ҚҰС ӨСІРУДІҢ ДЕ ӨЗІНДІК ҚҰПИЯСЫ БАР

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында "Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар" деген болатын.

Индер ауданында да мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, бөдене құсын өсіру кәсібімен айналысып отырған отбасылар бар арамызда. Солардың бірі – ерлі-зайыпты Мақсотов Жеңіс Мұратұлы мен жұбайы Индира Достанқызы. Олар бөдене асырауға алғаш рет Атырау қаласында үй жалдап тұрған кездерінде талаптаныпты.

Сондағы өзге ұлт өкілі әжейдің ауласынан жұдырықтай ғана құстың бабын тауып, саудалап пайдасын көріп отырғанын көріп, қызығушылық туған. Әрі кішкентай қызы ауырып, қаншама дәрі-дәрмек қолданса да көкжөтелі 3-4 айға дейін тыйылмай қойыпты. Атышулы бір дәрігерге көрсеткенінде балаға диета ұстау қажеттігін, осы орайда бөдененің еті мен сорпасы таптырмас ем екенін қаперге беріпті. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекеттік грант беріледі деген жағымды хабарды естіп, оған көпбалалы отбасы ретінде конкурсқа қатысуға тәуекел жасайды. Грант бөлуге арналған аудандық комиссияда бұқаралық ақпарат құралының өкілі ретінде өзім де комиссия мүшесі болып қатысқан едім. Сонда грантқа үміткер Индира Достанқызының бөдене шаруашылығымен айналысуға талаптанғанына куә болып, қолдағандардың бірі едім. Бұл отбасының Индербор кенті Амангелді көшесіндегі үйінің ауласында орналасқан шаруашылығын көзбен көрдік.

Гранттың қаржысы қолға тиген соң бөдене құсын Атырау қаласынан, ал оны өсіруге арналған құрал-жабдықтың денін Алматы қаласынан алдырды. Қолдағы бөдененің бәрі бір бөлменің ішіндегі 5 қатарлы торлы орынға тоғытылыпты. Бар болғаны 120-60 см ғана шағын жерге 200 бөдене сыйып кеткен. Бөденені қамап ұстамаса, бос жүріп табыс әкелмейді екен.

- Күнде таңертеңнен бастап 4-5 сағат сайын үздіксіз жем-суын саламыз. Қазір шамамен 3 аналыққа 1 аталықты қосып отырмыз. Жұмыртқаларды аналық бөденелер ғана емес, инкубатор арқылы да көбейтіп отырмыз. Балапан жарып шыққаннан кейін бругерде 30 күн ұстаймыз. Үлкейгесін осы торлы орынға ауыстырамыз. Содан арада бір айға жақындағанда жұмыртқасын бере бастайды. Тауық 24 сағат сайын туатын болса, бөдене 16 сағат сайын жұмыртқалайды. Жұмыртқа 16- 18 күнде балапанға айналады. Қажетті жағдайын жасаса, бармақтай балапандар жылдам өседі. 60 күнде өсіп жетіліп, жұмыртқа туып бастайды. Ал тауық 21 күнде балапан шығарса, ол балапандағанша 9-10 ай уақыт күтуге тура келеді. Таңертең және кешке жұмыртқасын жинап аламыз. Басқа көп ауыртпашылығы жоқ. Қазір күніне 60-70-тің шамасында жұмыртқа алып, оны саудалап отырмыз. Негізінен Индербор кентінің басында және ауыл-аймақтан да сұрап алдыртып жататындары бар. Көбіне ас қорыту жүйесі ауыратын адамдар сұратады. Негізі бөдененің ғұмыры 1-1,5 жыл ғана. Одан әрі жұмыртқаламайды. Біз қазір көбіне ұзаққа апармай 3-4 айлық мерзімде сойып алып отырмыз. Оны вакуумды аппаратқа целлофанға орап, мұздатқышта сақтаймыз. Етін ауылда бірер адам болмаса, көбіне Атырау мен Құлсары қалаларынан естігендер сұратып алдыртады. Индерде көбіне жұмыртқасына қызығушылық туғанмен, етін пайдалануды әлі толық меңгермей жатқандай көрінеді, – дейді Жеңіс Мұратұлы.

Қазір қолда бөдененің техас пен манжур түрлері екен. Бұл – ет және жұмыртқа бағытына арналған тұқым. Бұрын қызы ауырған кезде бөдененің эстон деген түрі ем болыпты. Ол тұқымды негізінен жұмыртқа бағытында өсіреді екен. Қолға ұстап отырған техас түрінің салмағы аздап көптеу болмаса, бір-бірінен алып бара жатқан көп айырмашылығы жоқ.

Ал жұмыртқалары бірдейге жақын. Бөденелер жаз бойы жұмыртқасын жақсы беріп келіпті. Күн бірден салқында ғанда жұмыртқа бермейді екен. Бөденелер температура қалыптасқасын қайта жұмыртқалай бастайды. Жұдырықтай ғана құсты өсіру оңай шаруа емес екен. Алдымен орны жылы болуы керек. -Бөденені негізінен 25- 27 градус Цельцийде жылы орында ұстап отырмыз. Қыс айларында электр пешін қосып жылытамыз. Газбен немесе от жағып жылытылса бірден уланып қалады, өте сезімтал. Бізден басқа адам кіріп шықса, темекінің иісі шықса да әсер етеді. Мысық кіріп шықсада бірден жұмыртқалауын тоқтатады.

Адамның да киімінің түсін емес, иісін сезетін сияқты. Жатырқағанда жұмыртқа бермей қалады. Ол кезде өзің көргендей тордың ішінде шыр көбелек жүгіріп, дауыс шығарып шулап кетеді. Басқа уақытта тыныш болады. Бөденеге жемін арнайы Атыраудан бірнеше қаппен алдыртамыз. Негізі жемнің өзі Ресей елінен келеді. Қолда тұрған бөденелер басқалай жемді жей алмайды. Сондай-ақ бөлме температурасына сай келетін суды береміз. Бөдене ұстайтын адамдар арнайы чатта бірігіп, жаңалықтармен бөлісіп отырамыз. Бөдененің астында арнайы науасы бар. Соған жиналған саңғырығын күнде кешкісін тазартып отырамыз.

Екі-күш күнде де тазалауға болады. Бірақ одан ұзаққа тұрса ауырып, тіпті соқыр болып қалады екен. Өйткені, саңғырығының токсині көп болғандықтан уы күштірек болады. Негізі бөдененің саңғырығы – таптырмас табиғи тыңайтқыш. Бақша баптаған өзге ұлт өкілдері саңғырығын сұрап келеді. Қазір грант алып шаруа жасағаннан бері қиындық көре қоймадық. Уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, бұл құстың тілін тауып келеміз. Еңбек еткен адамға Алла берекетін береді. Бөденені сүйіспеншілікпен асырай білген адамға пайдасы да тиімді. Алда жоспарымыз көп. Бөдене санын көбейтіп, шаруашылығымызды ірілеткіміз келеді. Біздің өңірде бөдене шаруашылығы көп дами қоймағанымен, еліміздің оңтүстік өңірлерінде бірнеше мыңдап асырап отырған шаруашылықтар бар екен. Рас, біздегі сауда орындарында бөдененің еті мен жұмыртқасы сөреде орын алған. Бірақ ол қай уақыттан бері тұрған тауар?Ал бізден көбіне жаңадан жұмыртқалаған деп алуға ұмтылады. Сатып алушылардың саны уақыт озған сайын көбейіп келеді, - дейді олар.

Кейіпкерлеріміз бұған дейін, тауық, қаз, үйрек сынды құстың түрін асырап көріп, бәрін саралаған. Сөйтіп бөденеге тоқталыпты. Қазір бұрынғы тауық қорасын бөдене асырауға пайдаланып отыр. Қазды да асырап көргенімен ауласы тарлық етіпті.

Жеңіс Мұратұлы бұған дейін Теңіз кені аймағында ауысымдық әдіспен жұмыс жасапты. Ал жұбайы Индира Достанқызы Атырауда мұнай және газ университетін бухгалтер-экономист мамандығы бойынша аяқтаған. Отбасында Сәкен мен Сержаны Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің оқушылары болса, қызы Қазына да аталмыш мектептің даярлық сыныбында оқиды. Сондай-ақ Айсұлу, Омар атты кішкентайлары бар.

Саламат БАЗАРБАЕВ

Индер ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT