Дәрігер кеңесін ескерейік

(1 Vote)

Әр күн өнімді болуы үшін кейде қарапайым ережені есте сақтап жүру керек.

Әсіресе, қазіргі пандемия жағдайында. Ескеретін көп қағиданы білсек те, орындауға асығар емеспіз. Салғырттығымыз маңдайымызға тас боп тиіп жатқанын ауруханада бос кереуеттің табылмауынан байқаймыз. Адамның бәрі бірдей салауатты өмір салтын ұстанбауы мүмкін. Бірақ дәрігер Озат Әзербайұлы ұсынған бірнеше кеңес одан кем емес. Көпшілік мән бермей жүрген бірнеше маңызды ережеге назар аударыңыз. Тәжтажалды жұқтырып алмас үшін көпшілік шараларға барудан бас тартып, қоғамдық орындарда бетпердемен жүріп, 3-4 сағат сайын масканы ауыстырыңыз. Адамдармен ара-қатынаста 2,5 метр қашықты сақтап,  гигиеналық тазалықты қадағалаңыз. Қолыңызды антисептикпен жиі жуып, той-топырға бармауға тырысыңыз.  Ал оқшауланған жағдайда, карантин талаптарын сақтаған жөн. Көшеге шықпай, адамдармен қарым-қатынасты доғару қажет. Дене температурасын күнде екі мезгіл өлшеп, қадағалап отыру шарт.Чек-парақшаны уақытылы толтырып, бейнеқоңырау арқылы кезекші дәрігермен тәулігіне екі рет байланыс жасаңыз. Бөлмені жиі желдетіп, дезинфекциялық езбелермен есік тұтқаларын жуып, еденді де сонымен тазалаған абзал. Гигиеналық талаптарды өздігіңізбен жиі орындаңыз. Денсаулығыңызға байланысты шағымдары болса, дереу дәрігерге хабарласып, үйден күтіңіз. Сонымен қатар, үй аптекасында парацетамол, ибуфен, тұмауға қарсы препараттар мен иммунитет көтеретін витаминдер болуы керек.

Коронавируспен ауырмас үшін алдын алудың сенімді қорғанысы  – вакцина. Бұл туралы ел арасында түрлі қаңқу сөздің де айтылып жүргені рас. Ал, дәрігер Озат Ахметқалиев оның анау айтқандай қорқынышты еместігін айтты. Екпені алу үшін адам алдымен өзін психологиялық тұрғыда дайындауы тиіс,- дейді маман. Вакцина алушының келісімі бойынша, дәрігер алдымен оның денсаулығын тексеріп, егер қарсы көрсетілім болмаса, екпеге жолдама қағазын береді. Жалпы екпені 18 жасқа толған әр адам салдыра алады. Фтизиатр маманның сөзінше, ауданымызда 70 жастан асқан қариялар да вакцина алып жатқан көрінеді. Екпе салдырған тұрғындардан осы уақытқа дейін шағым кездеспеген. Вацинациядан соң ағзада өзгерістер болуы ықтимал. Кейбіреуінде әлсіздік, буындардың сырқырауы,шаршау басып, жастар арасында дене қызуы көтерілуі мүмкін. Екпе салған бұлшық ет  үш күн ауырсынып, екпе орны қызарған жағдай да кездеседі.  Бұл екпеден кейінгі қалыпты өзгерістер болып есептеледі. Жалпы, өңірімізде,  жыл басынан бері тәжтажалмен 400- ге тарта адам ауырып, 250-ге жуығы емделіп шықты. Қазіргі уақытта инфекциялық стационарда 67 науқас бар. Ал, күні бүгінге дейін 1000-ға жуық аудан тұрғыны вакцина салдырып үлгерген.

 

Жайдарлым Қайреден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521