МИКРОБТАР «МЫҚТЫ» БОЛА ТҮСТІ...

(0 Votes)

«Мемлекет денсаулық сақтау жүйесін дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Елімізде медицина нысандары біртіндеп жаңғыртылуда. Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап мамандандырылған ауруханаларға дейін жаңартылып жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынды, осы жылдың соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілмек».

(Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауынан)

Осыған дейін аурудың ең ауыр түрі ретінде онкология мен қант диабетін айтушы едік. Енді бұлардың қатарына антибиотиктерге төзімділік мәселесі қосылды. Тіпті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұны қоғамдық денсаулықтың 10 қауіп-қатеріне жатқызып отыр. Демек...

Дәрігерге қаралмай, дәріханадан кез келген антибиотикті алып, қабылдай салу – енді өмірге үлкен қауіп төндіруі мүмкін деген сөз. Ал, жұмысбастылардың бәрі қазір жұмысбасты боп кеткен: емхана шарлап ем іздеуге ешкімнің уақыты жоқ. Бәрі дерлік антибиотик алуға асығады. Сонда қайтпек керек?! Ендеше, тығырықтан шығар жолды біз білікті мамандар мен арнайы сарапшылардан сұрастырып көрдік.

Мамандар не дейді?

Алдымен, вируста антиботикке төзімділік қалай пайда болады? Біз бұл сауалды осы салада жиырма жылдан астам тәжірибесі бар дәрігер-эпидемиолог, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы басқарма төрағасының орынбасары Манар Смағұлға қойған едік. Оның айтуынша, бұл көп жағдайда дәріні дұрыс қолданбаудан пайда болады.

«Егер халықаралық сарапшылардың сөзіне сүйенсек, 2019 жылы орын алған 1,2 миллион өлім-жітім осы антибиотикке төзімділіктен болған екен. Сондай-ақ, тағы 5 млн қайғылы жағдайға қосалқы әсер еткен. Жалпы, бұрын антибиотиктер көп болды. Оларға микроорганизмдер төтеп бере алмады. Уақыт өте келе микробтардың төзімділігі артты. Яғни, олардың тіршілік үшін күресі күшейе түсті. Енді, міне, бүгінде антибиотиктің барлық түріне қарсы тұра алатын микроағзалар пайда болып жатыр. Олардың төзімділігі 20 пайызға өсіп отыр. Бұған бүкіл әлем алаңдаушылық білдіруде. Осы жерде мұндай жағдай неліктен қазір ғана пайда боп жатқаны жөнінде сұрақ туындауы мүмкін. Оның себебі, антибиотиктерді ойлап табу және өндіру өте ұзақ уақыт алады. Одан микробтардың төзімділік танытуы – жылдамырақ. Британдық зерттеушілердің болжамына сүйенсек, алдағы уақытта антибиотикке төзімділіктен 10 млн өлім-жітім тіркелуі мүмкін. Сонда бұл көрсеткіш онкологиялық дерт пен қант диабетін қоса алғаннан да жоғары болады деген сөз» дейді Манар Асырқызы.

Бір жағынан, мұны тек медициналық емес, экономикалық және әлеуметтік мәселе деп қарастырған жөн сияқты. Өйткені, ондай науқастарды емдеу ұзақ уақыт алады және қосымша дәрі-дәрмек өндіру керек болады. Олардың жұмыс орындары өтемақы төлейді. Сондай-ақ, экожүйеге де белгілі бір мөлшерде зиян келеді. Сондықтан кез келген антибиотикті қабылдамас бұрын дәрігерге бір қаралып алған дұрыс. Бұл өте жеңіл әрі тиімді болмақ.

Вирусқа да жан керек

Өңіріміздегі Жастар денсаулық орталығының басшысы Әлішер Талғатұлы да бұл мәселеге бей-жай қарамай, дәріхана иелері болып табылатын кәсіпкерлер мен тұтынушылардың өздері де жауапкершілік жүгін жете сезіне білуі керек деп санайды. Яғни, антибиотиктердің еркін сатылуына тосқауыл қоятын уақыт жетті. Себебі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде әр үшінші адам рецептісіз дәрі қабылдайтынын анықтап отыр.

– Жасыратын несі бар, қазір адамдардың дені түшкіре қалса болды, бірден антибиотик қабылдай қояды. Тіпті, дәрігерге қаралғанның өзінде, дене қызуы түскен бойда дәрі ішуді дереу доғара салады. Ал, бұл кезде микробтар соңына дейін өлмейтінін ойламайды. Осылайша, ағзада қалған бактериялардың антибиотикке төзімділігі пайда бола бастайды. Өйткені, оларға да жан керек, олар да өмір сүргісі келеді, тірі қалудың амалын іздейді. Міне, сондықтан дәрігердің нұсқауынсыз және дәріні көрсетілген мөлшерден тым аз немесе көп жағдайда ішуге болмайды. Әйтпесе, өз бетімен емделудің соңы өлімге әкелуі әбден мүмкін. Жай ғана ойланып көріңізші, жыл сайын әлемде антибиотикке төзімді микробтардан 5 млн-ға жуық адам көз жұмады екен. Яғни, антибиотиктердің көмегі тимейді деген сөз. Ал, 2050 жылы ғалымдар бұл көрсеткіш екі еселеніп кетуі мүмкін деп қауіптеніп отыр. Тіпті, күндердің бір күні қарапайым соқырішекті де емдей алмайтын жағдайға жетуіміз мүмкін, - дейді ол.

Аңыз бен ақиқат

Ал, кейбір науқастар ешқашан антибиотик ішпегендерін, сондықтан оған төзімділік болмайтынын айтып «өзім білемінге» салып жатады. Мамандардың сөзінше, бұл да –көп аңыздың (миф) бірі екен.

– Микроорганизмдер көзге көрінбейді. Сондықтан адам өз ағзасында қай аурудың қоздырғышы бар екенін білмейді. Сондықтан бұрын антибиотик ішті ме, жоқ па, оның бұл жерде еш маңызы жоқ. Осыдан 10-15 жыл бұрын антибиотиктерге төзімді микробтар тек ауруханаларда ғана болатын. Оны госпитальдық инфекция деп атайтын. Ал, қазір олар сыртқы қоршаған ортада толып тұр. Кезінде атақты антибиотик – пенициллинді ойлап тапқан ғалым Александр Флеминг Нобель сыйлығын алған кезде: «Пенициллинді көп мөлшерде емес, керісінше, аз мөлшерде пайдаланғанда қауіпті болуы мүмкін» деген екен. Айтқанындай, аталған дәрі пайда болған бес жыл ішінде микробтың тең жартысында оған төзімділік қалыптасқан.

Тағы бір миф – антибиотиктердің тұмау секілді жіті респираторлық вирустық инфекциядан (ЖРВИ) айықтыруы. Бұл да қате түсінік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бізді солтүстік өңірге жатқызады. Сәйкесінше, бізде ЖРВИ қазан-мамыр айлары аралығында күшейеді. Сол кезде антибиотиктерді жұрт жаппай қолдана бастайды. Осылайша, адамдар микробтардың антибиотикке төзімділігін өз қолымен қалыптастырып жатыр.

Халыққа айтар ақыл-кеңесім, мүмкіндік болса, вакцинациядан бас тартпаған дұрыс. Ол аурудан және оның асқынуынан қорғайды. Қазір балалар ЖРВИ-мен жиі ауырады. Сырқаттанушылардың 70 пайызы 14 жасқа дейінгі, ал, оның 80 пайызы 5 жасқа дейінгі. Сондай-ақ, соңғы кезде қызылша жұқтыру жағдайы да жиілеп кетті. Ал, бұл – 100 пайыз вакцинамен қорғалатын ауру. Өзге елдердің тәжірибесін алсақ, мәселен, Америкада қызылшаға қарсы екпе алмағандар мектептің маңына да жолай алмайды. Себебі, ол жақта заң өте қатал. Сол сияқты, халық тығыз орналасқан Корея, Жапония секілід елдерде аурудың алдын алу, яғни, профилактикалық мәдениет өте жақсы дамыған. Оны адамдардың көпшілік жерде бетпердемен жүретіндігінен айқын аңғаруға болады. Олар «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге» дағдыланған. Өйткені, ем алу өте қымбат тұрады, - дейді дәрігер-эпидемиолог Манар Смағұл.

Айыппұл емес, жауапкершілік арқаласын!

 Жарайды, «болған іс болды, бояуы сіңді» делік. Ендігі мәселе, антибиотик еш әсер етпей қалған жағдайда науқастың өмірін құтқарып қалуға бола ма? Әлде, мұның ешқандай емі жоқ па? Медицина саласының ардагері Дәулетқали Қуанышұлының айтуынша, микробта ешбір антибиотикке сезімталдық қалмаған жағдайда науқас өліп кетуі әбден мүмкін. Себебі, бұл одан әрі созылмалы немесе жұқпалы ауруларға жалғасып кетеді.

– Өкінішке орай, қазір еліміздің барлық өңірінде де антибиотиктің ешқайсысы көмектесе алмаған жағдайлар тіркелген. Ондай науқастар өте ұзақ уақыт ем алады, ал, кейде өмірмен де қоштасады. Мәселен, қазіргі күзгі мезгілінде неше түрлі жұқпалы вирустар бас көтеріп жатыр. Сәйкесінше, дәріханаларда сауда қыза түсуде. Өйткені, жұрт ең алдымен сонда барады. Ал, дәрігерге ауру асқынған соң ғана қаралады. Бұл – ащы да болса шындық. Көбісі антибиотиктің тек пайдасын ғана ойлайды, ал, оның кей жағдайда ағзаның иммундық жүйесін бұзатынын білмейді. Бұрын ата-аналар бала өте қатты ауырған кезде ампициллин қолданушы еді. Қазір олар одан да күштірек препараттарды пайдаланып жүр. Оның үлкен зардабы бар, яғни, организмде антибиотикке тұрақтылық пайда болады. Ал, жүкті әйелдер антибиотикті дұрыс қабылдамаса, іштегі бала кемтар болып туылуы ғажап емес. Өйткені, ол сүйектің өсуін тежейді.

Қалай болғанда да, елімізде Денсаулық сақтау кодексінің 233-бабы 5-тармағына сәйкес, рецептімен ғана берілетін дәрілік заттарды маман тағайындауынсыз сатуға тыйым салынады. Осы заңды қатаң ұстану қажет. Бірақ, көп жағдайда заң бұзғандар шамамен 500 мың теңге болатын айыппұлмен құтылып кетіп жатады. Ал, өзге елдерде, атап айтсақ, Германияда үш, ал, Түркияда бес жылға дейін бас бостандығынан айырады. Меніңше, бізге де осындай қатал жаза керек секілді. Ал, отандастарыма айтарым, дене қызуы 38-ден аспаса, оны түсіруге тырыспаған жөн (егер адамның қосалқы сырқаты болмаса). Себебі, микроб ағзаға түскен кезде онымен антиденелер өздері күреседі. Тұмауратып қалған жағдайда жылы күйде су ішу пайдалы. Бірақ, бүйрегі ауыратындарға көп су ішуге болмайды, - дейді байырғы дәрігер.

ТҮЙІН

...Иә, антибиотиктердің еркін саудада жүруі мәселені ушықтырып отырғаны рас. Тіпті, дәріханадан ала алмағанын жұрт ғаламтор арқылы сатып алуда. Сондықтан, ең алдымен заңды қатаңдату қажет. Тіпті, керек болса, кейбір мемлекеттер секілді заң бұзған дәріханаларды лицензиядан айыру қажет. Сонда ғана азаматтарымыз өзінің де, өзгенің де денсаулығына немқұрайлы қарамай, айыппұлдың орнына жауапкершілік арқалайтын болады. 

Әділет ҚАНАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT