Жұмысшы болу жаман ба?

(0 Votes)

Негізінде көпшілік жұмысшы мамандығына қорашсына қарайтыны жасырын емес. Бірақ, бұл жерде еш менсінбеушілік болмау керек деген ойдамын. Қарапайым жұмысты еншілеген адамға қай кезде де құрмет болуы керек қой. Кезінде  данышпан Абай атамыз да сол адал еңбекті дәріптеп «Есектің артын жусаң да мал тап» деп өнегелі сөз қалдырды емес пе?!

Ұлы ойшылдың сөзінің астарында қандай жұмыс істесең де арланбай адал істе деген тәлім жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Алаш зиялысы Жүсіпбек Аймауытов та «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асырау жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген екен. Ендеше жұмысшы мамандықтарына да үлкен құрметпен қарайтын кез келген сияқты.

Осыны түсінген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы сан мыңдаған қарапайым кәсіп иелерінің мәртебесін көтеріп бір тастады деп толық сеніммен айта аламын. Қыркүйектің басында теледидардан зейін қойып тыңдаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ, біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» дегенін жұмысшыға көрсетілген құрмет деп ұғындым.

Мемлекет басшысының айтуынша адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Оның «Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» деген сөздерін ерекше ілтипатпен қабылдағанымды айтқым келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. «Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек» деп алға қарай қарапайым жұмысшылар да марапатталатынын қаперге беріп өтті.

Мен де қарапайым кәсіп иеленгендердің бірімін. Еңбек жолымды ауылда қара жұмыстан бастадым, кейіннен механизатор мамандығын игеріп, кеңшарда біраз жылдай тракторшы болдым. Мігірсіз еңбегім мен құлшынысым еленіп тракторшылар бригадасына жетекшілік жасауға таңдалдым. Аудандағы жылжымалы механикаландырылған колонналардың бірінде «К-700» тракторын тізгіндеп, ауыл-ауылда суландыру жүйелерін салуға атсалыстым. Нарықтық қатынасқа көшудің алғашқы қиындау жылдарында қандай жұмыстың реті шығады соның бәрін арланбай атқарып жүрдім. Ауылдан ыңғайлы жұмыс табылмаса ауданнан тыс жерлерде айдамалдап та жұмыс жасадым. Қарапайым тірлігіммен жанұямды, бала-шағамды асырадым, бір сөзбен айтқанда ешкімге қол жаймай өз күнімді өзім көргеніме шүкіршілік етемін. Еңбегімнің еленгені бар, еленбегені бар, ол маңызды емес те шығар, бүгінде маңдай теріммен жеткен зейнетімнің жемісін көріп отырған жайым бар. Сол қара жұмыстың арқасы болар жасым сексенге келсе де, Аллаға шүкір, жастайымнан игерген кәсібімнен алшақтамай темір тұлпарыммен немере-жиендерді мектебі мен балабақшасына тасымалдауға, тірлікте таусылмайтын майда-шүйдені жасап тастауға жарап тұрмын. Айтайын дегенім, қай жұмыстың да өз қайыры болады. Ең бастысы, ер еңбектің денсаулығыңның, күш-қуатыңның, қажыр-қайратыңның кемімеуіне көптеген жақсы әсері болады. Артымыздан ерген жастар осыны жете түсініп, еңбек етуден қашпаса екен деймін. Жалпы мамандық таңдау өте үлкен жауапкершілік жүктейді. Әсіресе, бәсекеге қабылетті, заман көшіне сай маман иесі атанғандар далада қалмайтынын уақыттың өзі көрсетіп жүр.  Болашақтың баспалдағы мамандықты дұрыс таңдаудан басталатынын да ұмытпауымыз керек. Мемлекет басшысының айтуынша кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам.

Мақсот ЕСІМҒАЛИЕВ,

еңбек ардагері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT