Ардагерлер - көш басында

(0 Votes)

Бүгін Құрманғазы ауданында жергілікті азамат, аудан спортының дамуына елеулі үлес қосқан ардагер спортшы Амангелді Меңдалиевтің мерейлі 63 жасқа толуына орай шайбалы хоккейден аудандық турнир өтті,- деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудан ардагерлері бірлесе ұйымдастырған спорттық шараға барлығы 4 команда қатысты. Атап айтқанда, аудан ардагерлерінен құралған «Ардагерлер І», «Ардагерлер ІІ», аудан жастарынан жасақталған «Жастар» және Еңбекші ауылынан келген «Еңбекшілер» командасы бақ сынады.

Жарыстың жүру тәртібіне сай, алдымен ашылу салтанаты өтті. Алғашқы сөз кезегін тізгіндеген аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмас Мұқашев жарыстың мақсатына тоқталып, зейнеткерлік жасқа қадам басқан қуаныш иесіне ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ бөлім басшысы ауданның Құрметті азаматы, аудан спортының көшін ілгерілетуде өзіндік орнын қалыптастырған спорт саласының ардагері Мадат Хамзаұлының кеудесіне «Хиуаз Доспанованың туғанына - 100 жыл» мерекелік медалін тағып, аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Өз кезегінде ардагер ақсақал көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдіріп, қатысушы командаларға жеңістің тұғырынан көрінуді тіледі.

Бұдан бөлек, барша ардагер спортшылар атынан Жандос Бектеміров құттықтау сөз сөйлеп, мерейгерге тілек хат пен естелік сыйлық ұсынды. Өз сөзінде Жандос Мнафихұлы жерлес ағаның аудан спортының дамуына әлі де болса қосар үлесінің зор екеніне ерекше екпін қойды.

Ашылу салтанаты аяқталысымен алғашқы кездесулер басталып-ақ кетті. Мұз үстіндегі жарысты тамашалауға жиналған жанкүйерлердің де қарасы қалың көрінді. Әрқайсысы командаларға тiлектестiгiн қолдауларымен бiлдiрiп жатты. Күн ұзағына жалғасқан турнир қорытындысымен «Жастар» командасы үздік үштікті түйіндесе, «Ардагерлер - І» командасы жүлделі ІІ орынға жайғасты. Ал, қарсылас шақ келтірмеген «Ардагерлер - ІІ» командасы жүзден жүйрік атанды. «Еңбекшілер» командасы «Жеңіске деген жігері үшін», Арыстанбек Марал «Үздік ойыншы», Шамашев Тілекқабыл «Үздік қақпашы», Шаждекеев Айбек «Үздік қорғаушы» номинацияларын жеңіп алды. Жарыстың жабылу салтанаты барысында аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов жеңімпаз, жүлдегерлер және әр түрлі номинация иегерлерін марапаттап, жеңімпаздық кубок пен естелік сыйлықтарды табыстады.

Айта кетейік, спорттық ойынның бұл түрі ауданымызда 2008 жылдан бері қолға алынып келеді. Оған ұйытқы болған аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің меңгерушісі Алмас Мұқашев. Кейіннен спорттың дәл осы түрінен аудан құрамасы жасақталып, әр жылдары көптеген жоғары деңгейдегі жарыстарда бақ сынады. Құрама басында мемлекеттік қызметкерлер командасының капитаны Жандос Бектеміров тұрды. Құрамында әр жылдары Әдебиет Ердешов, Арман Құмарғалиев, Алтай Ғилаев, Тілекқабыл Шамашев, Асқар Уахитов, Берік Жакупов, Жігер Батырғалиев, Игорь Давыденко, Әнуарбек Кенжебаев, Есбол Құбашев, Еркін Тарихов, Тілекқабыл Тұяқов, Ернар Рахметқалиұлы сынды ауданның белді спортшылары ойнады. Жеткен жетістектері де жоқ емес. Мәселен, 2010 жылы Атырау қаласы командаларымен күш сынасқан аудан құрамасы І орыннан көрінді. Өткен жылдары құраманың бірқатар ойыншылары «ИнтерГазЦентральная Азия» командасы құрамына алынып, мұнайшылар арасында өткізілген республикалық турнирде де төбе көрсетті. Құрама 2010 жылы Алматыда, 2011 жылы Қостанайда өнер көрсетіп, шеберліктерін танытты.

Бұдан өзге, 2011 жылы шайбалы хоккейден Астрахань қаласында өткен қала мэрінің кубогін сарапқа салған ойында көршілес елдің құрамасын айқын басымдылықпен ұтып, жеңіс тұғырынан көрінген болатын.

Фото: Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521