Жас нәрестенің жоралғылары

(0 Votes)

Кіндік кесу – абыройлы іс

КІНДІК ШЕШЕ –қазақтың салтындағы үлкен бір сыйлы ана. Сондықтан да кіндік шеше баланың екінші анасы болып саналады.

Жайсаң жанды, көрегенді аналарға ғана баланың кіндігін кестіреді. Өйткені бала кіндік кескен адамға тартады, кіндік апасы қандай болса, бала да дәл сондай болады деп ырымдайды. Баланың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, ақылы, адамгершілігі, еңбекқорлығы кіндік шешеге тартады деген түсінік бар. Қазір біз сәбиді перзентханадан алып шыққан адамды «кіндік шеше» деп жүрміз. Ал оның негізгі міндетін дәрігер-акушер атқарады. Бүгінде кіндік шеше перзентханадан сәби көтеріп шыққанына мәз болып жүр.

Бұрынғы кезде қазіргідей перзентхана болмағанын ел біледі. Аналарымыз үйде босанған. Келіннің бойына шарана бітіп, аяғы ауырласа енесі балаға кіндік шеше іздестірген. Сонымен қатар, әйелдің ай-күні жетіп, толғағы басталған уақытта ауыл әйелдері сол рәсімге қатысуға таласатын болса керек. Бірақ, кез келген адам оған лайық деп танылмаған. Қолынан іс келетін, көпке сыйлы, текті әулеттен шыққан, ұл-қыз өсіріп отбасының ұйытқысына айналған ұлағатты ақжаулықты ғана баланың екінші анасы атанған. Себебі, халқымыз кіндік кесуді абыройлы іс деп қараған. Ал, үй үлкендері оған ырым бойынша кәде-сый жасап, алғыс білдірген. Осыдан-ақ, бала өмірінде кіндік шешенің орны ерекше екенін аңғаруға болады.

Итжейде тігіп, қалжа жегізген...

Осылайша, дүниеге келер нәрестеге алдын ала тағайындалған кіндік шеше баланың кіндігін өткір пышақпен немесе сапты шағын айбалтамен кескен деседі. Кіндік шеше өзі кіндігін кескен баланың өмірлік жолында қамқоршысы, тәрбиешісі әрі анасынан кейінгі жақын адамы болған. Бала ер жетіп, үйлі-баранды болғанда да кіндік шешесі өзінің ақыл-кеңесін айтып, қамқорлығын көрсетіп, қолұшын созып отырған. Тіпті баланың алғашқы киімі саналатын «итжейдені» де осы жандар тіккен екен. Киімнің бұлай аталуы жайында қызық аңыз бар. Алла Тағала адамның мүсінін жасағанда, оның кіндігінен алынған бір шөкім балшықтан итті жаратады.

Иттің үнемі адамнан айырылмай, қайда барса да, иесінің мал-мүлкін қорып, адамға серік болып жүретін себебі сол екен. Алғашында оның терісі түксіз, жалаңаш болыпты. Адам ата жаралған соң, оны қырық күн, қырық түн ит күзетіпті.

Ібіліс адамға жақын келіп: – Алла сені несіне жаратқан?! Түрің құрысын! – деп, адамның бетіне түкіріп жіберген екен. Сол сәтте ит адамды қорғап, Ібіліске тап берген. Ібіліс итке ашуланып, қаһарын төгіпті. Ібілістің қаһары асып түсіп, ит тоңып өлген көрінеді. Алла тағала иттің ерлігіне риза болып, оны қайта тірілтіп, денесін жүні қалың терімен қаптайды. Адамның шаңырағынан мекен береді. Оларды бәле-жаладан, қауіп-қатерден құтқарып, қорған болады. Жаңа туған баланы да пәле-жәледен қорғасын деп иткөйлек кигізіп, ырымдау содан қалыпты.

Иткөйлекті бала қырқынан шыққанша кигізеді. Бұрынғы кезде дауға барған адамдар, жауға шапқан батырлар баласының итжейдесін қойнына тығып, өзімен бірге ала жүрген. Себебі, «иткөйлек қауіп-қатерден, пәле-жаладан сақтайды» деп ырымдаған.

Бүгінгілер әдемі сый-сияпат жасағанына мәз

Қазіргі таңда екінің бірі «мен кіндік шеше болдым» деп жатады. Бірақ осы қасиетті ұғымның қадірін кетіріп, астарына мән бере бермейтініміз өкінішті. Себебі заман көшіне ілескен біз де баламыздың кіндігін бүгіндері кім кесіп жатқанынан бейхабармыз. Әйтеуір кіндік шешенің қызметін перзентханадағы дәрігерлер атқарып жүр. Ол орыс па, қазақ па, басқа ма – беймәлім. Баланың кіндігі түскеннен кейін жасалатын ырымдар да жетерлік. Солардың бірі оның кіндігін адам баспайтын жерге «жемістей көп болсын» деп жеміс ағашының түбіне көметін болған. Ал, қазіргі кезде «оқымысты болсын» деген мақсатпен кітаптың арасына, «өнерлі болсын» деп домбыраның ішіне сақтап қояды.

Қырық күн ана мен балаға қамқорлық жасап, ас-суына жәрдемдесуді де бүгінгі кіндік шешелер өз міндетінен алып тастаған. Ары кетсе, баланың бесік тойы, туған күні, тұсаукесер сынды жиын-тойларда ғана төбе көрсетіп, аста-төк әдемі сый-сияпаттарын дайындап, «кіндік шешелік» міндетін атқарған болады. Олар ең болмағанда «итжейде» тігіп те әуре болып жатпайды. Қалай десек те, жарық дүние есігін енді ашқан сәби, ең алдымен, кіндік шешені көреді. Нәрестенің өмірге келгенін, оның ұл немесе қыз екенін айтып, анасына сүйіншілейтін де кіндік шеше. Сондықтан бұл дәстүр өз маңызын жоймаса екен. Өйткені, қазақтың әр салт-жоралғысы дәлелдеуді қажет етпейтін даналыққа өрілген.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521