар беру, оны кітап оқуға баулу, балалар әдебиетін дамыту және басқа да мәселелер жөнінде талқылау үшін жерлесіміз, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, балалар ақыны, ақпарат саласына елеулі үлес қосып, табанды еңбек етіп жүрген журналист, республикалық «Мұнара» рухани-танымдық газетінің бас редакторы Хасан Серікбол Тілепбергенұлымен «Жүрегімнен төгіледі кәусар жыр» атты кездесу кеші ұйымдастырылды.

Аудандық орталықтандырылған кітапханада өткен шарада оқырмандар туған жердің түлегінің шығармашылығымен танысып, балалар әдебиетіне қалай келгені, кітап пен баспа нарығының оң мен теріс тұстары жөнінде айтқан әңгімелерін ұйып тыңдады. Серікбол Хасан – өлеңдерін негізінен балаларға арнап жазады. Өлеңдері  «Балдырған», «Ұлан», «Жыл он екі ай» секілді балалар басылымдарына , ұжымдық жинақтарға, «балалар әдебиеті» антологиясына шығып жүр. Балалар әндеріне жазылған өлеңдері бар. "Дарабоз", "Алтын тобылғы", "Рух"әдеби байқауларының балалар әдебиеті аталымы бойынша жеңімпазы. Алғашқы «Кәусар»атты жыр жинағы 2011 жылы жарық көрген.  «Көбелек" атты әңгімелер жинағы және зерттеу мақалаларынан жинақталған "Қазақ пен қазан" деген кітабы жарық көрген.

Мақалаларда қазақ халқының арғы- бергі  тарихына шолу жасалып,тарихи тұлғалардың бізге беймәлім болып келген өмір кезеңдері  баяндалады. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында  балаларға арналған «Әкесінің қызы» кітабы жарық көрді. Бұл басылым-«Мүфтият» баспасынан шығып отырған алғашқы балалар кітабы. Онда балаларға арналған өлеңдері жинақталған. Жүргізуші Меңдісұлу Мұхамбетова кеш қонағы Серікбол Хасанды ортаға алып, кешті сұхбат ретінде өрбітті. Балалық шағы Дәшін ауылында өткенін, нағашыларының тәрбиесінде болғанын, нағашы әжесінің ықпалы кітап оқуға деген қызығушылығын арттырғанын, жыр-дастандарды үнемі жаттап алатынын, кітапханадағы балаларға арналған бүкіл кітапты оқып тауысқанын, 8 сыныптан бастап «Серпер» газетімен сырлас болғанын, онда алғаш тырнақалды өлеңдері жарияланғанын, сөйтіп, ауылда «ақын бала» атана бастағанын әсерлі әңгімеледі.

 – Сүйікті ісім – тарихи құнды дүниелерді қазу, көне фотосуреттердің коллекциясын жинау. Әсіресе, ескеріле бермейтін белгілі тұлғалар, ұмытыла бастаған тарихи оқиғалар туралы ізденгім келеді. Осы бағытта республикалық «Айқын» газетінде еңбек еткенде көптеген дүниелерді архивтерден тауып, журналистік зерттеу жасадым. Әлихан Бөкейханның 7, Қажымұқанның 10 шақты жаңа суреттерін кезіктірдім. Әдебиеттегі алғашқы қадамым негізі прозадан басталған. 2008 жылы студенттік кезімде әңгімелер жинағым шыққан. Одан кейін өлең жазуға көштім. «Кәусар» деген жыр-жинағым басылып шықты. Бірте-бірте прозаны да, поэзияны да қойып, балалар әдебиетіне ауыстым. Оған себеп – Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев ағаларымыздың ақыл-кеңесі, сусындатқан тәжірибесі.  Балалар әдебиеті – маған үнемі мотивация беретін, өмірімнің бір бөлшегі. Басқа дүние жазылмаса да, балаларға арнап өлең жазуды тоқтатпауға тырысамын. Себебі ең өміршең шығармашылық – әдебиет. Соның ішінде балалар әдебиеті. Бір ғана Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары бірнеше буынды тәрбиеледі. Ендігі міндетім – балаларға рухани азық болатын шығармаларды көбейте түсу. Өйткені, болашақ үшін маңыздысы осы дүние болып тұр. Жалпы, балалар әдебиеті туралы айтқанда өзіміздің де жүрегіміз ауырады. Шығармалар мен кітаптардың жоқтың қасы жанға батады. Бірақ, кейінгі жылдары көптеген баспалар ашылды. Соның ішінде «Қасым» баспасы прозалық шығармаларды жақсы шығаруда.  Көптеген кітап дүкендерінде қазір балаларға арналған шығармалардың бар екендігіне көз жеткізуге болады. Былайша айтқанда, кітап жоқ деген қорқыныш сейілді. Енді біздегі бір ғана мәселе – балаларға арнап жазып жатқан авторлардың аздығы. Драматургия саласында да балдырғандар үшін қалам тербеп келетін драматургтер жоқтың қасы десек артық айтқандығымыз емес. Жас сыншылардың да шығып жатқаны сирек.

23d45024-3acf-4771-9c3b-134d1542b9f7

Былтырғы жылы Мәдениет министрлігінің балалар жылы аясында балалар поэзиясының, прозасының антологиясын шығардық. 30 жылдықтың құрметіне деп 30 ақынды, 30 жазушыны  жинақтадық. Бұл келешек ұрпаққа деген мемлекет қамқорлығының түзеліп келе жатқандығының белгісі деп есептейміз. Сондықтан, алдағы уақытта мейлінше болашағымызды, балалардың білімін, тәлімін  ойлаған қаламгерлер осы әдебиеттің жанрына бет бұрады деп ойлаймын. «Балдырған» жураналының алғашқы редакторы  болған Мұзафар Әлімбаев ағамыз балалар әдебиетіне зор еңбек сіңірді. Үлкендерге жазатын ақын-жазушылардың балаларға жазуына көп ықпалын тигізді. Кейіннен өзіміз де «Ұлан» газетінде, «Балдырған» журналында қызмет етіп жүргенде белгілі қаламгерлердің бүлдіршіндерге арнап өлең, әңгіме шығаруына қолқа салдық. Өйткені, мұндай авторлар сирек болатын. Қазір де ақын-жазушыларымыз балаларға арнап көп дүниелер жазса , бұл келешек ұрпақ үшін үлкен қамқорлық болар еді- деген кеш қонағы Серікбол Тілепбергенұлы қазіргі заманға сай балалардың қызығушылығын оятатын танымдық дүниелерді көптеп шығаруды, кітап басуда оның иллюстрациясына, суретіне мән беруді ойластыру бағытында жұмыстарды үйлестіру қажеттігін айтты.

Келесі кезекте кітапхананың кішкентай оқырмандары ақынның өлеңдерін оқыды. Академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев, жазушы, журналист Таңатар Дәрелұлы, Нұржау ауылдық округі әкімінің кеңесшісі Қуаныш Әділбекұлы автор мен оның туындылары жөнінде жылы лебіздерін білдіріп, естелік сыйлықтарын ұсынды. Шарада автордың «Балапан» арнасынан көрсетіліп жүрген, енді әнге айналған «Қолыңды жу» өлеңінің анимациялық ролигі оқырмандар назарына ұсынылса, аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Нұргүл Тоқтарқызы ақынның балаларға арнап жасған жұмбақтарын жасырып, кештің шырайын аша түсті. С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің әншісі Т.Қажыгереев, Ә.Қалбай, Н.Нұрланов сынды өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты. Ардагер кітапханашы Талшын Мырзабекова үздіксіз ізденіс, тынымсыз еңбек арқылы биік белестерді бағындырған туған жердің төл перзенті Серікбол Хасанға оқырмандар атынан алғысын білдірсе, кешті кітапхана директорының орынбасары Гүлден Айдарбекқызы шара қонағына зор ризашылығын жеткізіп, естелік сыйлық табыстады.  

 

 

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521