Дана халқымызда «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деп тектен тек айтылмаса керек-ті. Дінді ұстануда кеткен қателік адамның тағдырын түбегейлі өзгертіп, қателіктерге ұрындыруы әбден мүмкін.
Дін – ақиқаттың, ізгіліктің шырақшысы, қоғамды бүлікке емес, бірлікке бастаушы ілім. Сондықтан да жат ағымның жақсылыққа апармайтынын біле жүргеніміз жақсы. Осы мақсатта ауданымызға іс-сапармен Атырау облысы Дін істері басқармасы ақпаратты талдау орталығының аудандармен жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Дәурен Мұхамбетәлиев және «Жәрдем – Атырау» корпоративтік қорының теолог маманы Жасұлан Бағытжанов келіп, «Руханият – ұлттық тұтастықтың кепілі» тақырыбында мемлекеттік қызметшілермен жиын өткізді.
Аудан әкімінің орынбасары Гүлнәр Хасанова басқосудың мақсат-маңызымен таныстырған соң теолог Ж.Бағытжанов жат ағымдардың тарихы, таралуы, оның зардабы мен салдары жайында кең түсініктер берді. – Ислам - бұл тыныштықты бұзу үшiн емес, теріс пиғылды тыю үшiн жiберiлген мейірім діні. Ата-бабаларымыз да сан ғасыр бойы дәстүрлі дінді өмiрлеріне негізгі діңгек етіп ұстанып, ауызбiршiлiкпен бейбiт ғұмыр сүрiп келдi. Жат ағымдар деген ұғым қазақ даласында күнi кешеге дейiн болмаған. Бар қазақ бiр дiндi, бiр мәзһабты ұстанып келдi, сенiмi де, мақсат-мүддесi де бiр болды. Ендi бүгiн әлемде жат пиғылды ағымдар көбейіп, дiнiмiзге әртүрлі жаман атаулар таңылуда. Қазақтың дүниетанымына сай келетін Әбу Ханифа мәзһабын мойындамай, жоққа шығарғысы келетіндердің әрекеті байқалады. Ал, сондай жатпиғылды ағымдардың шырмауына түскен бауырларымыз хақ дін мен ағымның арасын ажырата алмай адасу жолына түседі. Жат ағымдармен күресуіміз үшін ең алдымен діни сауатымызды арттырумыз қажет. Жалпы олардан келер қауіп-қатерді жеткізе білсек жастар да, өзгелер де олардан бойын аулақ салады. Жат ағымның ұстанушылары көбіне ауылдан қалаға келген жастар арасында кеңірек таралды. Дінге бет бұрған жастар құран, намаз туралы ақпараттарды мешіттерден емес, көшеден, бейсауыт адамдардан алады. Тіпті интернеттен де алып, пәлеге ұрынып қалып жатады. Онда сәләфилік идеологияны насихаттайтын түрлі сайттар бар екені белгілі. Онымен танысқан адам адасып кеткенін біле алмай да қалады. Жалпы жат ағым жетегіне түскен адам бірден өзгере бастайды. Мәселен, сырт келбетін өзгертуден бастап, әрбір сөзінде «ширк», «бидғат», «куфр» сияқты діни терминдерді қолданып сөйлейді. Әйелдерін, қыз балаларын тұмшаландырып киіндіріп, өзгелердің көзіне түсулерін шектейді, - деп бұл бағыттағы жалпы түсініктерді жиналғандарға жеткізуге тырысты.
Келесі спикер Д.Мұханбетәлиев ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 453 және 490 баптарында көзделген құқықтық жауакершілікті қаперге берді. – Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзғандарға діни жоралғыларды, рәсімдерді немесе жиналыстарды өткізудің белгіленген тәртібін сақтамағандар жатады. Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде, діни білім беру ұйымдарында, арнайы рұқсаты берілген орындарда таратылады. Атырау облысында осындай 21 нүктеде таратуға, сатуға рұқсат етіледі. Бұл кез-келген жерде жүзеге асырылмайды дегенді білдіреді. Осы Кодекстің 490 бабының 1 де 4 тармағы бойынша ғибадат үйлерін салуға, үйлерді ғибадат үйлері етіп қайта бейіндеуге жергілікті атқарушы биліктің рұқсатынсыз жол берілмейді. Көзделеген талаптарды бұзғандарға түрлі есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлдар салынады, - деген ол осы мәселедегі басқа да заң бұзушылықтарға қарастырылған жауаптылықты атап өтті.
Осындай түсіндіру кездесулері аудандық полиция бөлімі, Ақкөл шекара бекеті, «Серпер сауда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, аудандық орталық аурухана сияқты еңбек ұжымдарында, Ақкөл, Теңіз, Бірлік, Сафон ауылдық округтерінде өткізілді.
Айбек НӘЖІМОВ