Орта бизнесті оңалту қажет

(0 Votes)

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі халыққа арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауы бизнес өкілдері үшін жағымды жаңалықтарға толы болды.

Жаңа Жолдауда еліміздің әлеуметтік экономикалық дамуы үшін қажетті барлық мәселелер көтерілді. Өзім орта бизнестің өкілімін. Ұзақ жылдар кәсіпкерлікпен айналысып, ыстығы мен суығына көніп келе жатқандықтан саланың беталысы мен мәселелері маған жақсы мәлім. Қазақстанның батыс қақпасы аталатын, елімізге аты әйгілі талай дарындарды түлетіп ұшырған Құрманғазы топырағында Тәуелсіздік алған жылдардан бастап кәсіпкерлік кең қанат жайды. Бүгінде ауданымызда олардың саны 3418-ге жетті. Салаға қызығушылық, кәсібін онымен байланыстыруға ұмтылушылық мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде артып отыр. Биылғы жылдың 6 айында 10 кәсіпкер бизнес жобасын жасап, несие алуға өтінім жолдаса, 30 адам грант алуға құжаттарын дайындаған. Бизнесті қолдау бойынша жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 25 жоба қаржыландырылды. Осындай қолдауды көрген 21-35 жас аралығындағылардан кәсіпкерлік бастаманы несиелеу бағытында 6, аудан бойынша конкурстық комиссия шешімімен 10 жоба мақұлданған. Бұл деректерді келтіріп отырған себебім, жаңа Жолдауда орта бизнесті дамытуға зор мән берілгелі отыр. Ал, жоғарыда аталған кәсіпкерлердің дені шағын бизнес өкілдері. Президент кейінгі жылдары қабылданған шараларға орай елімізде шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастағанымен орта бизнестің оңалмай тұрғанына тоқталды. Біздің ауданымыздың экономикасы негізінен ауыл шаруашылығына негізделгендіктен ірі бизнес нысандары жоқ. Орта бизнеске жататын мал және балық шаруашылығымен айналысатын 5 өндірістік кооператив, 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, бірнеше шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкерлер бар. Қалғандары дүңгіршек, дүкен және басқа нысандардың иелері, донер, пицца сатып және басқа да сауда түрлерімен жүргендер. Олар өздерін қамтып, салық төлегеннен басқа аудан бюджетіне айтарлықтай ірі көлемде пайда әкеліп отырған жоқ. Кейбірінің табысы елден озбай, көштен қалмай жүруге ғана жетерлік. Сондықтан, олардың жағдайын жақсарту үшін орта бизнеске жеткізуді қолдаймын. Жолдауда айтылғандай қазіргідей жаңа экономикалық үлгіге көшу барысында оларды «қолмен көтеру», ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Мұны, Мемлекет басшысы: «Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек. Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет» деп түсіндірді. Белгілі бір ынталандыру, жеңілдіктер жасалса, шағын бизнестің іріленуіне тың серпін береді деген ойдамын. Президент тағы да кенжелеу қалып келе жатқан орта бизнеске ерекше назар аударып отыр. Өйткені, нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді. Олардың өнімдері ішкі нарықта қана емес, сыртқы нарықта да жақсы табыс әкеледі. Сондықтан да экспорттық әлеуетті арттыру үшін орта бизнеске қолдауды күшейткенді дұрыс деп есептеймін. Жалпы Президентіміз бизнес саласындағыларды қолдау бағытында алдыңғы жылдарда да тың бастамалардың ұйтқысы болды. Мәселен, кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, оларды субсидияландыру, мемлекеттік құрылымдардың олардың қызметіне заңсыз араласу сияқты кедергілердің алдын алу шаралардың салаға көмегі көп болғанын білеміз. Бұл жолы да осы мәселеге қайтып оралды. Билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог болуы қажеттігін айтып, мемлекеттік органдардың жоғарыда айтылған кемшілікке жол беретінін, кейде асыра сілтейтінін назарынан тыс қалдырмады. Экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыруды қажет деп тапты. Салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ механизм енгізу керектігін қаперге берді. «Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ, соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті, олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, саланы реттейміз деген желеумен жасалатын қысымды азайту және бәсекелестікті дамыту мәселелерін мұқият талқылау қажет» деген Президент бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өткізетінін де еске салды. Ел Президентінің бұл Жолдауда айтқаны кәсіпкерлердің көкейінде жүрген жайттар болатын. Жолдау бізге осынысымен де құнды және ел кәсіпкерлері үшін тиімді. Сонымен бірге, экономикамен қатар, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін аса маңызды. Зейін қоя тыңдаған Жолдауда ел экономикасын және халықтың әл-әуқатын одан әрі жақсарту бойынша жаңалықтар өте көп болды. Енді сол алға қойған міндеттерді бірге жүзеге асыруымыз ғана керек. Ең бастысы қолдау бар. Тек нәтижелі жұмыс жасауымыз қажет. Мемлекет басшысы бұл қадамдар арқылы елімізде кәсіпкерлікті қолдау алдағы уақытта да жан-жақты жүргізілетіндігін көрсетті.

Еркінбек ХАЛЕНОВ,

Жеке кәсіпкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT