Тәуелсіздігіміздің мерекелі күнімен баршаңызды құтықтауға рұқсат етіңіздер!
Әрқайсыңыз көңілдеріңізде тәуелсіз ел бізге не берді, біз қандай үлес қостық деген сауал тұрғанын білем, солардың бірі ретінде айтар болсам:
Тәуелсіздік: 1) Қоғамға да, жеке адамдарға да еркіндік берді.
2) Өзімізді тануға жол ашты. Бұрын заңда рұқсат етілгеннен басқаны істеуге болмайды делінсе, қазір заңда тыйым салынғаннан басқаны істеуге болады деген қағида орнады.
Соның нәтижесі жаңа сарайлар: мәдениет үйі, спорт кешені, көшедегі асфальт, Астрахань-Ақтөбе тасжолы, әр үйге келіп тұрған газ, жағалай салынған коттедждер мен кең сарайдай үйлер. Кеңес кезіндегі даңғара үйлер деп жүргеніміз жазғы ас үйге айналды. Бұл - қоғамымыздың бергені.
Жекелеген адамдар арасында, тәуелсіздігіміз тұғырлы болу үшін үлес қосқандар жоқ емес, бірақ ондай жандар саусақпен санарлық. Компартия айтқызбаған бабаларымыздың есімін оралтып, елімен қауыштырған, атын иемденіп, кесене құрылысын жүргізіп, ескерткішін ауылға қойған азаматтар бар. Солардың сапында Сәрсенбай Еңсегенов: Абайға, Жұмекенге ескерткіш орнатса, Нұрлан Құсайынов 100-ге келген анаға тұрғын үй салып берді. Таңатар Дәрелов Серікбай ата кесенесін тұрғызуға араласып, аудан тұрғындарын жұмылдыруға белсене араласа, тәуелсіздікке, оған саналы қызмет жасап жүрген жандарға арнап дастанын шығарып, көлемді мақалалар жазды. Ақынымыз Нұрлығайын Нұғманов тәуелсіздікті жырларының өзегіне айналдырды. Кенжебаев Біржан, Сұлтанов Сабыржан, Абулхайров Жеңіс және ауданның санаулы кәсіпкерлері кемтар - мұқтаж адамдарға әлсін-әлі қаржылай көмектерін жасап келеді. Мен Әбу Сәрсенбаев атындағы мектептің бастауыш сыныбының озат оқушыларына 2008 жылдан бері шәкіртақы төлеп келем. Оны иемденгендердің саны 258-ден асты.
Адамның ұлттық санасы оянып, мәдениеті өрлегенде елдің түп-тамыр тарихына, өткен әйгілі адамдарға көбірек үңіледі. Оның нышаны биылғы жылдан бастап көрінді.
Неге биыл деп отырмын? 2018 жылы Құрманғазы аудан орталығын Құрманғазы ауылы атауымыз не берді? Құрманғазы бабамыздың атын әйгілеуге мысқалдай әсері болған жоқ. Рухани жаңару жолында кері бір қадам жасамасақ, ілгерлеген жоқпыз.
Биылғы жылы аудан әкімі Қайрат Талапұлының бастамасымен өткенімізді анықтап, өлкемізді зерделеп жазуға шара алынды. Киелі адамдарымызды оралтып, қасиетті жерлеріміздің ұмыт қалмауын қамтамасыз ету үшін «Киелі мекен- қасиетті өлке Құрманғазы» кітабы жазылып шықты.
Бәрекелді, біткен істе мін жоқ, енді екінші кітабы дайындалу үстінде. Ұлттық мүддені санасымен түсініп, тәуелсіздігіміздің жемісі рухани жаңғыру аясында белсенділік танытып, аудан үшін, ауданның халқы үшін барларын аямай жұмыстанып жүрген азаматтарды атау борышым деп есептеймін. Олардың сапында Рахимов Сағынжан, Қалиев Ғаділхан, Дәрелов Таңатар, Нүғманов Нұрлығайын, Адиятов Ізтұрған, Жармұхамбетов Қадырбай, Бектемиров Жандос, Хайрошова Жазира және басқа да азаматтар баршылық.
Мақсатқа жету үшін санамызды жетілдірер ісіміз оза жүріп отыруға тиіс. Сондықтан барлық аудан тұрғындары қосылады деп есептеймін.
Тағы да мереке құтты болсын! Келер жылы тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын ел болып, аман- есен ойлаған мақсатымызға жетіп, тойлайық, сонымен қатар қандай үлес қостық деп ойлайық, ағайын!