Дерттен тек екпе қорғайды

(0 Votes)

Қызылша – ауа арқылы кеңінен таралатын жедел вирусты жұқпалы ауру. Оның белгілері: дене қызуының көтерілуі, мұрынның, көздің және тамақтың шырышты қабығы қабынуы, ауыз қуысындағы өзгерістер, теріде бөртпелердің пайда болу белгілермен сипатталады.

Қызылша – қазіргі таңда ең жұқпалы аурудың бірі болып табылады. Бұл 100 пайыз жұқпалы ауру, яғни бұрын қызылшамен ауырмаған немесе егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен байланыста болғанда жұғады. Көбіне бұл аурумен балалар ауырады.

Инфекция ауа жолы арқылы беріледі. Вирус сыртқы ортаға сөйлеген, жөтелген, түшкірген кезде бөлінеді. Қызылша бөртпелері шығып ауырған адамның екінші-төртінші күндері инфекция таратушы ретінде қарастырылады. Ал, бесінші күнгі бөртпелері бар адам ауру жұқтырмайды деп саналады. Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Қызылшамен ауырған аналардан туылған балалар үш айға дейін шалдықпайды. Өйткені, осы аралықта олардың қанында аналық антиденелер сақталады. Бұрын қызылшамен ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім келеді, және өзінің өмірінде кез-келген жаста ауырып қалуы мүмкін.

Дерттің инкубациялық кезеңі жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болған шақтан жеті күннен он төрт күнге дейінгі аралыққа созылады. Есте сақтайтын ең маңызды жайт, ауру бөртпе шығудан басталмайды, ол салқын тию белгілерімен басталады. Дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тамаққа тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі сияқты белгілермен білінеді. Кейін конъюктивиттің, яғни көздің шырышты қабығының қабынуы орын алуы мүмкін. Шамамен бірінші белгілері көрінген соң жиырма бір күннен соң беттің шырышты қабығында және ауыз қуысында ұсақ ақ дақтар, қызғылт бөртпелер пайда болады. Жоғарыда аталған белгілермен қоса бес жасқа дейінгі балалар мен 20 жастан асқандарда ағзалардың қабынуы байқалуы мүмкін. Ең жиі кездесетіндерге ортаңғы құлақтың қабынуы(отит), бронхит, пневмония, ларингит, мойын лимфа түйіндерінің қабынуы жатады.

Балаларда диагноз қойылған қызылша жағдайында емдеу протоколы көп жағдайда үйде өтеді. Егер жағдайы ауыр болса, асқынуы байқалса немесе үй жағдайлары тиісті күтімді ұйымдастыруға мүмкіндік бермесе, қосалқы ауруы бар болса науқастар ауруханаға жатқызылады. Қызылшамен ауыратын балаға нақты емдеу қажет емес. Бірақ, төсек демалысы мен гигиенаны сақтау керек. Сондай-ақ, науқасқа көп мөлшерде ішетін және оңай сіңетін, дәрумендерге бай тағам көмектеседі. Бөртпелерді ештеңемен майлаудың қажеті жоқ. Егер ол жас нәресте болса, оны жиі-жиі қолға алып, ал ересек бала болса, төсек-орнын жиі-жиі ауыстырып, өзін әлсін-әлсін аударыстырып жатқызған дұрыс. Бұлай ету баланың өкпесінің қабынбауын қамтамасыз етеді.

Қызылшаны емдеу симптоматикалық болып табылады. Антибиотиктер, әдетте, қолданылмайды. Олар асқынуға күдік туындаған кезде тағайындалады. Баланы бөлме температурасында сумен жуу жеткілікті. Мұрыннан су ағу кезінде мұрынға тамшылар, жөтел кезінде оған қарсы дәрі-дәрмектер, температурада антипиретикалық препараттар қолданылады. Тамағын фурациллин ерітіндісімен шайып, көзі былшықтанса көзін тазалап сүртіп 20% сульфаций натрий сұйығын көзге екі-үші рет тамызады. Көздің бүлінуін болдырмау үшін мүмкіндігінше А дәруменін беріңіз. Қызу көтерілгенде және бала тынышсызданғанда парацетамол дәрісін беру қажет. Егер құлағы ауырса, антибиотиктер ішкізген жөн. Өкпесінің қабынғандығын, менингитті немесе құлақ пен асқазанның қатты ауырғандығын білдіретін белгілер байқалса, дәрігер шақырыңыз. Қызылшаның арнайы емдеу препараты жоқ. Науқасқа витаминдерге бай тағамдар, көкөністер, жемістер, шырындарды көп мөлшерде ішу қажет. Егер баланың іші өтсе, регидрационды су беріңіз. Асқыну көбінесе бес жасқа дейінгі балаларда немесе 20-дан асқан ересектерде болады. Ондай ауруларға қатаң медициналық бақылау керек, учаскелік дәрігер пациентті қарап тұруы тиіс. Қызылшаға деген секем туа сала, дереу дәрігерге хабарлау қажет. Бұл тек қана диагноз қою мен емдеу үшін ғана емес, эпидемияға қарсы шаралар жүргізу үшін де өте маңызды.

Қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі вакцинация болып табылады. Қызылшаға қарсы егу арқылы вирусты жасанды жолмен тоқтатады, нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет жасайды. Қазіргі таңда қызылша ауруымен күрес және алдын алу, осы аурудың асқынуынан сақтану ол вакцинация екенін ұмытпаған жөн. Қызылшадан вакцинация арқылы қорғануға болады. Қызылша, қызамыққа және шошқамойынға қарсы екпе бұл аурулардан сақтайды. Екпе қауіпсіз, оны алғандардан қолайсыз жағдайлар байқалған емес. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қызылша ауруына 1 және 6 жасаралығында екі реттік вакцинация жүргізіледі.

Құрметті ата-аналар!

Қызылшаға қарсы вакцинация сізді және сіздің балаларыңызды аурудан қорғайды және болашақтағы дені сау ұрпақтың кепілі болып табылады. Сондықтан баларыңыздың денсаулығына немқұрайды қрамағандарыңызды сұраймын.

Светлана ОЛЖАБАЕВА,

дәрігер педиатр

Фото ашық дереккөзден алынған

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT