Жазықсыз жапа шеккен нұржаулықтар

(0 Votes)

Стамғазы бабамыздың әкесі Ақбота Теңіз ауданының Нұржау округінде дүниеге келген.

Ақбота атамыздың азан шақырып қойған аты Оразаақи болатын. Ол өте өнерлі домбырамен өлең айтатын, күй тартатын, сөзге шешен, пайым-парасаты мол жас жігіт болып өсіпті. Киім киісі, жүріс тұрысы жұрттан өзгеше, өзі көрікті, салиқалы, әдемі бала жігіт екен. Ойын-тойларды басқаратын асаба да бар көрінеді. Ақжібектен көйлек, зерлі ақ шапан, үкілі ақ төбетай киіп, домбырасын ақ киізге орап, ақ атқа мініп жүретін оның сал-серілігі бөлек-ті. Зергерлік өнерден де құралақан емес, күмістен, алтыннан сырға, сақина, білезік, жапсырма соғып жеңгелеріне сыйға тартады екен. Онысына риза болған жеңгелері сол кездегі салт бойынша кайын інісіне Ақбота деп ат қойыпты. Содан кейін туған-туысқандары, көрші-қолаң бәрі азан шақырып қойған атын атамай, Ақбота деп атап кетіпті. Ақбота атамыз бен Меңдіқыздан Стамғали, Сейтқали, Молдағали атты ұрпақтарының да тегі Ақботин болып жазылып кеткен. Мұны туыс болып болып келетін ауданға белгілі азамат Ғилман Құспанов айтқан еді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Ақботаның үлкен ұлы Стамғазы да елге сыйлы, бармағынан бал тамған шебер адам болған. Алтын-күмістен зергерлік бұйымдар, онымен қоса киіз үйдің кереге, шаңырық, уық, сықырлауық сияқты құралдарын жасаған. Қайыс илеп, қамшы өріп ат әбзелдерін де жасап, ағайын-тумаларына тарту етіп отырған көрінеді. Осындай өнерлі жігіт Стамғали татар қызы Сақыпқа үйленіп, 7 ұл дүниеге әкеледі. Құмар, Махмуд, Халит, Салауат, Құспан, Мұғал, Зәки, бұлардың бәрі де өте еңбекқор, көзі ашық білімді, тәрбиелі азаматтар болып өседі. Заманының өзгерістерін оң қабылдап, сол кездегі Кеңес үкіметіне адалынан қызмет етуге тырысады. Алайда, тағдырдың жазмышы ма солай ма зорлықтың, зомбылықтың, әкімшілдіктің, жала жабудың құрбаны болып кете барады. 1930 жылдардағы серіктестікті құруда елде жаппай байларды, орта шаруаларды комплекскілеу, ит жеккенге айдату, еріксіз серіктестікке мүшелікке тарту сияқты науқан талайдың басына бұлт үйірген еді. Қарсы келгендерді «сен тап жауысың, халық жауысың, діншілсің, контрасың, Совет үкіметіне қарсысың» деген жала жабушылық кең өріс алады. Оның үстіне алым алу, салық салу көбейіп, елден ет, май, жүн, тері-терсек, сүйек, мүйіз, тұяқ жинау, жылан аулау, иттің, саршұнақтың терісін орталыққа тапсыру талап етілген болатын. Оны тапсыра алмаған адамдар сөзсіз жазаланатын еді. Сол кезеңде шолақ белсенділер, әй-шәйді білмейтін әпербақандар қаптап кетіп тыныш жатқан елдің шырқын бұзды. Ел адамдары бір-бірімен, жақын туысымен, тіпті бала әкесімен, ана қызыменен шүйіркелесіп сөйлесуден қалады. Мұның соңы ағайын арасындағы алауыздыққа әкеліп соқты. Ата-баба дінін ұстануға, Құран оқытуға, діни жоралғылар жасауға тыйым салынды. Талай жазықсыз жандар құрбан болды, ақ-қарасы ажыратылмады. Сөйтіп, талай асылдарымыз бен абыздарымыз көзі құртылды.

Нұржау ауылының ақсақалдары 1936-37 жылдары ораза айында елді алаңдатқан осы жағдайларға байланысты құдайға ақсарыбас атап, Құран оқытуды, Ораза айтын атап өтуді орынды деп ұйғарысады. Осы ойларымен ауылдың имамы Боранқұлдың Қапарымен ақылдасуды жөн көреді. Ол діни сауатты,салиқалы ел арасында беделді болатын.

i

- Айтуларың дұрыс, - деді Қапар молда ақсақалдарға қарап, - оның арты не болмақ, белсенділер білсе әлегімізді аспаннан келтірмей ме, әншейінде қарап жүрмейтін шойын жүректілер оны сезсе жерден жеті қоян тапқандай қуанбай ма?

- Ораза айында құрбан шалсақ шейітпіз. Үкімет жолына қарсылық білдіріп отырған жоқпыз. Халық тыныштығы мен бірлігін сақтауға тілегімізді білдіру ғой, - деді Стамғали атамыз.

Басқалар да «әумин» деп қоста» кетеді.

Ертеңіне ауыл ақсақалдары Ұзынаралдың күншығыс жақ төбесінің басында кеңестер құлатқан мешіттің оң жақ қабырғасында отырып, діни жоралғыны өткізеді. Оған біраз адам жиналып, құдайы тамақтан дәм татып, игі тілектерін арнап бет сыйпасты. Алайда, Қапар молда атамыздың айтқаны айдай келеді. «Іздегенге сұраған» болып шығады. Әпербақан шолақ белсенділер бұл жағдайды ауыл советіне, партия ұйымына, аудандық НКВД аудандық бөліміне, одан облысқа дереу жеткізіп, шала бүлінеді де қалды.

Не керек бір түн ішінде сегіз бірдей ауылдасымыз НКВД түрмесіне тоғытылады.

1. Боранқұлов Ғапур 1839-1938жж

2. Ақботин Стамғазы 1860-1938жж

3. Ақботин Халит 1902-1938жж

4. Ақботин Салауат 1905-1938жж

5. Құсайын Мұзафар 1871-1938жж

6. Салиев Сейтқали 1864-1938жж

7. Сағындықов Нұрғали 1870-1938жж

8. Еспембеотв Мүсіреп 1862-1938жж

Оларға жоғарыда аталған жалалармен қатар, жапонның шпионы дегені қосылып атылып кете барады.

Осыдан кейін Нұржау ауылында қорқыныш, үрей ауыл-елді аралап, шаңырақты шайқалтты. Асыра сілтеудің қара қайғылы қылышы қынабынан суырылып, әрбір зерделі азаматтың кеудесіне қадалды. Сол күндерден бастап, Қапар молда ауылына, Ақбота ауылына, Мүсіреп ауылына адам қатыспайтын, көршілері көшіп, ыдырап, елдің берекесі кетті. Әрбір ұсталған халық жауы қамытын кигізген аталарымыздың үйін тінтіп, дүние мүлкін далаға лақтырды. Пайдалысы болса өздеріне алып, мұраттарына жетті. Қапар молда үйін тінтігенде Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың еңбектері мен діни кітаптар тапқанда қолдарын шапалақтап, жоғары жаққа жағынудың жолы табылғанына қуанысты. Міне, атларымыздың зұлмат жылдар жалмаған тағдыры.

Біз кейінгі ұрпақтар заманымыз тыныш, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өмірде ғұмыр кешудеміз. Ондай заман енді қайталанбағай. Жазықсыз жапа шеккен аталарымыздың иманы жолдас болғай. Осы орайда нұржаулықтар жазықсыз жапа шеккен аталарымызды мәңгілік есте сақтау мақсатында ауылдағы саябақ төрінен мәрмәр тасқа алтын әріппен жазылған ескерткіш оранатылды. Оған қосымша Нұржау ауылдық округ шешімімен көше аттары берілді. 1997 жылы Елбасының пәрменіменен 31 мамыр – қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Әр жыл сайын осы күні жазықсыз жапа шеккен аталарымыздың ұрпақтары ескерткішке келіп, құран оқып, үлкен тәрбиелік мәні зор жұмыстар істеледі. Бұл дегеніміз кейінгі ұрпақ ата-бабаларын ұмытпай, рухтарына тағзым етіп жүргенінң белгісі емес пе?!

«Ал ағайын, қазақтар!

Бір-бірімізді сатпайық,

Бір-бірімізді атпайық.

Бит болып кіріп балақтап,

Ит болып бір-бірімізді қаппайық.

Ата-баба даңқын сақтайық,

Анамыздың ақ сүтін ақтайық.

Қасым ханның қасқа жолымен,

Есім ханның ескі жолымен,

Нұрсұлтанның нұрлы жолымен,

Тәуелсіз, егеменді, мәңгілік ел болайық!»

Әумин!

Мәдениет ХАРИСТЕГІ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521