Ануарбек – «Үздік сұрмерген»

(0 Votes)

Астанада «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен республикалық кіші аяқ добынан сайысы өтті.

Аталған доп додасына еліміздің 17 аймағынан 18 команда өзара мықтыны анықтады. Айтулы бәсекеде Атырау облысының намысын "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы Атырау облысы бойынша филиалының ұжымы қорғады. Ұжымды филиал басшысы Нұрлан Суюнбаев бастап барды. Шараның ашылу салтанатында сөз алған "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталов жыл сайын өткізілетін дәстүрлі доданың мақсаты палатаның барлық аймақтағы қызметкерлерін бір жерге ұйыстырып, тәжірибе алмасу және салауатты өмір салтын дәріптеу екендігін жеткізді.

Әу баста осы жарысқа жоғары дайындықпен келген командалар өз топтарынан іріктеліп, суырылып алғашықты. Сол үздіктердің қатарында өз тобындағы барлық әріптестерінен оқ бойы оза шапқан Атыраудың сайыпқырандары да бар еді. Солардың арасында шоқтығы биік, теңбіл допты жанына жастайынан серік еткен, ауданымыздың намысын басқа да бәсекелерінде қорғап жүрген Ануарбек Сәбитұлының өнерін ерекше атап өтуді жөн санадық. Тартысты бәсекенің үшінші орын үшін Ақмола облысымен болған кездесуінде есеп тең аяқталып, пенальти сериясында облыстан барған команда аз доп есеп айырмасымен жеңіліс тапты. Десе де республиканың әртүпкірінен жиналған 18 команданың арасынан үздік төрттіктің қатарында Атыраудың болуы зор мақтаныш.

Сайыстың салтанатты жабылу шарасында жақсы өнер өрнегін көрсеткен Атыраудың жігіттеріне алғыс білдіріп, медальдар тағылды. Осы жарыста ала допты игерудің үздік үлгісін көрсеткен, барлық ұжымдастардың ыстық ықыласына бөленген палатаның аудандық филиалының басшысы Ануарбек Сәбитов «Үздік сұрмерген» номинациясын иеленді. Республикалық жарыста үздік атанған жерлесіміздің алар асуы мол, жеңісті күндері көп болғай деп тілейміз!

Айнагүл Күнұзаққызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT