Жолдауда Мемлекет басшысы қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатырғанын айтты. «Оған отандық және шетелдік инвесторлар қатысуда. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады. Үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өнімдер әлемнің көптеген еліне тасымалданады. Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажет», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар: «Бірақ бұл жерде бір нәрсені ескеру қажет: отандық кәсіпкерлер қазіргі заман талабын дұрыс түсінбесе, яғни жасанды интеллектіні қалайша тиімді пайдалануға болатынын білмесе, табысты бизнес серіктестігін құра алмайтыны анық. Министрлік мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауы керек. Басты мақсат – ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету» деген болатын. Осы екеуі жөнінде әңгімелеп көрейік.
Агрокешенге инвестиция тартуға келсек, дүние жүзіндегі кедей халықтың төрттен үш бөлігі агроөнеркәсіптік кешен негізгі табыс көзі болып табылатын ауылдық жерлерде тұратындықтан, оның өсуі кедейлікті азайтуға және табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Себебі, ауылдық жерлерде жұмыс табу қиын. Зерттеулерге сүйенсек, агроөнеркәсіптік сектордағы табыс деңгейінің бір пайызға артуы елдің жалпы кірісін басқа саладағы табыстың ұқсас өсуімен салыстырғанда үш-төрт есе арттырады. Қарапайым тілмен айтқанда, агроөнеркәсіптік технологияға салынған әрбір доллар ең қарапайым бағалаулар бойынша алты доллар және ең жақсы сценарий бойынша жылына 80 долларға өседі. Сол себепті ауылшаруашылық инновацияларына инвестиция салу тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің негізгі факторларының бірі болып табылады. Агроөнеркәсіптік секторды жақсарту – экономикалық өсуге және өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ету, бұл өз кезегінде денсаулық сақтау мен білімге қол жетімділікті жақсартады, теңдік деңгейін арттырады. Жолдауда: «Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек. Көптеген аймақта өндірістің барлық сатысын қамтитын үздік агрокәсіпорындар бар. Оларды жұртшылық жақсы біледі», дейді Мемлекет басшысы. Ауданымызда осындай кәсіпорындардың бірі «Құрманғазы» сервистік дайындау орталығы. Ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында қызмет жасап келе жатқан танымал азамат Бержан Кенжебаев басқаратын цех тұрғындардан мал қабылдап, күніне 2 тонна ет өңдейді. Өңделген еттен 18 түрлі өнім шығарылады. Ол аудан орталығындағы 2 дүкенде тұрғындарға ұсынылуда. 21 адамды жұмыспен қамтып отыр. Цехтың өнімдерін өзге дүкендерден де кездестіруге болады. Сұраныс бар. Жолдауда айтылғандай өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізуді жүзеге асырып отыр.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні қалайша тиімді пайдалану жайын қозғады. Жасанды инттелктінің қандай пайдасы бар? Машиналық оқыту алгоритмдері сенсорлардан, спутниктерден және дрондардан жиналған деректердің үлкен көлемін талдайды. Бұл су, тыңайтқыштар және пестицидтер сияқты ресурстарды пайдалануды оңтайландырады. Жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен егістік жерлерден түсірілген суреттерді талдау аурудың немесе зиянкестердің белгілерін ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Бұл жедел шаралар қабылдауға және егін шығынын азайтуға көмектеседі. Гербицидтерді кеңінен қолдануды қажет етпестен арамшөптермен мақсатты және тиімді күресуді қамтамасыз етеді. Дақылдар мен арамшөптерді ажыратуға мүмкіндік туғызады. Малдың денсаулығы мен әл-ауқатын бақылауға, аурудың ерте белгілерін анықтауға және уақтылы ветеринарлық көмек көрсетуге жәрдемдеседі. Ауа-райына байланысты деректерді талдайды. Бұл фермерлерге климаттың өзгеруіне бейімделу үшін отырғызу уақыты мен дақылдарды таңдау туралы негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі. Фермерлер суды тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін топырақтың ылғалдылық деңгейін анықтау үшін деректерді талдау арқылы суару жүйелерін оңтайландыра алады. Жануарлардың жай-күйін, оларды ұстау және денсаулық жағдайларын мониторингтеуге де пайдасы зор. Компьютерлік көру мен сенсорларды пайдалану температура, ылғалдылық, жем мөлшері және тіпті жануарлардың белсенділігі сияқты параметрлерді бақылауға мүмкіндік береді. Деректер аурулардың алдын алуға және өнімділікті жақсарту үшін жағдайларды уақтылы түзетуге көмектеседі. Төрт түліктің денсаулығын бақылауда датчиктер мен камералары бар жүйелер жануарлардың нақты уақыттағы күйі туралы деректерді жинайды. Оларды талдап, аурудың белгілерін, мінез-құлықтың бұзылуын немесе тәбеттің өзгеруін анықтайды. Бұл ықтимал проблемаларға жедел жауап беруге мүмкіндік береді, аурудың деңгейін төмендетеді және табынның жалпы өнімділігін көбейтеді. Сол сияқты алгоритмдер жануарлардың әр тобы үшін оңтайлы диетаны қалыптастыру үшін жас, салмақ, қоректік заттарға қажеттілік және ұстау жағдайлары туралы деректерді талдайды. Нәтижесінде жемшөптің артық шығыны азайып, ресурстарды пайдалану тиімділігін арттырады. Табиғи өнімділік, денсаулық және диета деректерін талдау арқылы алгоритмдер лактацияның ықтимал уақытын, сүт деңгейін және басқа көрсеткіштерді болжай алады. Демек фермерлерге отарды өсіру және жақсарту шараларын алдын ала жоспарлауға, сондай-ақ өндірісті тиімдірек басқаруға мүмкіндік туғызады. Жасанды интеллект технологияларын мал шаруашылығын басқаруға енгізу жануарларды күтіп-бағу мен азықтандыру шығындарын едәуір төмендетуге, сондай-ақ жұмыстың жалпы тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Президентіміздің айтуы орынды, ауыл шаруашылығына осындай заманауи тәсіл енсе, оның өнімділігі артады. Қазір көптеген елдер ауыл шаруашылығын өркендетер жүйе – жасанды интеллектіні ауыл шаруашылығына енгізіп жатыр. Бізде өркениет көшінен кейіндеп қалмауға тиіспіз.
Қанат ҒҰМАРОВ