Атырауда сегіз күндік реабилитация лагері ұйымдастырылды

(0 Votes)
Атырауда 7-14 қазан аралығында «Тиімді реабилитация лагері» өтіп жатыр. Оған облыс орталығы мен аудандардан мүгедектігі бар жандар арнайы қатысуда. Лагерьдің негізгі мақсаты – келушілерді өз-өзіне қызмет көрсетуге үйрету, сенімділігін арттыру және белсенді өмір салтын қалыптастыру.
 
Бағдарлама шеңберінде қатысушылар жұлын және омыртқа жарақатын алған, арба пайдаланатын жандарға арналған теориялық және тәжірибелік сабақтардан өтеді. Олар арбада жүру техникасын, кедергілерден өту тәсілдерін, ойық жара мен контрактураның алдын алу жолдарын, сондай-ақ өзін-өзі эмоционалды түрде қолдау әдістерін үйренуде. Сонымен қатар жүзу, аэробика және фитнес сабақтары бар.
 
Нұсқаушы Есболат Балбаев лагерьдің басты ерекшелігі ретінде жол көрсетушілердің де арба қолданатынын атап өтті.
 
⁃Биылғы бағдарлама сегіз күнге дейін ұзартылып, алғашқы екі күн нұсқаушы ассистенттерді – әлеуметтік қызметкерлер мен медициналық колледж студенттерін даярлауға арналды. Бұл оларды болашақта мүмкіндігі шектеулі адамдарға кәсіби көмек көрсетуге бейімдейді, - деді Е. Балбаев.
 
 «Тиімді реабилитация лагері» «Мүгедектігі бар адамдарды тиімді реабилитациялау» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жобаны «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры «Тенгизшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асыруда.
 
2021 жылдан бері Атырау мен Құлсары қалаларында 15 реабилитация лагері өткізіліп, 100-ден астам адам толыққанды өмірге бейімделуге мүмкіндік алған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT