13 наурыз күні Бурабайда ІV Ұлттық құрылтай өз жұмысын бастады. Алғашқы күні құрылтай мүшелері «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым», «Әлеуметтік-экономикалық даму» секциялары аясында өзекті мәселелерді талқыға салды.
Осы орайда, мен де өзімнің азаматтық пікірімді білдіріп өткенді жөн санап отырмын. Қазіргі таңда құрылтай қоғамдық диалогтың бір құралы ретінде қайта жаңғыруда. Қазақстанда құрылтай ұғымы ұлттық бірлікті нығайту, қоғамдық мәселелерді ашық талқылау және билік пен халық арасындағы байланысты күшейту үшін қолданылады.
2022 жылы құрылған Ұлттық құрылтай – елдегі өзекті мәселелерді талқылау және халықтың пікірін билікке жеткізу мақсатында ұйымдастырылған бастама. Бұл алаңға саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жастар өкілдері және басқа да азаматтар шақырылады. Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалар құрылтайларда кеңінен талқыланады. Мысалы, Жаңа Қазақстан идеясы мен Конституциялық өзгерістердің біразы Ұлттық құрылтайда көтерілген.
Құрылтай түрлі әлеуметтік топтар мен этностардың пікірін ескере отырып, ұлттың біртұтастығын сақтауға көмектеседі. Бұл әсіресе көпұлтты Қазақстан үшін маңызды. Құрылтайда айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру – оның басты тиімділік көрсеткіші. Егер айтылған пікірлер тек қағаз жүзінде қалып қойса, халықтың сенімі төмендеуі мүмкін. Сондықтан билік бұл алаңды нақты өзгерістерге бағыттау керек.
Егер Ұлттық құрылтай халық пен биліктің арасындағы тиімді диалог құралына айналса, ол демократиялық процестерді дамытып, қоғамның сенімін арттыра алады. Алайда оның табысты болуы ашықтық пен нақты шешімдердің жүзеге асуына байланысты.
Рая Елеусізова,
Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы