Дерттің қалқаны - вакцина

(0 Votes)

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, қазіргі кезде әлемде коронавирус инфекциясына қарсы 212 вакцинаның түрі бар. Солардың ішінде 48-і ғана клиникалық сынақтан өткізу кезеңіне жеткен. Осы 48 вакцинаның қатарында қазақстандық QazCovid-In екпесі де кездеседі. Оны еліміздегі Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты жасап жатыр.

Вакцина – халықты әртүрлі аурулардан қорғаудың ең тиімді әдістерінің бірі. Отандық вакцина коронавирустың таралуын тоқтатуға көмектеседі деп болжануда. Клиникалық сынақтың үшінші кезеңінде сыналып жатқан QazCovid-In вакцинасы 2020 жылдың 19 желтоқсаннан бастап 3 мың еріктіге салынған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қаңтар күнгі үкіметтің кеңейтілген отырысында коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина сынақтан сәтті өтсе, оны салдырудан бас тартпайтынын жеткізді. «Вакцинация – бұл өзекті мәселе. Бізге вакцина егу бойынша мұқият қарастырылған ірі жоспар керек. Хаосқа жол бермес үшін көптеген нюанстарды ескеру қажет. Тұтас алғанда вакцинация елдің эпидемиологиялық ахуалын түзеуі тиіс»,-деді Президент.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде жасалып жатқан QazCovid-In вакцинасының технологиясы өзгеше екенін, клиникалық зерттеу кезеңдері ерекше бақылауда ұсталып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, вакцина салдырған еріктілердің жағдайы жақсы, жағымсыз әсерлер байқалмағанын, алдын ала болжам бойынша отандық вакцинаның тиімділігі 90 пайыздан асқанын айтты.

Ал, Денсаулық сақтау вице-министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков QazQovid-In вакцинасының алғашқы өнеркәсіптік партиясы сәуір айының соңында шығатынын хабарлады. Сәйкесінше, QazQovid-In вакцинаны әзірлеп жатқан Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрылымына кіреді. Олардың мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде барлығы да жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Клиникалық сынақтың бірінші сатысы өткен жылдың наурызында, екіншісі сәуірде аяқталды. Аталмыш вакцинаның бірінші көлемі 50 мың дозаға дейін деп жоспарлануда.

Осылайша, векторлық вакцинаға өлген вирустың бір ғана бөлшегін қосады. Белсенді емес вирусты адам ағзасына енгізгеннен кейін жасушалар оны орап алады да, иммундық жүйеге жан-жағынан "таныстырады". Сөйтіп, сан алуан антиденелер қалыптасып, жақсы қорғаныс болады деп күтілуде.

 Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521