Вируспен бетпе-бет – 2

(0 Votes)

Жалғасы.

Пандемияға байланысты арнайы жабдықталған орталықта жиырма бір күн жатып, он төрт келі салмақ жоғалтып, үйге сұранып шығып, қосымша емді жалғастырдым. Күндіз-түні бір тыным алмайтын дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің еңбегіне тәнті болып, олар қандай құрметке де лайық екендіктеріне көзім жетті. Кезекті операциядан шыққан кезекші дәрігер: «сілем қатып тұр, аздап болса да көз шырымын алайын деп едім, жансақтау бөлімі бос па?» деп өзімен бір ауысымдағы медбикеден сұрағанын өз құлағыммен естідім. Соның арасынша: «шұғыл жетіңіз, жедел жәрдеммен ауыр науқас түсті» деген хабар жетті.

Ауруханадан шыққасын бір ай бойы қаладағы пәтерде оқшауланып, ем қабылдадым. Бірнеше күн өтіп, өз-өзіме келгеннен кейін кешкі астың үстінде күтуші міндетін атқарып жүрген зайыбым сәл қуыстанып: «сен ауырып жатқанда біраз адам бақилық болып кетті. Соны айтсам ба, айтпасам ба, білмей отырмын» деді.

- Неге айтпайсың, жүрегім жарылып кетер дейсің бе, мен өліктермен бірге жатып келген адам емеспін бе?

Ол қинала-қинала көзіне жас ала отырып, он бір адамды тізбелеп айтып, қазаны естіртті. Бас-аяғы айға жетпейтін уақытта ең жақын, араласатын осыншама қимас жандардан айырылу оңайға соққан жоқ. Тіпті қапелімде сенгің де келмейді. Бәрі де сол қапысын тауып, қамсызды баудай түсіріп жатқан пандемия деген пәлекеттің құрбанына айналған. Бұған қалай өкінбессің? Бұл кім-кімді де ойландыруға тиіс.

Қайдағы бір қаңғыған тозаң бар адамды бір тарының қауызына сыйдырып, тәубесіне келтірді. Орманда алапат өрт болған жағдайда бір-бірін ата жау санайтын аң біткен ұжымдасып, достасып, бір бағытқа қашып, тілсіз жаудан қорғануға әрекет жасайтындары сияқты бұған дейін кекірігі азып кердеңдегендер де, айлығы шайлығына жетпей жүрген әлеуметтік аз қамтылған топтар да бір-бірімен теңесіп, індетпен күреске жұмылды. Кейбіреулердің банктерге салған көк қағаздары өмірлерін арашалауға жарамады. Спортты серік еткен небір апайтөс азаматтар да аңдаусызда ажал құшты. Айтқан ақыл-кеңеске құлақ аспай, ерегісіп, қисайған жағынан тұрмайтын кейбір қиқар мінезділер (сөзіміз ауыр болмасын) де тілге келмей жантәсілім етті. Бұл нені көрсетеді? Яғни, ажал адам таңдамайтыны дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. «Жығылғанға жұдырық» дегендей осы пандемияны пайдаланып, көзі қат дәрілерді бірнеше есе қымбат бағасына сатып, аяқ астынан байып кетуді көздеген пысықайлар да төбе көрсетіп қалды. Жиған-тергенін қайырымдылыққа жұмсаған жомарт жандар жөнінде әңгіме басқа. «Біреуге мал, біреуге жан қайғы» деген осы.

Қазірдің өзінде Еуропа елдерінде басталған қатерлі індеттің екінші толқыны біздің елімізді де айналып өтуі екіталай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жағдайды саралап, өткеннен сабақ алу жөнінде барлық мемлекеттік органдарға нақты тапсырма беріп, бақылауында ұстап отыр. Қажетті дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, ауруларды қабылдайтын арнайы орындар дайын деген ресми ақпараттарға сенгің-ақ келеді. Оны енді уақыт көрсетеді. «Негізгі күш – халықта» деп мемлекет басшысы айтқандай, әр адам өз денсаулығы үшін өзі күресулері керек. Ол үшін қарапайым санитарлық тазалық, сақтық шараларын сақтаған жөн.

Осыны түсінетін уақыт жетті. Өкінішке қарай, есігімізді қағып тұрған зілзаладан айылын жимай, қаннен қаперсіз жүріп жатқандар аз емес. Мәселен қоғамдық көліктегі жолаушылардың бәрі бетпердемен отырғанда, екі-үш адам қымсынбастан сағызын шайнап, бетпердесіз тұрады. Жастарға сөз шығындап опа таппаспын дей ме, жол серіктер де, жолаушылар да көрсе де көрмеген болып, әлгі тәртіп бұзғандарға бір ауыз ескерту айтуға жарамайды. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген қазақтың мақалы осындайға қаратылып айтылса керек. Кездескенде көшеде тұра қалып, сүйісіп амандасатындардың да мишықтарына ештеңе кіріп шықпайды. Сондықтан осындай жағдайларға да ұсақ-түйек деп қарамай індеттен сақтану мақсатындағы баршаға бірдей қойылып отырған талап пен міндеттің бұлжытпай орындалуына атсалысуымыз керек. Сонда ғана баса көктеп, алға ұмтылған пандемияның тұмсығы тасқа тиіп, тауы шағылар еді.

...Көп болса бір апта жатып, емделіп шығармын деп тап болған ауруға (пневмония) жеңіл-желпі қарап барған мен күн өткен сайын жағдайым қиындай бастағанын сезіп, шынымен де қорқа бастадым. Әп-сәтте бүкіл өмірім санамда сағымдай сырғып өтті. Өң мен түстің арасында жатып, тілімді кәлимаға келтіріп, Жаратушы Алладан рахым сұрадым. Тілеулес достарым да отбасыммен хабарласып, жүрегіне иман ұялаған кейбіреулері маған арнап дұға тілегін арнаған. Осының бәрін сана сүзгісінен өткізіп: «бір-біріміздің қадірімізді біліп, тірлікте сыйласып өтейікші дос-туыстарым» дегенді жан жүрегім елжіреп, іштей сан рет қайталадым.

Иә, ақиық ақын Мұқағали айтқандай: «Бекер ғой бәрі, бекер ғой бәрі бекер ғой, Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой!..»

P.S. Тұтқиылдан шабуылдайтын жымысқы жаудай, ізімізден аңдып жүрген індеттен сақтанып, болашақта қателіктерге, теріс түсініктерге бой алдырмасын деген ізгі ниетпен осы мақаланы жазғанды жөн көрдім. Әйтпесе, ауырып, жазылып шыққан жалғыз мен емеспін ғой...

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521