Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы бес жылға арналған елдің даму векторын айқындайтын стратегиялық маңызды Жарлыққа қол қойды. Құжат ішкі саясатты іске асырудың 15 іргелі қағидаты кіретін іс-қимылдың егжей-тегжейлі бағдарламасынан тұрады. Бұл қағидаттар адами капиталды дамытудан бастап, мемлекеттік институттарды нығайтуға және экономиканы жаңғыртуға дейінгі бағыттардың кең ауқымын қамтиды. Осы жарлық және аудандық ішкі саясат бөлімінің атқарып отырған жұмысы жайлы білмек ниетпен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мерей Әжігереепен сұхбаттастық.
– Мерей Есенгелдіұлы, алдымен өзіңіз жайлы оқырманға ақпарат бере кетейік. Бұған дейін атқарған қызметтеріңіз, Астанада оқып біліктілігіңізді арттырғаныңыз жайлы айтып өтсеңіз?
– Қайырлы күн болсын. Алдымен оқырманға түсінікті болу үшін айтып кетейін, қазіргі лауазымға дейін 2017-2024 жылдар аралығында аудан орталығы Құрманғазы ауылдық округі әкімі аппаратында алдымен бас маман, кейін ауылдық округ әкімінің орынбасары қызметін атқардым. Жалпы мемлекеттік қызметке 2014 жылдың желтоқсанында келдім. Ең алғашқы жұмыс орным осы ішкі саясат бөлімі болды. Бұл жерде 2 жыл үздіксіз жұмыс жасадым. Құрманғазы ауылдық округ әкімі аппратында қызмет атқарып жүріп, 2022 жылдың қыркүйегінде Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясына магистратураға оқуға қабылдандым. Үлкен конкурс болды, содан сүрінбей өтіп, бір жыл Астана қаласында білім алдым. Менің оқыған бағытым академияның басқару институты болды, ол жерде «Өңірлік даму» бағдарламасы аясында «Бизнес және басқару» магистрі атандым. Жалпы мемлекеттік қызметші үшін біліктілікті үнемі арттырып отыру — заман талабы. Қоғам күн сайын өзгеріп, жаңа технологиялар, жаңа заңнамалар, жаңа басқару тәсілдері енгізіліп жатқан кезеңде тек кәсіби тұрғыдан жаңарып отыратын маман ғана жоғары нәтижеге жетеді. Біліктілікті көтеру мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып қана қоймай, азаматтардың сенімін күшейтеді, шешім қабылдаудағы дәлдік пен тиімділікті қамтамасыз етеді.
Сондықтан үздіксіз оқу, тәжірибе алмасу, кәсіби курстар мен тренингтерге қатысу — әр мемлекеттік қызметшінің жеке жауапкершілігі мен кәсіби дамуының негізгі бөлігі дей аламыз. Академия қабырғасында жүріп, шет елде тәжірибеден өттік. Біз Литва мемлекетінің астанасы Вильнюс қаласында Миколо Ромерио универститетіне бардық. Еуропалықтардың, соның ішінде Балтық жағалауы елдерінің басқару жүйесімен таныстық. Өзімізбен салыстырдық. Айтайын дегенім бұл мен үшін үлкен жаңашылдық болды.
– Қараша айында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі саясат саласындағы жұмысты жүйелеуге және үйлестіруге бағытталған «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» жарлыққа қол қойды. Бұл құжаттағы басты қағидаттар қандай?
– Иә, 2025 жылғы қарашада Қасым Жомарт Тоқаев басшылығымен қабылданған жаңа жарлық – Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары — елдің ішкі саясатындағы мемлекеттік жұмыс пен әлеуметтік институттардың іс-әрекетін жүйелеп, үйлестіруге бағытталған. Бұл құжаттың негізгі бағытына тоқталсам: «Заң және тәртіп» — құқықтық мемлекет қағидатын, тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» — азаматтардың пікіріне, мүддесіне ашық, олардың үнін ескеретін басқару. «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» — әлеуметтік түгелдік, түрлі этнос, мәдениеттер мен пікірлердің біртұтастығын сақтау. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» — мемлекеттік билік органдары арасында баланс пен жүйелі басқару. «Адал азамат» — азаматтық қоғам мен жеке адамдардың адалдығын, жауапкершілігін, құқықтық сауатын арттыру. «Таза Қазақстан» — ашықтық, мораль-этикалық және әлеуметтік әділеттілік, жемқорлыққа қарсы қадамдар. Ал басым бағыттары мен мазмұны «Қоғаммен диалог, қоғамдық бірлік, азаматтардың пікірін ескеру» — әлеуметтік және саяси қатынасты, «Этносаралық қатынастар мен ұлттық біртұтастық» — әртүрлі этникалық, мәдени топтардың келісімі мен бірлігін, «Дін, мәдени-гуманитарлық және рухани құндылықтар» — қоғамдағы мораль, мәдениет, ұлттық болмысты, «Отбасы, жастар саясаты» — әлеуметтік тұрақтылық пен болашақ ұрпақтың әлеуетін дамытуды, «Ақпараттық саясат» — ақпараттың ашықтығы, мемлекеттік коммуникация, қоғаммен байланысты қамтиды. Бұл құжаттың маңыздылығы неде десек, алдымен ішкі саясат саласындағы барлық мемлекеттік органдар үшін бағыт беретін бірыңғай негіз. Ол арқылы ішкі саясатты реттеу, үйлестіру және әртүрлі институттар арасындағы жұмысты біркелкі жүргізу көзделген. Сонымен қатар, құжаттың қабылдануы — елдің ішкі және сыртқы жаңа шарттарына бейімделу, мемлекеттік институттар мен қоғам арасындағы өзара ықпалдастықты нығайту мақсатына қызмет етеді.
– Мемлекеттің тұрақты дамуы негізінен сыртқы және ішкі саясаттың дұрыс жүргізілуіне байланысты ғой. Бөлім діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, ұлтаралық келісімді нығайту бағытында қандай жұмыстар атқарып отыр?
– Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету – біздің тарапымыздан атқарылатын жұмыстардың бірі. Ол мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды үйлестіру, діни тұрақтылықты сақтау және қоғамда радикалды ағымдардың алдын алу мақсатында жүргізілетін кешенді шаралардан тұрады. Жалпы дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі бағыттары – «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету», «Қала,облыс аумағындағы діни бірлестіктермен жұмыс жүргізу, олардың қызметіне құқықтық-әкімшілік қолдау көрсету», «Діни ұйымдармен жүйелі кездесу, ақпарат алмасу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу». Бұл бағытта өзіміздің жылдық жоспарымыз бар, соған сәйкес біз өз жұмысымызды жүргізіп келеміз. Деструктивті діни ағымдардың алдын алуға «Экстремизм мен радикализмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру», «Қауіпсіз интернет», «Жат ағымнан сақ бол!» сияқты профилактикалық жобаларды жүзеге асыру», «Әлеуметтік желілер мен қоғамдағы радикалды идеялардың таралуын шектеу үшін мүфтият, құқық қорғау органдарымен бірлескен шаралар өткізу» жатады. Осы бағытта облыстық Дін істері басқармасының арнайы дайындалған сюжеттерін, ақпараттық материалдарын ауданымыздың әлеуметтік желідегі парақшаларына тұрақты түрде жариялап келеміз. Ақпараттық-түсіндіру топтарының (АТТ) жұмысын үйлестіру – «Дін саласында білікті теологтар, дінтанушылар, психологтар қатысатын АТТ жұмысына жетекшілік ету», «Мектептерде, колледждерде, ата-аналар жиналыстарында және еңбек ұжымдарында түсіндіру кездесулерін ұйымдастыру», «Халыққа зайырлы мемлекет қағидаларын түсіндіруден» тұрады.
Осы орайда ауданда АТТ құрылған. Өзім сол АТТ-ға жетекшілік етемін. Құрмында 3 теолог, жастар ресурстық орталығының басшысы, еңбек ардагерлері, білім саласының қызметкерлері, психологтар бар. Өзіміздің бекітілген жоспарымызға сәйкес 2025 жылы 54 мақсатты топтармен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. 2025 жылдың ақпан айында Алматы қаласынан осы АТТ жұмысын одан әрі жетілдіру үшін 1 апталық курстан өттім, ал осы жылдың қазан айында бөлімнің бас маманы Е.Әдебиетов Алматы қаласынан біліктілігін арттырып келді. Діни ахуалды мониторингтеуге «Аймақтағы діни жағдайға тұрақты талдау жүргізу», «Әлеуметтік зерттеулер арқылы діни үрдістерді бақылау», «Қауіпті тенденциялар байқалған жағдайда алдын алу шараларын енгізу» жатады. Бұл бағытта бөлім қызметкерлері үнемі әлеуметтік желіге мониторинг жүргізіп отырады. Жалпы ауданымыздың діни ахуалы бүгінгі күні тұрақты деуге болады.
Бұдан бөлек «Құрманғазы ауданы әкімі жанындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің Құрманғазы ауданы бойынша пайдаланылуын (тігілуін, орналастыруын) бақылауды жүзеге асыру жөніндегі комиссиясының» жұмысшы органы болып табыламыз. Біздің бөлімде мемлекеттік рәміздерге мониторинг жүргізу жүктелген. Комиссия отырыстары тоқсанына 1 реттен жылына 4 мәрте өтеді. Оның жоспарына сәйкес проблемалық мәселелер тыңдалып, оларды шешу жолдары қарастырылады. Ақпарат үшін айта кетейін, ауданның 19 ауылдық округінде жергілікті және облыстық бюджеттен қаржыландырылатын 138 мекемеде, 21 мәдени мекеме, 8 аудандық дербес бөлім мен 19 ауылдық округ әкімдігінде және 28 басқа да мемлекеттік мекемелердің басшы кабинетінде стандартқа сәйкес мемлекеттік рәміздер орналасқан. Сонымен қатар, бөлек ғимаратта отырған 35 мекемеде ғимараттың кіре беріс қас бетінде стандартқа сәйкес Елтаңба мен Ту және екі тілде жазылған маңдайшаларда мемлекеттік Елтаңбалар бар. Аудан көлеміндегі бюджеттік мекемелерге тоқсан сайын зерделеу жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмектер көрсетіліп келеді. 2025 жылы мемлекеттік рәміздерге қатысты заң бұзушылықтар орын алған жоқ.
– Ауданымызда гендерлік саясат қалай жүзеге асырылуда? Осы жөнінде де ақпарат бере кетсеңіз?
– Құрманғазы ауданы әкімі жанында әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия бар. Жалпы гендерлiк саясаттың негiзгi қағидаттары Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепiлдiк берiлген әйелдер мен ерлердiң тең құқығы мен еркiндiгiн белгiлейдi. Оның басты мiндеттерiне – нәзік жандыларымыздың билiк құрылымдарына ерлермен тең қатысуына қол жеткiзу, экономикалық тәуелсiздiктiң бірдей мүмкiндiктерiн қамтамасыз ету, өз бизнесiн дамыту және қызмет бабында iлгерiлеу, отбасында құқықтар мен мiндеттердi жүзеге асыру үшiн жағдайлар жасау, жыныстық белгiсi бойынша зорлықтан еркiн болуы жатқызылады. Комиссияның жоспарына сәйкес тоқсан сайын отырыстары өткізіліп, тиісті мәселелер талқыланып жүзеге асырылды. Жалпы Құрманғазы ауданы бойынша 55551 халық болса, соның ішінде әйелдер саны-28399. Оның 14-28 жас аралығындағысы 12834 адам, яғни, аудан халқының 22,3%-ын құрайды. Аудан бойынша 2930 кәсіпкер болса, оның 1348-сі әйел, яғни 46 пайызды құрап отыр. Шаруа қожалығы 685, оның 38-ін әйел адам басқарады. Мемлекеттік қызметшілер саны 169, оның ішінде 75-і, денсаулық сақтау саласы бойынша 80 дәрігер болса оның 56-сы әйел.
Гендерлік саясат бойынша «Құрманғазы-Туған жер» қоғамдық қоры жеңімпаз болып 2025 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Гендерлік саясат және отбасы тәрбиесі» тақырыбындағы жобаны жүзеге асыру үшін, қазан айында С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында семинар, «Ене мен келін татулығы – ұмытылған дәстүріміздің жаңғыруы» тақырыбында видеоролик байқауы, «Мықты некенің құпиясы неде?» атты дөңгелек үстел өткізді. Қатысушылар, жеңімпаздар арнайы сертификаттармен және сыйлықтармен марапатталды.Тамыз айында «Мерейлі отбасы» конкурсы ұйымдастырылды. «Мерейлі отбасы» номинациясы бойынша теміржол саласының зейнеткері Утепов Зияпеден Сейтұлының отбасы жеңімпаз атанып, облыстық конкурсқа жолданып, облыстық деңгейдегі «Мерейлі отбасы» конкурсынан бас жүлде алып, республикалық конкурсқа қатысып, марапатпен оралды. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенқызының бастамасымен аудан көлемінде көптеген игі шаралар жүзеге асырылуда. Б.Хасенованың жұмысы облыс, республика көлеміне танымал. Жалпы қоғамдық ортадағы әйелдердің рөлін арттыру, мәдениетті ұлтты қалыптастыру бағытында көптеген шаралар, жобалар жүзеге асырылып келеді.
– Қазіргі күні бөлім тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қандай жұмыстар жасалуда?
– Бөлім мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында, үкіметтік емес ұйымдар арасында мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жариялап, іс-шаралар кешенін өткізеді. Жалпы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс – мемлекеттік органдардың әлеуметтік маңызды мәселелерді шешу үшін үкіметтік емес ұйымдарға бюджет қаражаты есебінен жобаларды орындауды тапсыру механизмі. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың мақсаттары қандай десеңіз – әлеуметтік проблемаларды тиімді шешу, азаматтық қоғамды дамыту, мемлекет пен қоғам арасында серіктестікті нығайту жатады. Биылғы жылы 3 бағытта конкурстар жарияланды. Олар – сыбайлас жемқорлықпен күрес, нашақорлықтың алдын-алу, гендерлік саясат аясындағы іс-шаралар кешені.
Бірінші екі бағыт бойынша «Жаныңдамын!» қоғамдық қоры жеңімпаз болып, өз қызметін көрсетті. Техникалық ерекшеліктегі тапсырмаға сәйкес барлық шараларды өткізді. Атап айтсам, жастар арасындағы – Quiz интеллектуалды ойыны. Ауданның 8 округінен 60-қа жуық жас қатысып, бақтарын сынады. Шара Қиғаш базасында ұйымдастырылып, жеңімпаздар ақшалай сертификаттар, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, жастар арасында «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» тақырыбында сурет байқауы өтіп, 40-тың үстінде өтінімдер қабылданып соның 3-еуі үздік атанып, бағалы сыйлықтармен ұлығыланды. Гендерлік саясат бойынша «Құрманғазы – туған жер» қоғамдық қоры жеңімпаз болып іс-шаралар кешенін өткізгенін жоғарыда айттық. Тағы бір айта кетейін дегенім, ауданымызда 9 ҮЕҰ тіркелген. Алдағы уақытта белсенді жастарды, қоғамның дамуына өз еңбегімді қосам деген жандарға, ҮЕҰ болып тіркелемін деушілерге біздің бөлімнің мамандары әдістемелік көмек көрсетуге дайын екенін жеткізгім келеді.
– Уақытыңызды бөліп сұхбат беріп жатқаныңыз үшін рахмет, жемісті еңбек тілеймін!
Сұхбаттасқан Айнагүл Күнұзаққызы


