Жыр болған мәселенің нүктесі қойылмақ

(0 Votes)

Ресеймен шекаралас жатқан Байда ауылдық округін ауыз сумен қамту көптен бері көтеріліп келе жатқан. Жиналыс сайын күн тәртібінен түспейді. Онымен бір қайнауы кем болып, піспейді. Енді міне, сағыздай созылған мәселенің нүктесі қойылатын кез жеткен тәрізді.

bajda-okrugine-su-keldi1

Жергілікті тұрғындардың арманы орындалып, мердігер мекеме «Болат Д» ЖШС ауыз су құбырларын тартуды бастап кетіпті. Жақсы жаңалықты жадырай жеткізген Жүсіп Төреғалиев сынды округтің іскер әкімімен бірге ілесіп барып, жұмыс барысымен таныстық. Мердігер мекеме Котяев пен Кудряшов ауылдарының арасындағы біраз жерді қазып, құбыр салып тастапты. Жұмыс қарқыны көңіл көншітті.

bajda-okrugine-su-keldi-2

Іс басында жүрген учаске бастығы Марлен Жұмағалиевті сөзге тартқанымызда:

– Котяев пен Кудряшов елді мекендеріне су құбырларын жүргізгелі келдік. 15 қазанда бұл жұмысты бастадық. Келесі жылдың аяғына дейін бітіреміз деген жоспарымыз бар. Жоба бойынша ескі әскери бөлім ғимараты қасынан, сосын су тазалайтын құрылғыдан, Котяев пен Кудряшов ауылдарының ортасынан бір-бірден насос түседі. Құбырдың жалпы ұзындығы екі ауылды қосқанда жиырма жеті шақырым. Қиғаштан су бір станса арқылы алынып, су тазарту имаратына жіберіледі. Онда әрқайсысы 20 тонналық үш резервуар орналасады. Осы жерден халыққа беріледі. Екі ауылға бөлек-бөлек кетеді. Бұрыннан бар Кудряшов СТИ-на қосымша насос қойылады.

– Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі қалай, олар құрылыс басында бар ма? Құбырларды қанша метр тереңдікке салып жатырсыздар? Қатты аязда қатып қалмай ма?

– Алдымызда қыс тұрған соң жергілікті жерден адам ала қойған жоқпыз. Болашақта қажет болады. Әзірге екі трактор және мына 3-4 адаммен жұмыс жасап жатырмыз. Қазатын жерлер көп, алға қарай жергілікті тұрғындарды да аламыз. Қыста аяз болмаса, су шықпаса тоқтамай жасап, мерзімінен бұрын бітіреміз. Жоба бойынша келесі жылдың аяғында тапсыруымыз қажет. Құбырлар 1 метр 80 см тереңдікке салынуда, қыста қатпайды.

– Диаметрі қандай? Бәрі осындай бола ма, әлде әртүрлі ме? Ауыз суды тұрғын үйлерге кіргізіп бересіздер ме?

– Қиғаштан су диаметрі 110 см құбырлармен келеді. 160 сантиметрмен стансадан шығады. Тазалау орнынан қайтадан 110 сантиметрмен басталып, одан әрі 63, 50, 25-тік, сосын 140-тық құбырға ауысады. Жоба бойынша құдықтан шығарып 25-тік құбырмен аулаға апарып кіргіземіз. Әр тұрғын үйіне өзі тартады. Кудряшовте 250 үй бар, ал, Котяевте қанша баспанаға тартатынымызды тапсырыс берушілермен, жергілікті билікпен ақылдасып шешеміз. Мұнда картаға түспей қалған, жаңадан салынған үйлер бар екен.

Байда ауылдық округінің әкімі Жүсіп Сүлейменұлы мердігер мекеме өкілімен әңгімесінде:

– Сіздер туралы сұрастырып қарағанымда, жақсы деп мақтап жатыр. Ауыз су құбырын сапалы жасайсыздар деген сенімдемін. Округ әкімдігі жанынан жұмыс барысын қадағалап отыратын құрамында 2-3 адамы бар арнайы комиссия құрамын. Оның қатарына бір маманымды қосамын. Енді құбыр өтетін жерлерде заңсыз салынған қора-қопсы, ұзартқан аула сияқты нәрселер болса оған алаңдамаңыздар, алдыртамыз. 1 метр артық кетсе заң талабы бойынша салынатын айыппұл мөлшері 200 мың теңгеден басталады. Жалпы округтің халқы жақсы, сауатты, айтқанға түсіністікпен қарайды, - деп қандай көмектер керегін сұрады.

Округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Якуб Исмағұлов:

– Біздің ауылда жарық, асфальт, байланыс мәселелері шешілді. Қалып жүргені осы ауыз сумен қамту еді. Енді оның да тартылып жатқанына қуаныштымыз. Мұны 17 жылдан бері жиналыс сайын көтеріп жүрмін. Кезінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев келгенде де ауыл биікте тұрғандықтан насоспен айдаған су көтерілмейтінін айттым. Маған: «517 млн. теңге бөліп насос қойдырамыз. Жаңа технологияның қуаты жетеді», деді. Насос тұрған жер жүзбелі өткелден 1 метр 80 см аласа. Қандай технология болса да физиканың заңына қарсы шықпайды. Кәсіпкер ол жерге қуаты 20 квт мотор қоймайды, олай етсе ақтамайды. Былтыр есеп беру жиынында аудан әкімі Қайрат Талапұлы бұл мәселені шешемін деп уәде берген. Сөзінде тұрған азаматқа және осы жұмыстың басы-қасында жүрген округ әкіміне ауыл тұрғындары атынан ризашылығымыз шексіз. Осы жұмыста бастап жатқан жігіттер, сіздерге де сәттілік тілейміз. Көп адам ауыз судың келуінен үмітін үзіп, жағадан құбыр тартып алды, оны да ескерерсіздер, - деді.

Өстіп аудан көлемінде халық игілігі үшін атқарылып жатқан тағы бір игі істің куәгеріне айналдық. Сөз соңын көз қуантар іс көсіле шапқан тұлпардай межесіне дер кезінде жетіп байдалықтарды қуантсын деген тілекпен тәмамдағанды жөн көрдік.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521