Құрманғазы аудандық мүгедектер қоғамының ұйымдастыруымен «Жүрек жылуы» атты салтанатты шара өтті. Оған ерекше күтімді қажет ететін балалар мен олардың ата-аналары қатысты.
Шара барысында күрделі жөндеуден өткен бұрынғы мұрағат ғимараты аталған қоғамның жаңа орыны ретінде пайдалануға берілді.
Алдына керілген лентаны Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса мен аудандық мүгедектер қоғамының төрайымы Гүлсара Мұстахимқызы қиды. Бұл ғимаратқа жөндеуді күзгі-қысқы дайындыққа бөлінген 9 млн.777 мың теңге қаржыға мердігер мекеме «Бақыт» жеке кәсіпкерлігі жүргізген. Өткен жылы шатыры, сыртқы қабырғасының қаптауы ауыстырылып, жылу жүйесі жөнделген. Биыл бұл жұмыс түгелдей аяқталған. Бәрі де сапалы жасалғаны бірден көрініп тұр. Кіре беріс дәлізге паркет төселген. Бөлмелердің есік-терезелері, төбесі, электр және жылу жүйесі түгелдей ауыстырылған. Он бір бөлмесі бар ғимараттың ішінде әжетхана мен душта орнатылған. Барлық бөлмелердің еденінде ламинад. Ескіден жаңа жасап, заманауи келбет беріп, қолда барды ұқсата білген округ әкімдігінің жұмысын басқаларға үлгі етуге болады.
Салтанатты шарада аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова сөйлеп:
– Осындай шараны ұйымдастырып кішкентай бүлдіршіндеріміздің көңілін көтеріп жатқан Гүлсара Мұстахимқызы сізге алғысымыз шексіз. Сіздерге және мына кішкентай бүлдіршіндерге қолдау көрсетейік, қуаныштарыңызды бөлісейік деп келіп жатырмыз. Әрбір ана баласы үшін өмір сүреді ғой. Қатысып отырған барлық ата-аналарға айтарым балаларыңыз аман-есен сауығып кетсін. Бүгін қазақтың үш биі бейнеленген суретті сыйлайын деп тұрмын. Олардың рухы сіздерді қолдап жүрсін. Балалардың жарқын күндері көп болсын, – деп мүгедектер қоғамының басшысына аталған суретті сыйға тартты.
Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Рахметұлы:
– Екі жыл қатарынан осы үлкен, зәулім ғимаратты жөндеумен айналыстық. Бүгін аудандық мүгедектер қоғамына пайдалануға бердік. Сонымен қатар, мұнда округке қарасты ауған, тәжік-ауған соғысы, Чернобыль апатын жоюға қатысқан ардагерлердің кеңестерін, Халық партиясын және басқа да қоғамдық ұйымдарды шоғырландырып, қоғамдық орын жасаймыз деп жоспарлап қойдық. Алға қарай жұмсақ жиһаздармен, басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтимыз. Өсіп келе жатқан ұрпақтарыңыз сіздердің еңбектеріңізді ақтасын, ауырмасын. Себебі, сіздер ерекше балаларды тәрбиелеп отырсыздар. Бұл басқаларға үлгі, Алланың сіздерге берген сынағы. Сол сынаққа төзіп, үлкен мейіріммен осы балаларды еш жерге тапсырмай, оқуларынан қалдырмауға күш салып жүрген алтын жүректі анасыздар. Денсаулықтарыңыз мықты, жақсы күндеріңіз көп болсын, сәбилеріңіздің жүзінен күлкі кетпесін,– деген ізгі тілегін жеткізді.
Келесі кезекте ізгі тілектер шараға демеушілік жасаған, қамкөңіл балаларға түрлі ойыншықтар мен тәттілер жеткізген Бақтияр Қайыржанұлы, Ажар Жаңабаева тарапынан да айтылды.
Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары, мүгедектер қоғамынан Гүлхат Зинелова әсем әндер орындап, ерекше қамқорлықты қажет ететін балалардың да өз өнерлерін ортаға салуына мүмкіндік жасалды. Сүйкімді аниматорлар бүлдіршіндермен билеп, көңілдерін көтерді. Ойындар ойналып, оның жеңімпаздарына сыйлықтар ұсынылды. Соңында аудандық мүгедектер қоғамының төрайымы Гүлсара Мұстахимқызы өздеріне осындай ғимарат тарту еткен аудан, округ әкімдеріне, шараларына демеушілік жасаған кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді. Осылайша жөндеуден өткен жаңа ғимараттың екінші тынысы ашылды.
Қанат ҒҰМАРОВ