Хиджаманың пайдасы мен зияны

(0 Votes)

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-220/2020 бұйрығымен бекітілген «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын өнімдер мен эпидемиялық мәні бар объектілердің тізбесі» бойынша «Дәстүрлі және халықтық медицина (емшілік) объектілері (хиджама)» эпидемиялық мәні болмашы объектілер қатарына жатады.

Эпидемиялық мәні болмашы объектінің қызметі (пайдаланылуы) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі №360-VI ҚРЗ Кодексінің 24-бабының 1 тармақ 2-тармақшасына сәйкес хабарлама жасау бойынша жүзеге асырылады. «Электрондық үкімет» www.egov.kz, elicense.kz веб-порталы арқылы сол аумақтағы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы ұйымына хабарлама беру арқылы жүзеге асырады.

Хиджама арабшадан аударғанда «сору, тартып алу, сіңіру» деген мағынаны білдіреді. Артық қанды алу арқылы денені зиянды заттардан тазартады. Бірақ қазір жаппай хиджама жасататындардың жайы алаңдатарлық дүние. Егер хиджама жасауға бел бусаңыз, арнайы білімі бар, мемлекеттік лицензиясы бар, денсаулыққа қолданылатын дәстүрлі емес медицинаның емдеу әдістерін, қауіпсіздігі туралы медициналық ұйымдардан алынған қорытындысы бар адамға жүгінген жөн.

Хиджама жасайтын орын санитариялық талаптарға, қолданыстағы құрал-саймандардың (банка, лезвия т.б) арнайы стерилизациядан, жуып-шаюдан өткізілуі керектігін біле жүргеніңіз жөн. Мұндай жолмен емделген адамдар ВИЧ –инфекциясын, В және С гепатитін жұқтыруы мүмкін екенін де есте ұстаған жөн.

Хиджама денсаулыққа оң әсер етуі үшін банкілер дененің кез келген жеріне емес, тек арнайы кей бөліктеріне ғана қойылуы керек. Өйтпеген жағдайда қан алу процесінің денсаулыққа зияны болуы мүмкін. 20 жастан кіші әрі 70 жастан үлкен адамдарға хиджама жасауға болмайды. Хиджаманы келесі аурулар мен патологияларда жасауға болмайды: анемия; психикалық ауытқулар; астения; онкологиялық аурулар; жүктілік және лактация кезеңі; ритроциттердің жетіспеушілігі; ашық жарақаттар болған жағдайда; қатты шаршау, әлсіреу болғанда; лейкоциттер мөлшері аз болғанда; гематокрит төмен болғанда; тромбоциттер тапшылығы; АИТВ, ЖИТС аурулары; атеросклероз; гепатит,мерез; ағза әлсіреген жағдайда; бауыр циррозы; ауыр жүрек ақаулары. Хиджама адам денсаулығын жақсартады және көптеген ауруларды емдеуге көмектеседі. Алайда емдеудің бұл түрі бірқатар кеңестер мен оны жасатуға болмайтын жағдайларды еске ұстауды талап етеді.

Тұрғындардың назарына!

Егер де балаңыз немесе өзіңіз хиджама қызметіне жүгінетін болсаңыз, міндетті түрде қызмет көрсетушінің заңдастырылған құжаттарын, рұқсат қағазын талап етіңіз. Кез келген жердегі аталмыш көрсетілетін қызметке көзсіз сеніп, балаларыңыздың, өзіңіздің өміріңізге, денсаулығыңызға зияны тимейтініне көз жеткізген дұрыс. Себебі денсаулық пен өмірге келтірілген зиянның орны толтырылмайды.

А.А.Икрам,

Құрманғазы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының жетекші маманы

Сурет https://aqtobegazeti.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521