Жаңа вакцина коронавирустың жаппай таралуына тосқауыл қойып, адамдардың қалыпты өмірге қайта көшуіне ықпал етеді. Еліміздегі қолданыстағы екпелер бірнеше сатылы сынақтан сәтті өткен.
Дегенмен, бүкіл дүние жүзін дүр сілкіндерген коронавирустың таралуымен қатар, оған қарсы вакцинаға қатысты алыпқашпа сөздер көбейді. Пікір алуандығы адамдардың екпеге деген күдігін арттырып, күмәнін тудырды. Яғни вакцинаны мойындамау, сенімсіздік белең алды. «Дәл қазір дерт қысып тұрған шақта негізсіз әңгімелердің тамырына балта шабу керек. Әйтпесе, вирусты жеңу қиынға соғады»,-дейді Құрманғазы ауылының 72 жастағы тұрғыны Шафхат Мұфтахов.
Ағамызбен сұхбат барысында 70-тен асқан білім беру саласының ардагері, жары Нәсіпті Сариевамен бірге орталық ауруханада ерікті түрде ағымдағы жылдың 5 мамыр күні екпе алғанын білдік. Талай жыл құрылыс саласында еңбек етіп, аудандық мәслихат депутаты болған кейіпкеріміз бұл қадамға үлкен дайындықпен, ой саралаумен барғанын айтады. Анығында, өзі бұл індеттің құрығына түспесе де, осы тәжтажалдың тұзағына іліккен көптеген етжақын бауырларынан, бір жүрген жора-жолдастарынан қапияда айырылған. Өткен жылы тосыннан келген қиындыққа тойтарыс беруге қауқарсыз ауруханада дертіне дауа іздеушілерге орын жетіспегенін өз көзімен көрген. Осылайша, әлемде болып жатқан жағдайдан күнделікті хабардар болып отырған ол жүрегі әр адамзат үшін ауырып, басқа үйірілген бұлтты сейілтер бір шуақты сәттің тууын тілейді бар пейілімен.
«Коронавирусқа қарсы вакцина – ғылымның үлкен жетістігі, дерттің дендеуін болдырмайтын алпауыт күш»,-деп бағалайды ардагер. Мемлекетіміздің халықты тегін вакцинациалауға қомақты қаражат бөліп, бар мүмкіндікті жасап жатқанына дән риза. Бірақ «тегіннің тұзы татымайды» деп теріс ойда жүргендерді мүлде түсінбейтінін де жасырмайды. Екпенің алдында жұбайы екеуін дәрігерлер толық тексеруден өткізген. Қарсы көосетілімдер болмағандықтан, “Спутник-V” вакцинасының І-компонентін қабылдады, жақында II-компонентін салдықмақ ниетте. - Жарты сағат екпеден кейінгі күту залында мамандардың бақылауында болдым. Ешқандай кері әсер байқалмады. Қазір жағдайымыз жақсы. Алматы қаласындағы шипажайда демалып келдік. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген. Бүгінгі таңда коронавирустан сақтанудың бірден-бір жолы – осы екпе болып тұр. Ең алдымен өз денсаулығымызды, отбасымызды, айналамыздағы адамдарды қорғаудың тиімді тәсілі осы болғандықтан азаматтық міндетімізді орындадық,-деген Шафхат Мұфтахов ұжымдық иммунитетті қалыптастыру арқылы ғана жаңа індеттерден және жағдайлардың көбеюінен аулақ болып, қиындықты түбегейлі жеңетінімізге сенеді.
Еркеназ Қалижан