Жемқорлық ел дамуына кедергі

(0 Votes)

Бір жылы облыс орталығының өнерпаздары іргелес Ресей Федерациясының Алтынжар елді мекеніндегі Құрманғазы атындағы орталықта концерт қоюға барды. Редакция тапсырмасымен ақпарат құралының өкілі ретінде оларға мен ілестім. Кештетіп қайтып келе жатқанымызда артымыздан ресейлік МАИ автокөлігі ерді.

Тоқтауға белгі берген соң жүргізушіміз барып жолығып еді, «бірдеңе қыстыруларын» сұраған екен. Мұны естіген облыстық мәдени топтың жетекшісі: «Өзім барып сөйлесіп қарайын», деп автобустан түсті. Артынша «Бұлардың тамағына бірдеңе тықпаса болмайды екен», деп кері қайтып келіп, ақша алып кетті. Сол кезде шешен лаңкесі Шәміл Басаевтан қарулы топпен у-шусыз  жүздеген шақырым қашықтықта жатқан Буденновскіге қалай жеткенін сұрағанда жолай барлық постыларған пара бергенін айтқаны есіме түсті. Кейін ресейлік ішкі істер министрлігінің басшысы лаңкестің маршрутымен жүріп өтіп, айтқанын тексерген. Сонда бір постыдан басқасы ақша алып, еш тексерместен өткізе салған. Осыдан-ақ жемқорлықтың мемлекет үшін қандай қауіпті екенін түсінуге болады. 

Біраз жыл бұрын ресейлік  сайттан Кеңес Одағы кезінде жемқорлықпен қалай күрескенін оқып едім. Сталин тұсында оларға ату жазасын, мүлкін тәркілеп лагерлерде ондаған жыл отырғызуды қолданған екен. Хрущев түрмеге тыққан. 18 жыл Брежнев басқарғанда жемқорлықпен күрес бәсеңсіген. Андропов билік басына келісімен жемқорлықпен аяусыз күресті қайтадан қолға алған. Еркіндіктің қадірін білмеген талайларды орнынан алып, темір тордың арғы жағына аттандырған. Өздеріне тықыр таянғанын сезген жоғары жақтарда отырған жемқорлар Андроповтың көзін жойған. Кеудесін әрең сүйреп жүрген Черненконы көз қылып, уақытша мемлекет басшысы қылған. Ол өлісімен Горбачевті билікке әкелген. Міне, осы кезден бастап мемлекет мүлкін таран-таражға салу басталған. АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы КСРО-ның жаңа басшысын мұқият зерттеп, оған ірі көлемде қаражат тықпалау арқылы Одақты құлатуға болатынын жақсы түсінген. Текетіреспен жеңе алмаған елді, сатқындықпен жойған.  

«Жемқорлықты сатқындыққа, ал жемқор шенеуніктерді сатқындарға жетінші буынға дейін теңестіру керек», деген екен Израйльдің саяси және мемлекет қайраткері, осы елдің бесінші премьер-министрі болған Голда Мейр. «Жәй жүргеннен, жей жүрген жақсы», деген оймен өмір сүретіндермен күресті күшейту мақсатында 2022 жылғы 2 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің №802 Жарлығымен бекітілген  «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы»  қабылданды. 

Сыбайлас жемқорлық елдің дамуына кедергі. Жеңіл жолмен баюды көздегендердің кесірінен құрылыс нысандары уақытымен бітпей, аяқталғаны сапасыз шығып жатады. Жемқорлар экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға дейін барады. Бұл халыққа жасалып отырған қастандық. Оны көтерудің артында қызмет бабын пайдаланған ықпалды адамдар тұрғаны анық. Жоғары лауазым иелері мұндай әрекетке баратындай оларға не жетпейді екен деп ойлайсың. Барға шүкіршілік етпейтін, адал жолмен ырыздығын табудың орынына өзіне сенген мемлекетке опасыздық жасайтын мұндайларды Голда Мейер айтқандай сатқындар деу керек. Мемлекет бұларды аяусыз жазалап, өздерінің ғана емес,туыстарының да дүние-мүлкін тәркілеп қаңғытып жіберуі тиіс деп санаймын. Өмірін қайта бастап, бәрін еңбегімен тапсын. Солай етсе ғана,  «Ұсталмаған ұры емес», деп жүргендерге  ақыл кіреді.

Бұрын «Шенеуінікке пара бересің, пара бермесең бара бересің», дейтін еді. Құжаттарды электронды түрде алу өмірімізге еніп және сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейтілген соң жағдай түзеле бастады. Алайда, жемқорлықпен күрес жалпыхалықтық іс. Оны тек мемлекеттің мойынына арта салып қарап отыруға болмайды. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» қимылдасақ қана жемқорлықты тежей аламыз. Еліміздің болашағына алаңдайтын әрбір патриот бұл күрестің алғы шебінде жүруі керек.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT