Байда ауылдық округі бойынша 2022-2023 оқу жылында әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушыларды мектеп формасы, аяқ киім, оқу құралдарымен қамтамасыз етуге арналған, 1 тамыз-30 қыркүйек аралығында өтіп жатырған «Мектепке жол» акциясы аясында 597 мың теңгенің қайырымдылық көмегі жасалды.
«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, Жамандар жақсымын деп айқайлайды», демей ме?! Ендеше, жақсылар жайлы біз айтпасақ, кім айтады деп, сөзімді жеке кәсіпкер Мерғали Ғабдушевтен бастағанды жөн көрдім. Хабарласып, «Мектепке жол» акциясына атсалысуын сұрағанбыз. Сөзге келмей келісті. «Мен аудан орталығында тұрамын ғой, осында да көмектесетін адамдарым бар еді», деп қиналыс танытқан жоқ. Бірден отыз балаға қажетті киім-кешек пен оқу құралдарын алып беруге 283 мың теңге аударды. «Жақсыда жаттық жоқ», деген осы-ау. Бас тартса да ренжи алмаймыз ғой. Әлемде, елімізде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық ахуалға орай оларға түсіністікпен қараймыз. Қайырымдылық – ол жүректің ісі.
Қазақ «Жақсының жақсылығын айтайық, нұры тасысын» дейді ғой. «Мектепке жол акциясына» атсалысып, балалар мен ата-аналардың ризашылығына бөленген «Бақтылы» (30000), «Жанель-Азиза» (10000), «Ниязова С» (30000), «Кенжеғалиева А» (30000), «Абдулкадирова Ш» Саид-Икрам Зайнабиденов (30000), «Ақбаллаева А» (2000) жеке кәсіпкерліктеріне, «Ауыл жастары қайырымдылық қорына» (50000), мектеп ұжымына (50000), ауылдық клубқа (32000), Котяев дәрігерлік емханасына (20000), ауылдық округ әкімшілігіне (30000) алғысымды білдіремін! «Қуантсаң баланы қуант», дегендей, жасаған жақсылықтарыңыз еселеп қайтсын!
Ж.Төреғалиев,
Байда ауылдық округінің әкімі.
фото: ашық дереккөзден