Президент Жолдауында аграрлық секторды цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізу басты басымдық ретінде айтылды. Сол бағыттың маңызды бөлігі — өсімдік аурулары мен зиянкестерді ерте анықтау. Бұл өнімділікті сақтап, шаруа еңбегінің зая кетпеуіне тікелей әсер етеді.
Қазіргі таңда мұны жүзеге асыруда жасанды интеллект үлкен мүмкіндік ұсынып отыр. Дрондар мен арнайы камералар алқаптарды түсіріп, AI сол суреттерді талдау арқылы жапырақтағы дақты, түс өзгерісін, зиянкестің ізін ерте кезеңде-ақ анықтайды. Бұл қауіптің таралу аумағын дәл көрсетіп, алдын алу шараларын уақытылы жүргізуге жағдай жасайды.
Осындай технологияны қолдану шығынды азайтып қана қоймай, дәріні тек қажетті аймаққа бағыттап шашуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде өнім сапасы жақсарып, еңбек тиімділігі артады.
Жасанды интеллект — өсімдіктерді қорғаудағы тиімді құрал әрі ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына жол ашатын шешім.
Арман Құмарғалиев,
аудандық аумақтық инспекция басшысы


