Ішкеніміз лай су!

(2 Votes)

​Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың күні кешегі жаңа Жолдауы келер күндер қамына орайлас бірқатар міндеттерді белгіледі. Өңір тұрғындары өздерін толғандырған жайттарға орай үн қата жатар, өйткені қай-қайсысы да өміршең мәселелер.

​Мәселен, біздей ауыл шаруашылығы тіршіліктерінің тіні болып отырған аудан үшін «жайылымдық жер» бойынша берілген міндеттер жүзеге асып, ауыл әкімдері ауыздарын айға қарата ашып, есінемей, көзтанысқа бүйрегі бұрмай, көңілжақпастыққа салынбай жұмыс жасар болса, әділеттік орнап, көп түйткілдің күрмеуі шешілері кәміл. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы тұсты тектен-текке жанға батыра айтып отырған жоқ. Сұраныс пен қадағалаудың да қатаң болары көрініп тұр.

​Айызды қандырған тағы бір шындық отыз жыл еркін өмірімізде қыруар қаржыны құрдымға жіберген – ауыз су мәселесі. Бұл біздің ауданда да көптен түзелмей келе жатқан қисық арбалы көш. Иә, көп жылдан бері кетуі кетіп, келеке болған түйткіл. Басын ашып алайық, бұл арада ауданның күні кешелері келген әкіміне, оның командасына кінә артқалы отырғанымыз жоқ. Көңілдеріне келмесін көп-көп әкімдерден көз тасада қалған көне жыр. Қырық жыл шамасы осы аудан газетінің отымен кіріп, күлімен шыққандықтан бәрі де алақандағыдай белгілі дүние.

​Біздің Құрманғазы ауылы орталығының Құрылысшылар бөлігіндегі Жәлел Ниғметов көшесінен мысалға алсақ та жеткілікті. Өзектен бірден тазармай тартылғандықтан құм аралас лай су ішкенімізге жыл артынан жылдар жалғанып барады. Миллиардтаған қаржы шығындап «су тазарту қондырғылары» салынғандықтан тазартылған, хлорланған су дәм етуміздің несі айып?! Мемлекет қаржысы халық үшін шығындалды ғой. Қаншама бақылаушы, қадағалаушы құзырлы органдар болуына қарамастан «Тұрғындарға таза су беріп отырмыз»-деген жалғандық айылын жияр емес.

Ол, үшін мемлекеттен субсидия беріледі дегенді де жиі қатерге беруші тұрғындар аз емес. «Таза ауыз су» бағдарламасы бойынша бірнеше жылдар ауданда сан миллиондар жаратылғанын жұртшылық жақсы біледі. Кезінде ауданда коммуналдық шаруашылықты абыроймен алға жетелеген Шамұратов Жанғабыл бірінде редакцияға жыларман күйде келіп:

- Ганюшкиннің жер асты жаңа су құбырын жүргізушілер кей тұстарды аттап өтуде, оларға барып білгенімді айтып көріп едім, артынан ұялы телефоныма жоғарыдан «жақындаушы болма!»- деген зілді бұйрық түсті. Олар шала-шарпы істеп кетеді, соңынан ертең мындағылар «қалайда бірдеңе ет»-деп бізге мініп алады, «су бер, амалдап» деген орынсыз талап қояды дегені есте қалған. Мамандармен пікірлесіп көргенде су тазарту имараттары кезінде үлкен-үлкен ақаулармен қабылданған. Президенттің осы Жолдауында айтқан «Астрахань-Маңғыстау» магистральды су құбыры жаңғыртылады??. Дегенінен, «елде болса ерінге тиер, ары қарай үлкен мекен Құрманғазыны айналып өтпес» деп үміттендік және Жолдауда: «Атырау және Маңғыстау облыстарының аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін...», деп арнайы қадап айтылған. Демек, үмітіміз алдамас.

​Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдаудағы: «Жалпы ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан ауыз су мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ» дегені біздің аудан өміріне де қатысты ащы ақиқат. Одан әрі: «Сондықтан, өңірлерді дамытудың Ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын»- делінген. Мөмкін, бұл міндет жүзеге асып, дүкендерден 19 литрлік таза ауыз суды екі күннің бірінде қолтықта тасыған күндер аңызға айналар. Жақсылыққа сенейік, қолдайық!

 

​Таңатар Дәрелұлы,

​Қазақ журналистикасының қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Құрмет» орденінің иегері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521