Желаяқтар желдей жүйткіді

(0 Votes)

Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және 1 мамыр Қазақстан халқы бірлігі мерекесіне орай аудан орталығында аудан әкімдігі және мекемелер ұжымдарының қатысуымен «Бірлік жүгірісі - 2025» марафоны ұйымдастырылды. 

Боздақтар ескерткіші алдында өткен ашылу салтанатында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, журналистика мен спорт саласының ардагері Мадат Сәрсекеев сөйлеп: – Бүгін Қазақстан Халқы Ассамблеясының мерейлі мерекесіне орай өтетін марафонға жиналып тұрмыз.Сіздерге сәттілік, жеңіс тілеймін! Жеңгендеріңізді құттықтап, жеңілгендеріңізге мойымаңыздар деймін. Спортта жеңісте, жеңілісте кездеседі. Бұл жолы бәрінен озбасаңыздар, келесіде айларыңыз оңынан тууы мүмкін. Бәрінен бұрын спорттың денсаулықтарыңыздың  мықты болуына, сергек жүрулеріңізге үлкен пайдасы тиеді, – деген  ізгі тілегін жеткізді.

Марафоншылар сапқа тұрғаннан кейін жарысты бастауға команда берілді. Сол-ақ екен теңіз толқынындай лықсыған спортшылар аттың басын еркіндікке жіберді. Өрден сайға аққан судай асфальт үстін толтырды. Бірден қатты кеткендердің аптығын басып, қуып жетіп озғандар да болды. Толқын жағаға лақтырған жаңқадай  кейбір спортшылар  жарты жолдан шығып қалыпта жатты. Әрине, марафонда жеңіске жету оңайға түспейді. Қалайда озамын деп ерік-жігерін желкен етіп, күш салғандар әрине мақсатына жетті. Оларды басқалардан оқ бойы озып шыққанынан-ақ аңғардық. Негізгі жарыс солардың арасында қызды. Желдей жүйіткіген желаяқтарды полиция мен «Жедел жәрдем» көлігі сүйемелдеп, мәреге дейін бірге ілесті.

Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпазы  Жазира Сәрсенғалиева «Қазағым» әнін орындаған соң, ашық аспан астында марафонды аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов қорытындылап: – Барша қазақстандықтар үшін бүгін өте маңызды күн. Міне, сіздермен Қазақстан халқының бірлігіне орай ұйымдастырылған «Бірлік жүгірісі-2025» марафонында бас қостық. Сіздердің тараптарыңыздан жақсы көңіл-күйді, жеңіске деген жігерлеріңізді байқадық. Марафон – тек қана спорттық сайыс емес, халқымыздың татулығының, ынтымағының, ауыз біршілігінің нақты көрінісі. Оған осы жарыста тағы бір мәрте көзіміз жетіп отыр. Барша қатысушыларға алғыс айтамын, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын, – жеңімпаздарға медальдар мен дипломдар табыс етті. 

«Бірлік жүгірісі -2025» марафоны қорытындысымен І орынды ерлерден Нұрасыл Өтегенов алды. Ердәулет Әминұлы мен Алтынбек Ғалымжанов ІІ және ІІІ орындарды иеленді. Төртінші және бесінші болып келген Нұргелді Марданов пен Данияр Санағалиев. Қыздар арасынан І орынды Айдана Жеткіншекова олжалады. Үміт Меңдіғазиева екінші, Гауһар Сатанова үшінші орындарды еншіледі. IV және V орындарда Аягөз Қисмет пен Ұлбосын Салахишева. Барлығына да алған орындарына сай медальдар мен дипломдар табысталды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT