Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық аға басылымдардың бірі «Ана тілі» газетіне берген сұхбатын басынан аяғына дейін мұқият оқып, танысып шықтым.
Сұхбат алушы аталған басылым редакторы да жай журналист емес, елге белгілі ақын Ерлан Жүніс те жас та болса бас болып, салмақты сауалдар қойып, қордаланған мәселелерді қаузай алғаны қуантады. Өзіме Президентіміздің биылғы жылдың ауыр сынағы болған көктемгі су тасқынына қатысты қойылған сұрақ пен оған берілген жан-жақты әрі мағыналы жауап қатты ұнады.
«Күрделі сәттерде қоғамдағы қордаланған келеңсіздіктердің беті ашылатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бірақ әр қиындықтың қайыры бар. Сондықтан дағдарыс кезінде байбалам салмай, байыпты болған жөн. Біз өзекті мәселелерге қатысты дұрыс шешім қабылдап, істің көзін таба білуіміз қажет. Әдетте мемлекеттік қызметшілерді орынсыз сынап-мінейтін әңгімелер жиі айтылады. Алайда бәрі де салыстырғанда көрінеді. Әсіресе басқа елдермен салыстыру арқылы сараланады. Біз коронавирус індетінен бастап қазірге дейін дағдарысты жағдайлардың бәрінен ойдағыдай өтіп келеміз» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Өткенге көз жүгіртсек, Атырауда соңғы су тасқыны 1993-1994 жылдары орын алған еді. Сөйтіп, ол араға тура отыз жыл салып тағы да қайталанды. Кезінде өңіріміздің атақты табиғат жанашыры Мұфтах Диаров бұл аймақтың о баста теңіз табаны болғанын айтып, қандай жағдайға да дайын болу керектігін талай ескерткен еді. Бірақ оның сөзіне құлақ асқан ешкім болмады. Жалпы, қандай табиғат апаты болмасын, белгілі бір уақыт аралығында қайталанып тұратыны айтпаса да түсінікті жайт қой. Сондықтан оған әркез дайын болу керек. Мәселен, Құлсары қаласын су басады деген ой ешкімнің ойы түгілі түсіне де кірмеген шығар. Алайда, өкінішке орай күтпеген жағдай орын алып, тұрғындар тосылып қалды. Соған қарамастан, жергілікті әкімдік тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып, тұрғындар да белсенділік танытты. Мемлекет тарапынан тиісті міндеттемелердің бәрі орындалып, көзге көрінбейтін қыруар жұмыс атқарылды. Мұны Президенттің өзі де осы сұхбатында айрықша атап өтті. Сөз жоқ, қай мемлекет үшін де ең басты құндылық та, капитал да, бұл – адам өмірі, одан асқан байлық жоқ. Сондықтан бар күш адам өмірін сақтап қалуға жұмсалды ғой. Мемлекет басшысы өте дұрыс айтады. Расымен де, табиғат апаттарына адамзат басына туған қиындық емес, сабақ алу қажет сынақ ретінде қараған дұрыс. Себебі, құр айқайлап, қоғамды дүрліктіргеннен ештеңе шықпайды. Қайта «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ортақ іске жұмылу керек. Еліміз бұны бірдей және бірден түсініп, сана сүзгісінен өткізгендей болды. Бұл да осыған дейін болған коронавирус пандемиясы секілді үлкен сынақ болды және оны халқымыз берекелі бірлік пен атту тірліктің арқасында жеңе білді. Иә, алда қандай сынақ тұрса да, дайын болуымыз керек. Бұл жер – ата-бабамыздың бізге аманаттаған мәңгілік мұрасы. Оны тастап кетуге болмайды. Өйткені, бұл Отанды сатумен бірдей болар еді. Ал, мұндай опасыздық – кешірілмейтін күнә.
Зоя ТЕМІРТАСҚЫЗЫ,
аудан ардагері, «Алтын алқа», «Еңбек ардагері» медалінің иегері