Астана қаласында өткен 500-ге жуық оқушы қатысқан ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың жаратылыстану - математика бағыты бойынша қорытынды кезеңі өтті. Олимпиаданың негізгі мақсаты — ауыл оқушыларының таланттары мен қабілеттерін анықтау, дамыту және қолдау үшін оңтайлы жағдайлар жасау, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу, оларды одан әрі зияткерлік дамыту және кәсіби бағдарлау.
Оған Атырау облысынан 28 оқушы қатысып, оның ішінде Құрманғазы ауданынан 6 оқушымыз топ жарып жүлделі орындар иеленді. Атап айтқанда, химия пәні бойынша Ә.Сәрсенбаев, Б.Бегалиев атындағы жалпы орта мектептердің 9 сынып оқушылары Бостан Нұртілек пен Ғалымжан Марат жеңімпаз атанып, алтыннан алқа тақса, ІІ орыннан география пәні
бойынша М.Әуезов атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Өмірзах Нұрасыл, химия пәні бойынша М.Ломоносов атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Кисметов Данабек көрінді. Қола медальді М.Ломоносов, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептердің 11 сынып оқушылары Есетов Ержігіт пен Таңатарұлы Бекнұр иемденді. Сонымен қатар, Атырау облысы жалпыкомандалық есепте ІІ орын иеленіп, «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алды.


Марапаттау рәсіміне қатысқан Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова дарынды балаларды қолдау – мемлекеттік білім саясатының басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
"Мемлекет басшысы балалардың зияткерлік, шығармашылық әлеуетін ашуға, дарынды, талантты балаларды қолдауға ерекше назар аударады. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада – осы мақсаттарға қол жеткізудегі маңызды құралдың бірі. Интеллектуалдық сайыстарға қатысу терең білімді ғана емес, жоғары жауапкершілікті де талап етеді. Сіздер адал әрі тартысты бәсекеде өз білімдеріңізді дәлелдеп, үздік нәтижелерге қол жеткіздіңіздер", – деді вице-министр.
Айнагүл Күнұзаққызы


