Тараз қаласында спорттың дойбы түрінен өткен Қазақстан чемпионатына қатысқан апалы-сіңлілі қос қызымыз жүлделі оралды.
Құрманғазы ауданы Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектептің оқушысы Есенғұл Амира Ернарқызы дойбыдан барлық қарсыласын жеңіп, еліміздің екі дүркін чемпионы атанып, әлем чемпионатына жолдама алды. Ал сіңлісі Есенғұл Айару жүлделі ІІІ орыннан көрінді. Амира осы жолы ересектермен ойнап, барлық қарсыласын ойсырата жеңді. Бар үмітті ақтап, ауданымыздың, облысымыздың мерейін асқақтатты.
Енді еліміздің атынан әлем чемпионатында бағын сынайтын болады. Чемпион қыздарды жарысқа дайындаған Бекжан Қабиев. «Менің жас дойбышыларым бұл жолы сәтті ойын өрнегін көрсетті. Олардың болашақтарынан зор үміт күтемін. Спорттағы табыстары еселене берсін» дейді бапкер Б.Қабиев.
А.Шакупова