Коронавирустың екінші толқыны келеді деген болжамды алға ұстаған Еуропа елдері, алыстағы Америка құрлығы індеттің алдын алудың, емдеу мен қорғанудың қамына ерте бастан-ақ кірісіп кетті.
Карантиндік режимді енгізіп, тіпті кейбір мемлекеттер төтенше жағдай жүйесіне көше бастады. Әлемді шарпыған бұл ауру Қазақстанды да айналып өтпейтіні белгілі. Қазірдің өзінде жекелеген өңірлерде дерт қайтадан бас көтеріп, қауіпті індетті жұқтырғандар саны 115 мыңға жуықтады.
Құрманғазы ауданында да өткен аптада 2 адамнан коронавирус анықталып, сырқаттанғандар облыстық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта тиесілі хаттамаға сай емдеу шаралары алынуда. Олармен қарым-қатынаста болған бес-бес адамнан 10 адамның сынамалары зертханаға жіберілді. Тексеріс барысында екі науқастың да облыстық аурухананың бірі ревматологиялық, екіншісі урологиялық бөлімге жатып емделіп шыққаны белгілі болды. Қалай болғанда да қауіпті індет іргемізден кірді, ал біздің жағамыз жайлауда. Сақтық шараларын естерінен шығарып, көшеде топтасып жүру, әлеуметтік қашықтықты сақтамау, дүкендерге бетпердесіз кіру, адам көп жиналатын орындарға бару тыйылар емес. Біраз ауылдастың өмірін қиған кешегі шілдедегі жағдай көбімізге сабақ болмағаны өкінішті.
Ал қауіпті індеттен қорғанудың қарапайым жолдары қандай еді соны тағы бір санамызға ши жүгірте отырып қайталап өтелікші. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықты аурудан сақтау үшін құрған кеңестер тізімінің басында қолды жиі сабындап жуу немесе құрамында спирті бар антисептикпен сүрту тұр. Резеңке қолғапты кигенменде оған сенуге болмайды, бәрі бір оны да залалсыздандыру қажетсің. Екіншіден, қоғамдық жерлерде басқалардан кемі бір метр ара қашықты сақтауға тиіс екенбіз. Жөтеліп не түшкіріп тұрған науқастан вирус өте кішкентай тамшылар арқылы тарайды. Көз, мұрын мен ауызды ұстамаған жөн. Респироторлық гигиена ережелеріне сай түшкірген не жөтелген кезде ауыз бен мұрынды шынтақты бүгіп не жұдырығыңызбен жабу керек. Кейін қолды антисептикпен тазалауыңыз қажет. Бәрінен бұрын барша адамдарға бетперде тағу міндеттелді. Медицина саласының мамандарының пікірі бойынша бірреттік бетперде аурудың таралуының 80 пайызының алдын алады. Сондықтан үнемі тағып жүргеніңіз абзал. Бетперде тақпау – өз өміріңізді тәуекелге тіккенмен бірдей. Алдыңғы толқындағыдай емес қазіргі кезеңде дәріханаларға бетперденің шекті бағасы қойылып, көпшілікке қолжетімді етілді. Егер оны сатып алуға мүмкіндік болмаса, қолдан жасап алған жөн. Дәкенің арасына фильтр болмаса, оның орнына антивирусты орамалшаларды салып пайдаланса да болады. Бетперде таққанда ауыз бен мұрын толық жабылып, бетке толық төселуіне мән берген жөн. Егер бет, жақ, мұрын аралығында кішкентай саңылау болса, оны мақтамен қымтап жауып алыңыз. Иненің көзіндей тесіктен кез-келген вирус еркін өте алатынын ескеріңіз.
Ең бастысы өзімізге көңіл бөліп, сақтанып жүруге тиіспіз. Суық тию мен түрлі инфекциялық ауруды жұқтырып алмаңыздар. Ондай сырқаттарға шалдыққан адамдар иммунитетін күрт әлсіретіп алады. Бұл қандай да бір дертті тез жұқтыруға мүмкіндік береді. Коронавирустың клиникалық белгілері әлсіз адамдарда тез жүреді. Дәрігерлер күзде, қыстың алғашқы айында суық ауа массасынан жедел респираторлық аурулар жиі кездесетінін айтады. Сырттан үйге келгенде міндетті түрде бетіңізді, қолыңызды шынтағыңызға дейін, саусақтарыңыздың арасын, мұрын қуысын сабындап мұқият жуу маңызды. Өйткені, аталған дене мүшелеріне вирустың жұғуының ықтималдығы басым. Үй-жайда, жұмыс орындарында тазалықты қатаң сақтау індетке тосқауыл бола алады. Коронавирустық инпфекциядан сақтанудың ережесіне ерекше мән берген абзал. Аурудың алдын алудың тиімді ақпараттарымен танысып, сақтық сауаттылықты біле жүргеніңіз абзал.
Елімізде белгіленген карантиндік талап-міндеттерді сақтау арқылы індетті жеңуге болады. Егер ол сақталмаса, ауру қайта өршіп кетуі мүмкін. Коронавирус инфекциясымен күрес, оның алдын алу, қорғану жолы әрбір адамның өз қолында. Ол үшін жоғарыда айтылған қарапайым қағидаларды ұстаса болғаны. Мейлінше адам көп шоғырланатын жерлерге және жиын-тойларға бармай, өзін-өзі оқшаулауға міндетті. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтқандай бұл уақытша құбылыс, оны еңсеруге біздің күш-жігеріміз жетеді. Ең бастысы, тәртіпке бағынып, үлкендеріміз, созылмалы сырқаты барлар, балалар үйде болғаны дұрыс. Дене қызуы көтерілсе, жөтел пайда болып, тыныс жолдары тарылсат дереу дәрігерге қаралыңыз. Қорыта айтқанда, пандемиядан қорғанудың ең тиімді жолы өз-өзімізді сақтай білу, өз денсаулығымыз өз қолымызда қағидатын берік ұстану, қалғаны уақыттың еншісінде...
А.НӘЖІМОВ