Интернет желісін жандандырмасақ, онлайн білім алу қиынға соғып тұр

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Оның төрағасы Жұмақай Ғұмаров күн тәртібінде 4 мәселе қаралатынын қаперге берді.

«Аудан бойынша оқушыларға сапалы білім мен тәрбие берудің ұйымдастырылуы» туралы хабарламасын аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева ұсынды.

– Ауданда 33 жалпы білім беретін мектеп: 27 орта, 4 негізгі, 3 бастауыш мектеп, 22 балабақша, 5 қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Оларға 1283 педагог дәріс береді. 2019-2020 оқу жылының қорытындысымен аудан мектептерінде 10311 оқушы білім алып, сапа 53, %-ды көрсетті. Былтырғы оқу жылында 11 мектепке ІТ, 1 биология кабинеті сатып алынды. Bilimland.kz бағдарламасына 7230,0 мың теңге қаржы бөлініп, 33 мектептегі шәкірттердің үздік білім беру ресурстары мен технологияларына тек қол жеткізілуі қамтамасыз етілді, - дей келе, хабарламашы өткен төртінші тоқсанда оқу-тәрбие үдерісін қашықтан оқыту, педагогтардың біліктілігін арттыру курстары, оқушылардың олимпиада, ғылыми жоба жұмыстарының қорытындысы, нәтижелі көрсеткіш көрсеткен мектептер, құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары туралы жан-жақты ақпарат берді. Қазіргі онлайн оқуға орай мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауды қажет ететін, көпбалалы отбасыларға планшет, компьютерлер бөлінгенін, алайда, қайтарымды негізде болғандықтан көптеген ата-аналар оны алудан бас тартып жатқанын тілге тиек етті. Өйткені, аталмыш құрылғы бұзылып істен шықса оның шығынын төлеуге жағдайлары көтермейтінін жеткізді. Алайда, бұл бағытта мектеп директоралары ата-аналармен түсінік жұмыстарын жүргізуді жалғастырып келетінін айтты. Кеңес мүшесі Қадірбай Жармұхамбетов мұғалімдердің ІТ құзіреттілігі, заманауи құрылғылармен қамтылуы қаншалықты деңгейде екендігіне қызығушылық танытса, Балғаным Хасенова білім сапасының негізгі көрсеткішін құрайтын қабілетті оқушылармен жұмыстар қашықтан қалай жүргізіліп жатқанын сұрады. Кеңес мүшесі Мансұр Қуанышәлиев ҚР Конституциясына сәйкес әрбір бала тегін жалпы орта білім алуға міндетті деген заңдылыққа бүгінде кереғар жағдай қалыптасып отырғанына алаңдаушылық білдірді. Өйткені, қазір алыстағы Азғыр өңіріндегі әрбір оқушы онлайн білім алу үшін ұялы байланыс операторының интернетіне жүгініп отыр. Яғни, олардың қызметін пайдалану үшін білім алушылар телефонына әлсін-әлсін бірліктерді жүктейді, мұның бәрі сайып келгенде қаржыға тіреледі. Ал оған кез-келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Сондықтан, қоғам белсендісі М.Қуанышәлиев бұл мәселені жоғары жаққа көтеріп, балалар үшін интернеттің қолжетімділігін тегін етудің жолын қарастыру қажеттігін алға тартты. М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептің директоры Марат Ғилаев Каспий, Шестой елді мекендеріндегі интернеттің жоқтығы балалардың қашықтан оқуына үлкен қиындық туғызып отырғанын жеткізіп, тіпті Құрманғазы ауылының Құрылысшылар мөлтек ауданындағы кейбір тұрғын үйлер Қазақтелекомдағы байланыс нүктелерінің жетіспеушілігінен, әлі күнге интернет желісін қондыра алмай келетінін айтып ренішін білдірді. Мектепке бөлінген 15 планшеттің 7-еуі ғана үлестірілгенін, қалғанын алуға ата-аналар құлықты еместігін жасырмады.

Келесі кезекте «Аудан бойынша әскер қатарына алынушылармен жұмыс, оған дайындық және патриоттық тәрбие шараларының жүргізілуіне мониторинг жасау» туралы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Ернар Мұхамбетәлиев баяндады. «Ауданымыздағы пандемия індетіне байланысты атқарылған жұмыстарды талдау, алға қарай денсаулық сақтау мекемлерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, дәрі-дәрмекпен қамтуды жолға қою» жөнінде аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Гүлсара Мүтиева хабардар етті. Мансұр Қуанышәлиев тұмауға қарсы вакцинацияның ауданда жүру барысын, пневмониямен ауырғандарды оңалту шараларын, оттегі концентраторының жұмыс жасау технологиясын сұрады. Кеңес мүшелері Қадірбай Жармұхамбетов, Оразғали Алғаязов, Алмажи Өтегенов компьютерлік томография алу, ауруханаға жаңа аппараттармен жұмыс жасай алатын кадрларды тарту, дәрі-дәрмектің қолжетімділігі туралы толғандырған сұрақтарын қойып, хабарламашы тарапынан толыққанды жауаптарын алды. Кеңесті қорытындылаған Жұмақай Мұғалұлы бүгінгі көтерілген өзекті мәселеге орай түрлі сала басшыларының бірлесіп жүйелі жұмыс жасау қажеттігінің маңыздылығына тоқталып, аудан көлемінде шешілмейтін кейбір түйткілдерді облыстық қоғамдық кеңеске жеткізетінін айтты.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521