Суицид мәселесі бүгінде қоғам назарындағы ең өзекті әлеуметтік-психологиялық проблемалардың бірі болып отыр. Мамандардың айтуынша, өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттері көбіне ұзаққа созылған күйзеліс, өмірлік қиын жағдайлар, әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі және психикалық денсаулықтың әлсіреуімен байланысты. Бұл құбылыс бір ғана себептен туындамайды, бірнеше фактордың жиынтығы нәтижесінде қалыптасады.
Психоэмоционалдық жағдайдың нашарлауы, үмітсіздік сезімінің күшеюі, адамдармен қарым-қатынастан алшақтау, күнделікті өмірге қызығушылықтың төмендеуі – адамның ішкі күйзелісте жүргенін білдіруі мүмкін. Мұндай белгілер байқалған жағдайда дер кезінде назар аударып, қолдау көрсету аса маңызды. Себебі уақытында көрсетілген психологиялық көмек ауыр салдардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Мамандар суицидтің алдын алуда қоғамдағы бейжайлықты азайтып, ашық әңгіме мен қолдау мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтеді. Отбасы мүшелері мен жақын ортаның түсіністігі, сондай-ақ кәсіби психолог мамандардың көмегі адамның қиын кезеңнен өтуіне оң әсер етеді. Көмекке жүгіну әлсіздік емес, керісінше өмірге деген жауапкершіліктің көрінісі болып саналады.
Әрбір адамның өмірі қымбат. Қандай қиын жағдай болмасын, одан шығудың жолы бар. Суицидтің алдын алу – тек мамандардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Құрманғазы ауданы


