Вируспен бетпе-бет – 1

(0 Votes)

Пандемияның екінші толқыны орын алуы әбден ықтимал деген болжам айтылғалы көпшілігінде үрей басым.

Бірінші толқыны жайпап өткеннен кейін, екіншісінен шыныменен де сескене қарайтын жағдайға жеттік. Соғыссыз-ақ, бір оқ атылмастан, қанша отбасының аяулысын ортадан жұлып әкетті десеңші, бұл індет. Десек те, бұл аурудың аяусыз сынақ екендігін, ешкімге бет қаратпайтынына әлі де болса сенімсіздікпен қарайтындар жеткілікті. Осыны жоққа шығарғандардың уәждеріне қарсы ажал ауызынан қалғандардың бірі, белгілі журналист Нұрым Ерғалиевтің өң мен түстің арасында жазылған күнделігенен үзінділер жариялауды жөн көрдік. Бәлкім, түсінер сенбей жүргендер...

Қаз-қалпында

ӨҢ МЕН ТҮС

Жасым алпысты алқымдап қалса да, осы уақытқа дейін ауырып, аурухана төсегіне таңылып көрмеппін. Көктем, күз айларында соғатын тұмаудың да телпегін теріс кигізіп, аяқүсті өткізіп жіберетінмін. Дәрігерді жағалап, ем алып жүрген құрдастарыма: «қайдағы жоқ ауруды шақырып, күндеріңнен бұрын, не бастарыңа ат теуіп жүр» деп әзіл-шыны аралас біраз сілкіп алатын едім. Сол бір астамшылығым Құдайдың құлағына шалынды ма, маусым айының аяғында екі аяғым көктен келіп, омақаса құладым. Біразға дейін «әуселеңді көріп алдым» деген пиғылмен аурумен ерегісіп, уақыт өткізіп алдым. Ақыры қызуым көтеріліп, тынысым тарылып, жан алқымға таялғанда жедел жәрдем шақыруға тура келді. Сөйтіп, облыстық аурухананың провизорлық орталығынан бір-ақ шықтым.

Ғайыптан пайда болған бөгде ғаламшарлықтар секілді бірыңғай қорғаныш киімдерін киіп, бет-ауыздарын тұмшалаған өңкей бір түстес адамдар қоршап алып, менімен шындап «айналыса» бастады. Көзәйнектің арғы жағынан алыстан жылтыраған көздері біртүрлі сұстылау көрінеді. Бәлкім, маған солай көрінген болар. Бақсам, олар дәрігерлер мен медбикелер екен.

- Алып жатқан еміңіздің эффектісі шамалы болып тұр, сондықтан тағы да сараптамадан өткізіп, қарсы әсері болмаса, басқа антибиотик қолданамыз, – дейді маған тәптіштеп түсіндіріп. Менде бас изеуден басқа дәрмен жоқ. Сонымен үміт пен күдік арпалысқан өң мен түстің арасындағы ауруханадағы сүреңсіз күндерім өтіп жатты. Жансақтау бөлімінен фильтр деп аталатын екі кісілік бөлмеге ауыстырды. «Өліп бара жатырмын, тез укол сал, тыныштандыратын дәрі беріңдер» деп ауызы бір жабылмайтын мазасыздау көршімді басқа жаққа алып кетіп, әйтеуір құлағым тыншығандай болды.

Кешкісін тағы бір науқасты қасыма әкеліп салды. Кезінде мұғалім болған ақсақалдың сөзі түзу, бекзат болмысы да көзге ұрып тұр. Ауруы жанына батып жатса да маған іштартып, сөйлесіп қояды. Қасына медбикені шақырып алып, өзінің ұялы телефонын беріп, сондағы біраз номерге қоңырау шалдырды. Бала-келін, қыз-күйеулері таң атысымен қажетті дәрілердің бәрін жеткізетіндерін айтып, самбырлап сөйлесті. Ал, таңға жақын үлкен кісінің жағдайы нашарлады. Бір кісілердің атын атап,сандырақтап сөйледі, жанталасып, аласұрды. Кезекші дәрігер келіп, тыныштандыратын екпе салуға пәрмен берді. Сәл мызғып алған ақсақал дауыстап тазалықшыларды шақырып, үлкен дәретке отыруға көмек сұрады. Кереуеттің үстінде аяғын салбыратып отырған шалдың жүзі біртүрлі нұрланып кеткендей көрінді. Соның арасынша медбикелер де келіп, тамырына система қойып кетті. Бір қарасам, системаның инесін суырып тастап,шал шалқасынан жатыр. Ешқандай қимыл, тыныс алу байқалмайды. Енді бір сәтте көрші атаны медбике, тазалықшылар болып жылжымалы кереуетімен сүйреп бара жатты, беті ақпен жабулы. Жүрегім оқыс дір етті. Ажал деген қаспен көздің арасында деген осы екен.

Система алып жатқан кезімде медбикелер келіп: «сізді палатаға ауыстырамыз» деп кереуетіммен бірге сүйрей жөнелді. Осының алдында ғана сол палатадан бір адамның өлігі шыққанын естіген мен: «бармаймын да, бармаймын» деп азар-да безер болдым. Сөйтсем біреуі: «аға, бұл жерде хуже, анда желдеткіші бар жақсы болады, больницада адам өлмеген бұрыш жоқ» деп жұбату айтты. Армиядағы казарманы көзге елестететін палатада он бес шақты адам қаз-қатар жатыр екен. «Кемедегінің жаны бір» дегендей зейнет жасына енді жеткен бір ағамыз «бұрын бір жерде кездескенбіз, есіңде ме» деп мені айналшықтап шықпайды. Сақылдатып шәй қайнатып әкеліп іш дейді. Мен бір-екі ұрттаймын да қоямын. Өйткені тамаққа ешқандай тәбетім жоқ. Үйден күн сайын келіп тұрған ыстық сорпаны да сол күйінде ауыз тиместен тазалықшылардың қолына ұстатамын. (Әрине, үйдегілер мұны білмейді.)

Бір күні кереуеттес ағам: (танымал адам болғасын аты-жөнін көрсетпедік) «бұлай жата беруге болмайды, тұр орыныңнан» деді біртүрлі қатуланып. Мына сорпаны менің көзімше үш ұртташы. Бұл жолы даусы сәл жұмсақтау шықты. Айтқанын істедім. Ішкің келмесе жата тұр. Сәлден соң тағы тұрғызып, үш ұрттатты. Сөйтіп, бір кесе сорпаны әрең тауысып, сәл маңдайым жіпсігендей болды. Бірінші Алла, содан кейін сол бір жаны жайсаң ағам менің өмірімді ұзартып, туралап келген ажалдан арашалап қалды-ау деп ойлаймын. Ал, енді айтсаң да, айтпасаң да ауада қалықтаған ақ көбелектей ұшып жүрген ақ халатты дәрігерлерге бәс жетпейді ғой.

Дәл жанымдағы адам: «жоғарғы қабатта әйелім жатыр, соның жанына барамын» деп ауысып кетті. Екінді мен ақшам арасында екі иінінен ауыр тыныстаған тағы бір еңгезердей адамды жанымдағы бос орынға салып, дереу жасанды дем беру тетігіне қосты. Менен су сұрап ішті. «Қайдан көрдім сені» дегендей тесіле қараған өткір жанары өңменнен өтіп барады. Біртүрлі тіксініп қалдым. «Бәрі жақсы болады, неге әбіржіп тұрсың» деп телефон арқылы әйелінің қоңырауына жауап берді. Содан іле-шала «әкешім, әкешім» деген әуен ұялы байланыста біраз тұрып алды. Бәлкім әкесін ойлап, шыбын жаны шырқырап хабарласып жатқан тілекші қызы болар. Бұл жолы телефонын көтермеді. Онсызда дімкәс жүрегіне салмақ түсірмейін деген болар, бәлкім... Бірте-бірте тынысы тарыла бастады. Медбикелер де: «мұрныңызбен дем алыңыз, көзіңізді ашыңыз» деп орамалмен желпіп, шыр-пыры шығып жатыр. Бір ышқынып барып, соңғы демін үзді. Менің қожанасырлау ағам түнгі төртте сарнатып, дұғасын оқып жатыр. Мен шыдай алмай, әрі ерсі көріп: «мұныңыз не, бәлкім әлі ол кісінің көрер жарығы таусылмаған болар» деймін өлімге қимай. Ал, ол кісі жайбарақат: «жаназасын оқыған сауап болады» деп қарап тұр.

(Жалғасы бар)

https://atpress.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521