Індетпен күреске дайынбыз ба?

(0 Votes)

Күз мезгілі, күн суытатын уақыт. Дәл осы кезде көпшілігіміз салқын тиіп, үлкен де, кіші де тұмауратып, ауырып қалып жатамыз.

Сондықтан, маусымдық жұқпадан ешкім қорғалмаған және сақтандырылмаған. Десек те, қазіргі пандемия жағдайында тұмау КОВИД-19 жұқпасымен қатарласып өтуі мүмкін. Әсіресе, сақтық шараларына мән берген абзал. Бүгінде көбісі бетперде тағу, санитарлық нормаларды сақтау ережелерінен жалыққандай көрінеді. Бірақ аурудың екінші толқынының ықтималдылығы сіз бен біздің немқұрайдылығымызға байланысты. Яғни, вирус біз еркінсіген сайын күш алады. Қазір қауіпті дерттің бұрынғыдан сейілгеніне тәубе етеміз. Бірақәлемнің көптеген елдерінде эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты халықаралық рейстер арқылы КВИ-дің сырттан келу қаупі бар. Сондықтан, санитарлық эпидемиологиялық бақылауды күшейту – күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. КОВИД-19 бізге көп нәрсені үйретіп, көп нәрсеге көзімізді жектізді. Өткен әзірде «Нендей жұмыстар қолға алынды, кеткен кемшіліктерден қандай сабақ алдық, екінші толқынға дайындықтың барысы қалай жүруде?» осы және өзге де толғандырған сұрақтарға жауап алып, оны оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Аудандық орталық аурухананың директоры Гүлсара Мүтиева коронавирустық инфекциясы елімізге келу қаупі туындағаннан бастап өңірімізде алдын-алу шаралары қолға алынғанын айтты. - Ресей мемлекетімен шектесетін Котяев селосындағы «Құрманғазы» шекаралық өткізу бекетінде санитарлық пункті ашылып, тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылған. Мемлекеттік шекарадан 6 ай ішінде ел аумағына кірген 24000-дай адам санитарлық жіті қадағалаудан өткізілді. Шекарада халықаралық тасымалдаушыларды бақылайтын зертхана ашылып, онда 549 тест қаралып, 1 оң нәтиже алынды. Күмәнді деген 275 адам карантиндік бөлімшеге жатқызылып шығарылды. Олардың ішінен ең бірінші болып Түркістан облысының 5 және Ақтау қаласының 1 тұрғынынан коронавирусқа оң нәтиже беріп тіркелген болатын. Ауданда COVID-19 жұқпасына дайындыққа байланысты Құрманғазы агроколледж жатақханасынан 30- провизорлық, 30-карантиндік төсектік бөлімшелер ашылған болатын. Алайда, науқас саны өсіп, жатақхана ғимараты медициналық талаптарға сәйкес келмегендіктен, 24 маусым күні Жұмекен ауылында орналасқан Атырау облыстық туберкулезге қарсы санаториясының базасынан 50- инфекциялық төсек, 30- провизорлық, 10- карантиндік, барлығы 90 төсек ашылып, науқастарға толыққанды медициналық көмек көрсеуге мүмкіндік туғызылды. Барлығы аудан бойынша 616 науқас ауруханаға жатқызылып, оның 240-ы провизорлық, 275-і карантиндік, 95-і инфекциялық бөлімшеде емделіп шықты.

Індет өршіген кезде талай ақ желең иесінің науқастармен бірге изоляторда күні-түні жүргенін ұмытуға болмайды. Бұрын-соңды болмаған дертпен күресу дәрігерлер үшін қан майданның ортасында жүргенмен тең болды. Инфекциялық және провизорлық бөлімшеде 21- дәрігер, 59-орта буын медицина кызметкері, 48- тазалықшы, оператор, аспаз, күзетші, кір жуушы тағы басқалар жұмыс атқарды. Лаборатория, рентген, тамақтандыру барлығы сол жерде ұйымдастырылды.

Жалпы, аудан бойынша 1680 полимеразды тізбекті реакция тексерісі жүргізіліп, 163 коронавирус жұқтырғандар тіркеліп, 158-і сауығуы себепті есептен шығарылды. Оның ішінде 32 медицина қызметкері бар.

Сондай-ақ, Теңіз кен орнынан вахталық жұмысын атқарып келген 364 аудан тұрғынының, оның ішінде 41- оң нәтижелі, барлығы да үй карантин жағдайында болып бақыланып, қазіргі күні есептен шығарылды. Ауыр деген 5 науқас Атырау қаласына жіберілді.

Өкінішке қарай, бес ауылдасымыз осы індеттен қайтыс болды, олардан алынған анализ коронавирус жұқпасына оң нәтиже берді.

Індет өршіген осынау сын сағатта карантин жарияланып, 9 бекет пен Котяев кеден пунктінде блок пост қойылып, оған 15 медицина қызметкері жұмысқа тартылды. Көшпелі зертхана Котяев кеден бекетінде ұйымдастырылып, кезекшілік маусымға бір лаборант экспрест тест анықтауға тағайындалды.

Аудандағы дәріханаларға дәрі-дәрмектер Ақтөбе, Атырау қалаларынан тапсырыс бойынша әкелініп, тұрғындар сұранысын өтей білді. Тұтынушылардың көбейіп кетуіне қарай жетіспеушіліктер, кезекке тұру сияқты келеңсіздіктер орын алғанымен, жағдайды реттеу бойынша дер кезінде жұмыстар қолға алынды.

Дәрі-дәрмекпен қамтуда ауданның ерікті жастарынан құралған «Құрманғазы» қайырымдылық қоры және жергілікті кәсіпкерлер игі бастама көтерді. Олар жинақтаған 600 мың теңгеге қажетті дәрі-дәрмек, 1 кондиционер сатып алынып, аудандық орталық ауруханаға табысталды. Аудан әкімдігі жанынан 6 оттегі концентраторы, 84 мың бір реттік пісте(шприц) алынып беріліп, депутаттар да 4 оттегі концентраторымен қамтамасыз етті.

COVID-19 пандемиясының екінші толқыны бола қалса, сақадай-сай болуды басты назарда ұстап отырмыз. Облыстық туберкулез санаториясынан 40 карантиндік төсек ашылды. Қазір нысанға қажетті аппараттарды орнату жұмыстары жүргізілуде. 75 төсектік жана аурухана ғимаратынан 63 нүктеге оттегі жеткізілген инфекциялық және реанимациялық бөлімшелер дайын тұр. Аудан бойынша бүгінде 5 ИВЛ аппараты қолданыста болса, 6-ауы жаңа ауруханада қызметін көрсетуге әзір. Сонымен қатар, қатар қазіргі таңда дәрігерлеріміз 56 оттегі концентраторы, 93 пульсоксиметр аппараттарымен жұмыс жасауда. Коронавирус індетінің екінші толқыны бола қалған жағдайда, қажетті дәрі-дәрмек, залалсыздандырғыш заттар, жанар –жағар май, азық түлік тағы басқаларының 2 айлық жеткілікті қоры бар.

Аудан бойынша бүгінде 14 дәрігер тапшылығы орын алып отыр, солардың ішінде осы індет кезінде сұранысқа ие инфекционист, реаниматорларға зәрулік басым. Олар туралы облыстық басқармаға сұраныс беріліп, жоғары оқу орындары түлектерімен ауылға жұмысқа тарту шаралары жүргізілуде. Оның нәтижесінде 1 жас маман реаниматор –анестезиология бойынша резидентурадан оқып жатса, 1-еуі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасынан практикадан өтіп келді.

Қайта даярлау курстарының ұзақ мерзімдік екендігін, пандемияға байланысты қысқа мерзімді ету мәселелері ауданымызға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мен сенат депутаттары келгенде айтылып, бүгінде бұл ұсыныс облыс және республика көлемінде көтерілуде. Қазіргі таңда аудан көлемінде коронавирусқа оң нәтиже берген 2 адам тіркелді. Олар жіті қадағалауға алынып, ем-домдары көрсетілуде

Коронавирусты айтпағанда, ауруды болдырмау үшін тазалық сақтамаса, кез келген инфекция адам өмірі үшін қауіпті. Ал, кейбір адамдар індеттің қаупін әлі де түсіне алмай жүргені рас. Мұндай пікірдегі азаматтар ойлануы тиіс. Өйткені, ахуал ушыққан кезде жақын-жуығының жүзін көре алмай, аурухана төсегінде ес-түссіз жатқан қаншама жан болды?! – дейді сұхбаттасушымыз. Әлемде коронавирус жұқтыру деректері жөнінен алда тұрған мемлекеттердің тәжірибесінен ұққанымыз, вирустың өзі қандай қауіпті болса, оның айналасындағы дүрбелеңге салғырттықпен қарау және немқұрайлылық тантыу соншалықты қатерлі екен. Демек, әр адам карантиндік-санитарлық талаптарды сақтап, жауапкершілік танытуы керек. Ендігі мәселе – елдің амандығын тілеп, пандемияны аластау үшін жүргізіліп жатқан мемлекеттік шараларды қатаң орындау болмақ.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521