Бүгінгі таңда қоғамымызда аса өзекті мәселелердің бірі тұрмыстық зорлық-зомбылық болып отыр. Бұл – отбасы құндылықтарына, адам құқықтарына нұқсан келтіретін, адамгершілікке жат, заңмен тыйым салынған әрекет. Бұл тек бір адамның емес, бүкіл отбасының, тіпті тұтас қоғамның қасіреті. Мұндай жағдайлар көбінесе үй ішінде – жақын адамдар арасында орын алады.
Зорлықтың түрлері сан алуан, физикалық, психологиялық, жыныстық, экономикалық болып жалғаса береді. Одан көп зардап шегетіндер қатарында әйелдер мен балалардың болуы өте өкінішті. Құрманғазы ауылдық округі де бұл әлеуметтік мәселеден шет қалмайды. Бұл – біздің басты міндетіміз. Әрбір азамат өз отбасында тыныштық пен өзара түсіністік орнатуға, заңға қайшы әрекеттерге жол бермеуге тиіс. Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болса, дереу жергілікті полиция бөліміне, ауыл әкімдігіне немесе арнайы орталықтарға хабарласуыңызды сұраймыз.
Біз – заң үстемдігін, әділеттілікті және адам құқықтарын құрметтейтін елміз. Мемлекетіміз де бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізуде. Заң бар, қорғау тетіктері бар, тек үнсіз қалмай, көмек сұрау қажет. «Бас жарылса, бөрік ішінде» деген ескі көзқарас. Ата-бабаларымыз отбасыны киелі шаңырақ деп құрметтеген. Ендеше, сол құндылықты сақтап, зорлықсыз өмір сүруге ұмтылайық!
Нұрболат ҚАЙРМЕДЕНОВ,
Құрманғазы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы


