«Трамадол» түбіне жетпесін

(0 Votes)

Бұл күнде нашақорлық қоғамдағы ең күрделі мәселенің біріне айналып отыр.

Әсіресе, кейбір жастар мен жасөспірімдердің, тіпті мектеп жасындағы балалардың да уақытша «таңғажайып өмір» сыйлағандай көрініп, есіңді алар есірткінің құрбаны болып жүргені жасырын жайт емес. Негізі өмір есірткісіз де ғажап. Бірақ мұны келте ойлайтындар түсінгісі де келмейді. Сөйтіп, біреулерге еріп өз өмірлерін қор қылып, саулығын бұзып өкініп жатады. Әбден басына тигенде ғана ақылы кіріп, бармағын тістелейді.

Аудан әкімдігінде өткен бір жиында орталық аурухананың психиатр-нарколог дәрігері Талап Сисеналиев кейінгі уақытта жастардың «Трамадол» анальгетигін қолдануға әуестігі артқандығы жайлы әңгіме қозғап, дабыл қақты. Оның айтуынша, аталған дәріні кейбір дәріханалардан ешқанбай рецептісіз еркін сатып алуға болатын көрінеді. Негізінен көптеген елдерде есірткілі препараттар тізіміне енгізіліп, көп ретте тек ол онкологиялық аурумен ауратындарға берілетін күшті дәрі.

Өкінішке қарай, бұл синтетикалық дәрі нашақорлар арасында үлкен танымалдыққа ие болып кетті. Әдетте, «Трамадолды» жасөспірімдер күніне 2-3 таблеткадан бастап, 10 таблеткаға дейін ішетін жағдайға жетеді. Тіпті, бір адамның 30 таблеткаға дейін қолданатын кездері болады екен. Бастапқы кезде аталған дәріні жан рақаты үшін ішіп жүрсе, кейіннен оны дененің сынып ауруын басу үшін қолдана бастайды. Яғни, тәуелділікке әкеледі. Мұндай дозада көбіне-көп қолданушы есінен танып, қалшылдап, аузынан көбігі шығатын қояншық дертіне ұқсайтын ұстама ауруын туғызуы мүмкін.

«Трамадол» — есірткілі анальгетик, апиынды рецепторлардың агонистік тобына жатады. Күшті анальгетикалық белсенділікке ие, жылдам және ұзақ әсер береді. Белсенділігі бойынша бірдей мөлшерде морфиннен кейінгі орында. Денеге инемен егу арқылы енгізіледі. Нерв жүйесіне тигізетін жанама әсерлері бар. Қатты тер бөлінуі, бас айналу, бас ауруы, әлсіздік, қатты шаршау байқалады. Сондай-ақ, бұлшық еттің құрысуы, қозғалыстың тежелуі, ұйқының бұзылуы, сананың шатасуы кездеседі. Ұзақ қолданған кезде дәріге тәуелділік орын алады.

Аузы дуалы Қадір Мырзәлінің «Баланы әке тәрбиелемесе кафе тәрбиелейді, қызды шеше тәрбиелемесе көше тәрбиелейді» дегеніндей, әр нәрсеге еліктегіш балаларыңызға бас-көз болып, әрдайым қадағалап жүріңіз. «Трамадол» түбіне жетіп жүрмесін!

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521