Әлемде вакцинация қарқын алды

(0 Votes)

Халық аты жаман талай індетті көріп қасіретін шексе де, басынан талай нәубет өтсе де мына індеттің күші жойқын. Батпандап кірген дерттің шеңгелінен құтылу оңай болмай тұр.

Шауып жүрген адамдардың аяқасты о дүниелік болып жатқанын естігенде жүрегің қарс айырылады. Індет қаншама адамды туған-туысынан айырып, қанша шаңырақты шайқалтып кетті. Бастапқыда түрлі дақпыртқа сеніп, дерттің бар екеніне күмәнмен қарады. Соңында сан соғып, қапыда қалып жатты. Ежелден қазақы әдет-ғұрып, салт-сананы қадір тұтқан халық жақын-жұрағаттың ойын-тойы мен қаза-құранынан «ұят боладыға» салып, көпшілік орыннан қалмады. Салдары – жаппай вирус жұқтырды.

Енді бір жыл вирустың барына сенбегендердің көзін енді екпенің індеттен қорғанар баламасыз жол екеніне жеткізу қалды. Қазір жұрттың көбі вакцинациялаудың маңыздылығын толық түсінбей жатыр деп, өзі екпе алған Мемлекет басшысының сөзі рас.

Ал, әлемде Ковидке қарсы вакцинациялау қарқын алды. Қалыпты өмірге асыққан әсіресе Еуроодақ елдерінің тұрғындары екпе салдыртуға таласып, ұзын-сонар кезекке тұруда. Екпе салдырту қарқыны бойынша Еуроодақта бүгінде Сербия көш басында. Онда 7 млн халықтың 2 млн-нан астамы екпенің бір дозасын алған. Елде америкалық, британдық, Ресей мен Қытайдың вакцинасы жеткілікті. Сондықтан, үкімет көрші мемлекеттердің тұрғындарын тегін екпе салдыртуға шақырған. Осыны естісімен-ақ, Солтүстік Македония, Черногория мен Босния тұрғындары Белградқа ағылған. Бала-шаға, ата-анасын ерткен жұрт екпе алу үшін 2-3 сағат кезек күтуде.

Францияның екпе орталықтарында да – дәл осындай жағдай. Вакцинацияны күшейту үшін Париждегі Stade de France футбол стадионы екпе егу алаңына айналған. Тәулігіне 24 сағат үзіліссіз жұмыс істейтін орталықта аптасына 10 мың адамға екпе егілмек. Қолда бар препараттар қазір 70-тен асқан қарттар мен тәуекел тобындағы адамдарға салынуда. Вакцинаны кезектен тыс салдыртқысы келген француздар мен бельгиялықтар арнайы онлайн платформаға тіркеліп, резервке алынуда.

Бүкіл әлем үшін вакцина жасаудан даңқы шыққан Үндістан коронавирусқа қарсы жаппай вакцинацияны биыл 16 қаңтарда бастады. Жалпы үнділердің шешек пен полиомиелитке қарсы жаппай вакцина жасауда тәжірибесі мол. 1,3 млрд халқы бар елді иммундау оңай шаруа емес. Бастапқы кезеңде елде екі вакцина – AstraZeneca және өздерінің Covaxin екпесі 30 млн адамға салынады. Екпе науқаны басталмас бұрын Үндістан Үкіметі халықты вакцина туралы жалған ақпараттарға құлақ аспауға шақырды.

33,58 млн халқы бар Өзбекстанда індет басталғалы 83 435 адам дерт жұқтырып, 630 адам вирустан көз жұмды. 1 сәуірде елдің Президенті Шавкат Мирзиёев соңғы кездері дертке шалдыққандардың көбеюіне байланысты үкіметке өңірлердегі карантин шараларын сақтауды қадағалау бойынша жедел штаб жұмысын күшейтуді тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, Өзбекстанда биыл қаңтар-ақпан айларында күніне 30-40 жағдайдан тіркелсе, бұл көрсеткіш наурыздың аяғында 160-180-ге жеткен. Мұның себебін ол ел азаматтарының бұрынғы жайбарақат өмірге қайта көшіп, карантин талаптарына немқұрайды қарауымен байланыстырды. 2 сәуірде ел басшылары жағдай нашарласа да локдаун енгізбейміз деп шешім қабылдады. «Еуропа елдері қайтадан локдаун енгізіп жатыр. Көршілеріміздің де жағдайы мәз емес. Біз экономикалық тұрғыда алдымызға өте үлкен мақсаттар қойдық. Егер локдаунға жабылсақ, діттеген межеге жете алмаймыз. Ештеңені де жаппаймыз, есесіне тәртіпті күшейтеміз» деді Ш.Мирзиёев. Вакцина жайына келсек, өзбектер қытайлармен бірлесіп ZF-UZ-VAC2001 деген вакцина жасады. Ол бүгінгі таңда үшінші сынақ кезеңінен өткізіліп жатыр. Оған ерікті түрде елдің 7 мыңға жуық адамы қатысып, екпе салдырған. Денсаулық сақтау министрлігі бұл екпе тек коронавирустан ғана емес, оның барлық жаңа штамдарынан да сақтайды деп сенім білдіріп отыр. Соған қоса өзбектер наурыздан бастап шведтік-британдық AstraZeneca компаниясының да препаратын алдырған. Енді ел билігі Ресей вакцинасын да алуға ниетті. Елде жаппай вакцинация 1 сәуірде басталды.

Ақпарат көздерінен әзірлеген А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521