Шаруагерлерді қолдауға мән берілмек

(0 Votes)

Мемлекет басшысы биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында Қазақстанның әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту үшін қабылдануы керек нақты шараларға тоқталды.

Соның ішінде агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керектігі, ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор екені де атап өтілді. Бұл экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген біздің ауданымызға да қатысты. Себебі аудан көлемінде 2023 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша 215 мың 907 бас қой мен ешкі бар. Оның 76196 басы шаруа қожалықтарында, 113 446-сы жеке секторда. Асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар «Құрманғазы», «Мақаш» өндірістік кооперативтерінде, «Сүйіндік», «Ақжонас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде 21796 бас Еділбай тұқымды қой мен 311 Бактериан түйелері бағылуда. Осылардың ішінен ағымдағы жылдың 6 айында 52 бас мал сатылған.

Президентіміздің айтуы дұрыс, Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Мына жағымызда Ресей, екінші жағымызда Қытай тұр. Алыстағы Еуропаға шығып жатсақ тіпті жақсы, болмаса, Орта Азиялық нарық та тақиямызға тар келмейді. Еліміздің стратегиялық мақсатының бірі Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Оған қол жеткізу үшін Жолдауда айтылғандай өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Ол үшін малды тірідей сатып ақша еткеннен ет өнімдерін дайындауды қолға алған тиімді. Қазір ауданымызда Жұмекен ауылындағы «Құрманғазы сервистік дайындау орталығы» ЖШС ғана ет өнімдерін жергілікті тұрғындарға ұсынып отыр. Аталған шаруашылықтың «Серпер» базарында ет дүкендері жұмыс жасап тұр. Алға қарай осындай кәсіпорындардың қатары көбейіп, етті қалбырлап шығаруды жолға қойса кіріс көзі арта түсері анық. Бұдан өзге ауданымызда балық аулаумен айналысатын 6 табиғат пайдаланушылар жұмыс жасайды. Оларға, яғни, «Амангелді», «Каспий-Балық», «Каспий таңы» ӨК-і, «Тілекші», «Ш.Сүлейменов» ЖШС, «Сәрсенбаев» ШҚ-на 6241 тонна жылдық лимит бөлінген. Бұлардың ішінен «Каспий-Балық» өндірістік кооперативі балық өңдеу цехын салып жатыр. Жолдауда алға қойылған міндеттерді орындап, басқаларында да осындай өндіріс орындарын ашса, артықтық етпес еді. «Қазақстанда жасалған» деген тауар брендке айналса, өтімі жақсарып, сұраныс артады. Қазір біз шикізат күйінде арзан бағамен шетке шығарып, өңделген тауар ретінде кері сатып алып, ұтылып жүрміз. «Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет», дейді Мемлекет басшысы.

Үкіметке Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Ресеймен шекаралас отырған біздің өңірде ет және балық өнімдері экспортына кең жол ашылады деген ойдамыз. Сол сияқты өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамытудың болашағы зор, оларға басымдық берген тиімді екені де Президент назарынан тыс қалмады. Сонымен қатар, ауданымызда жылыжай салу көптен айтылып келеді. Бірақ, әлі күнге қолға алынған жоқ. Жалпы егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар да өнімін жазда өткізіп, қыста қарап жатпай әрқайсысы өзіне жылыжай салып алса одан зиян көрмейді. Қыста халыққа ұсына алады. Мемлекет басшысының Жолдауында табиғи монополия субъектілерінің бәріне 5-7 жылға дейін көңілге қонымды нарықтық тариф енгізу ұсынылды. Баға тұрақты болса, инвестицияны нақты жоспарлауға мүмкіндік туатыны айтылды. Электр энергиясы мен газ 5-7 жыл тұрақты болса, жылыжай салуды соған сай жоспарлап, жүзеге асыруға болады ғой. Жолдауда үлгі етілген 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктерін неге біздің өңірде қолданысқа енгізбеске?! Ауыл шаруашылығымен айналысатын үлкен ауданға бір сүт өнімдері зауыты немесе цехы қажет-ақ.

Бұрын ауданда сүт зауыты болды. Ол қаймақ, сары май да шығарды. Осы жұмысты қолға алып жандандырған дұрыс деп санаймын. Тоқ етерін айтқанда ауыл шаруашылығының өркендеп дамуына үлкен қолдау көрсетіліп, шағын шаруашылықтарды дамытуға жағдай жасалмақ. Осының бәрі жер өңдеп, төрт түліктің соңында жүрген шаруагерлердің жағдайын жақсарту қамы. «Елде болса ерінге тиеді», дегендей, жағдай туғызылса, соның ішінде өнім өңдеп, оны өткізуге жеңілдік жасалса ауыл шаруашылығына қызығушылық артады.

Қазір, шетке шығара алмаған соң, егін салса оның өнімін, мал өсірсе етін өткізу үлкен қиындыққа түседі. Президент Жолдауы шеңберінде алда атқарылар ауқымды жұмыс көп, ол бойынша іс-шаралар жоспары жасалатыны да заңды. Мемлекетіміздің бүгінгі және алдағы уақытта атқаруға тиісті іс-әрекетіне бағдар ретінде ерекше ықыласпен қабылдаған Жолдауды мұқият тыңдап, ой елегінен өткіздім.

Гаухар Бегеева,

«Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Құрманғазы аудандық комитетінің есепшісі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT