Қазақ руханиятының темірқазығы, өр рухты поэзияның биік шыңы, көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдық мерейтойы ауданымызда кең көлемде аталып өтті.
Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жұмекен саябағында елдік рух пен өнерді тоғыстырған айтулы шара қатысушылары ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Әнұран шырқалған сәт мерекенің мәнін тереңдетіп, маңызын айшықтай түсті.



Шара барысында ақынның бай шығармашылық әлемін таныту мақсатында тың мазмұндағы кітап көрмесін жұмекентанушы, ақын, Қошалақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы Есмұхан Долайұлы таныстырды.

Ол Жұмекен жырларының терең философиясын, оның қазақ әдебиетіндегі қайталанбас орнын ашып көрсетіп, тыңдарманды ақын әлеміне жетеледі. Иә, ақын өлеңдерін сүйіп оқитын қалың оқырманы барда, қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі барда, Жұмекеннің жырлары бізбен бірге мәңгілік жасай беретіні сөзсіз.

Сонымен бірге Жұмекен туындыларынан шабыт алған жас суретшілердің галереясы ұйымдастырылып, көрермен назарына ұсынылды. Жас өнерпаздардың жұмыстары ақынға деген құрмет пен нәзік сезімді айқын көрсетті.
Мерейтой аясында өткен «Қияға самғаған қыран ақын» атты креативті бейнероликтер шеруіне ауданның 21 мәдени мекемесі қатысып, Жұмекен жырларын жаңаша форматта ұсынды. Сонымен қатар «Жыр сұңқары — Жұмекен» атты эссе байқауында 28 жас оқырман өз қаламымен ақын рухын, елдік ойды, туған жердің тынысын көркем жеткізуге талпынды. Екі байқаудың да үздіктері сахнада марапатталып, арнайы алғыс хаттарға ие болды.


Балалар өнер мектебі мен оқушылар үйінің жас суретшілері де белсенділік танытып, өздерінің шығармашылық еңбектері үшін лайықты марапат алды. Бұл — Жұмекен мұрасының тек өткеннің тарихы емес, жас буынға шабыт беретін мәңгілік қазына екенін дәлелдейді. Ән мен күй, жыр мен сыр ұштасқан мәдени кеш көрермен жүрегін жылытты. Жұмекеннің қуатты жырына қанаттанып тарқасты.
Айнагүл Күнұзаққызы


