​​​​«Аңсаған сәби» үміт сыйлайды

(0 Votes)

«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 1 мыңнан астам сәби дүниеге келген.

Бұл жайында Шымкенттегі бедеулік проблемаларына арналған халықаралық конференцияда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтқан болатын. Министрдің айтуынша, елімізде жоғары технологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуде ЭКҰ бағдарламаларын мемлекеттік қаржыландыру маңызды рөл атқарды.

«Балалардың болмауына байланысты неке бұзылатын жағдайлар туындайды. 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Үкіметке ЭКҰ-ға квотаны 7 есе ұлғайта отырып, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырды, оған республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның аясында 3 мыңнан астам әйел жүкті болып, 1 мыңнан астам бала дүниеге келді», - деп атап өтті Ажар Ғиният.

Бағдарламаның мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың (ҚРТ) көмегімен отбасылық-демографиялық проблемаларды шешуге жәрдемдесу. Себебі бала сүйе алмау – медициналық қана емес, әлеуметтік мәселе, отбасылық мәселе.

​​Әрбір адамға отбасын құрып, артына ұрпақ қалдыру – парыз. Бақыттың төресі де – бала сүю. Өкінішке қарай, мұндай бақытқа қол жеткізе алмай жүрген жұптар аз емес. Жыл өткен сайын бедеулік пен белсіздік мәселесі ушығып бара жатқаны дабыл қағарлық. Алайда, сәбидің үніне зар болып жүрген отбасыларға мемлекет жанашырлықпен қарап, 2021 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бұл квота санын 7 есеге – жылына 7 000-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Еліміздің 9 өңірінде 19 медициналық ұйым (оның 18-і – жекеменшік) ЭКҰ процедурасын атқарады. Пациент клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы. ЭКҰ-ға жолдама алу үшін бекітілген жері бойынша емханаға жүгіну қажет.

Ауданымызда да жылдан-жылға экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы сәби сүйгісі келетін жұптардың қатары көбейіп келеді. Аудандық емхананың гинеколог дәрігері Ғалия Дәржанованың айтуынша, биылғы жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 15 квота бөлінген. Күні бүгін 4 пациент дайындалуда.

Аудан бойынша 30 әйелбедеулікпен есепте тұр. Жалпы, осыған дейін ЭКҰ әдісі арқылы 4 ана жүкті болып, сәби сүйген. Бірақ, әлі қанша ерлі-зайыпты жұп балалы болуды аңсайды. Егер әйел мен еркек үйленіп, 1,5 жыл бойы жүктілік пайда болмаса, бұл бедеулік болып саналады. Бедеулік әртүрлі ауруларға, салауатты өмір салтын сақтамауға байланысты туындайды. Оның бастысы түсік жасату болып тұр. Көпшілігі дәрігерлерге келмей, ғажайыптан үміт күтеді.

Енді біреулері бақсы-балгерлерге барса, басқалары Ресейде және шетелде емделуді жөн санайды. Жалпы, бедеулік пен белсіздік – тек бір отбасының ғана емес, күллі қоғамның қасіреті. Қай кезеңде де өзекті болған бұл мәселені оңтайлы шешу үшін медицина саласының мамандары аз тер төккен жоқ. Ең дұрысы бедеулік пен белсіздіктің алдын алу қажет.

Әр ата-ана баласының бойындағы өзгерістерді қалт жібермей, дер кезінде дәрігерге қаратуы керек. Әсіресе, жұқпалы инфекциялардың алдын алып, қандай да бір эндокринологиялық бұзылыстарды уақыт оздырмай емдеген жөн. Сондай-ақ саламатты өмір салтын сақтап, әйелдер түсік жасатудан аулақ болып, еркектер аталық бездің, қуық асты безінің қабынулары мен жыныс-несеп мүшелерінің дамуындағы ауытқуларды дер кезінде емдеу қажет, дейді мамандар.

Айнагүл Күнұзаққызы

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521